Би әрі дала заңгері болған – ұлы Абай атамыз!

Бүгін ұлы Абай Құнанбайұлының туған күні.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының (1845 — 1904) туғанына биыл 2026 жылы 181 жыл! Дәл осы күн 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысымен Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абай күні» деп бекітілген болатын. Міне, содан бері 10 тамыз — қазақ халқы үшін айтулы мереке.

  Абай – қазақ халқының рухани көсемі, ұлы ойшыл, ақын, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, жазба қазақ әдебиетінің ағартушысы, философы, композиторы, аудармашы, саяси қайраткер. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.

Ақтөбе облысының соттары өткен жылы Абайдың туғанына 180 жылдығына орай бірқатар шаралар ұйымдастырды.

2025 жылы Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облыстық сотының төрағасы «Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл мерейтойын атап өту мақсатында өткен жылдың 9-13 маусым аралығына арналған іс-шаралар апталығының жоспарын»бекіткен. Бұл шаралардың мақсаты – судьялар мен сот қызметкерлері арасында ұлы Абайдың әдеби мұрасын дәріптеу, классикалық қазақ әдебиетін оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, Абайдың ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікті арттыру.

         Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің мақалаларында Абай шығармашылығының ұлт болашағындағы рөлін ерекше атап өтіп:«Абайдың идеялары ‑ қазіргі Қазақстан қоғамының басты құндылықтарымен үндес», ‑ деген болатын.

Жоспарға сай апталықтың бірінші күнінде салтанатты ашылу жиыны, әрі қарай «Абай мұрасы – қазақтың алтын қазынасы» атты кітап көрмесі және Абайдың сүйікті ойыны — тоғызқұмалақ ойыны ұйымдастырылды. Одан кейін апталықтың екінші күнінде сот мамандары мен судьялар қатысқан «Абай менің жүрегімде» атаулы эссе байқауы өткізілді. Үшінші күнінде қалалық және мамандандырылған соттар арасында «Абай – қазақтың бас ақыны» атты сайыстың іріктеу кезеңі өткізілді. Төртінші күнінде облыс аумағындағы сот қызметкерлерінің, ғалым-абайтанушылардың, зерттеушілердің, жастар көшбасшыларының, тіл жанашырларының қатысуымен «Абай даналығы – халық мұрасы»атты семинар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында өткізілді.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан модератор — облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әлібек Ахметов бұл шараның мақсаты — Абайды тек әдеби-танымдық қырынан ғана емес, сонымен қатар би әрі дала заңгері ретінде де танып-білу, жас ұрпаққа керек дүние екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, семинарда Ақтөбе облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы А.Ж.Абилгазина «Абай ережелері» тақырыбындағы баяндамасынан Абайдың «Қара мола» Ережесінің шығу тарихы туралы тың деректер белгілі болды. 1885 жылы Семей губернасиясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше  съезді өткені белгілі болды. Сьезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал  Цеклинский басқарады. Абай өз заманында заң шығарушы ретінде де танымал болды. Абай жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, бұл елдің өзінің ерекшеліктері бар екенін, атадан балаға ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары барлығын, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын алға тартады. Шар өзенінің бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, Абай 100-ден артық баптан тұратын заңды жасайды. Абай қазақтың бұрынғы заңдарын жетік білетіндігін, сонымен қоса орыс заңдарын да терең меңгергенін көрсетіп, осылардың барлығын үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазып шығады.Абай қазақ елінің әдет-салтын, жете зерттей отырып, адам құқын жан-жақты қорғауға белсене қатысады. Осылайша үш күн, үш түн ішінде Қарамола сьезіне арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай жазған қазақтың жаңа заң ережесі қабылданады. Абай болса, осы сьезде  төбе би болып сайланады.

Осылайша Қазақ даласында тұңғыш жарық көрген 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасы Семей облысының Шар бойында, Қарамола дейтін жерінде қабылданған, сондықтан кей деректерді «Шар» ережесі, кейбір мәліметтерде «Қарамола заңы» деп аталып, кейін келе «Билер ережесі» болып аталған.

Бір қызығы, белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектерінде аталмыш құжаттың 73емес, 74 баптан тұратыны да айтылады. Қазан қаласында араб әрпімен басылып шыққан қазақ тіліндегі тұңғыш праволық құжат 1992 жылы қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, Абай журналының №3 санында тұңғыш рет жарияланған болатын. Ресми жарияланған нұсқада 73-бап көрсетілген.

Сондықтан, семинарда қатысқан қатысушылар Абайдың бұл заң ережелері туралы әлі де болса зерттеуді қажет ететініні жөнінде айтты.

Қара мола ережесінің 73 бабы қазіргі Азаматтық іс жүргізу кодексінің негізіне алынғандығын ғалымдардың зерттеулері дәлелдеп отыр.

Бұл Абайдың данышпандығы мен көрегенділігінің, ойшылдығының  тағы да бір дәлелі деп білуге болады.

Жоспарға сай 13 маусымда Қазақстан Халық Ассамблеясы мен әкімдік өкілдерінің, жастар көшбасшыларының, қоғам қайраткерлерінің және тіл жанашырларыныңқатысуымен Хәкім Абайдың 180 жылдығын ұлықтау, Абайдың әдеби және құқықтық мұрасын дәріптеу мақсатында өткізілген апталықтың қорытынды жиыны мен салтанатты жабылу рәсімі өткізілді. 

Жиында алдымен «Абай – қазақтың бас ақыны» атты сайыстың іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен «Абай әлемі» (Ақтөбе қалалық соты мен Ақтөбе облыстық сотынан құралған) және «Хәкім мұрасы» (Ювеналдық сот, әкімшілік құқық бұзушылықтар істер жөніндегі сот пен тергеу сотының құрамасы) командаларының қорытынды сайысы өткізіліп, олардың өнерлерін арнайы шақыртылған әділқазылар құрамы бағалады, олар:   

  • Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы тіл орталығы директорының орынбасары Гүлсайран Төлегенова;
  • Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы;
  • ҚР Судьялар Одағы Ақтөбе облысы бойынша филиалы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағатай Ізтай.

Командалар 5 кезеңнен тұратын таныстыру, Абайдың өмірі мен шығармаларынан блиц сұрақтарға жауап беріп, «Абай дара, Абай дана» атаулы кезеңде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, Абайдың қара сөздерінен кейстік тапсырмаларды шешіп, Абай әндері мен оның шығармаларын орындап, концерттік қойылым қойып сайысқа түсті.

Көпшілік дауыспен жеңімпаз атанған «Абай әлемі» құрама командасының қатысушыларына сыйлықтар табысталып, облыстық сот төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.  

Сонымен қатар, апталықтың осы қорытынды жиынында іс-шараларға белсене қатысып, түрлі байқаулардан жеңімпаз атанған қатысушыларға да облыстық сот төрағасының Алғыс хаты мен сыйлықтар табыс етілді.

Атап айтқанда:

— «Абай мұрасы – қазақтың алтын қазынасы» атаулы кітап көрмесін ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы Шекенова Анар;

— «Абай менің жүрегімде» атаулы эссе байқауының жеңімпаздары, 1-ші орынды иеленген Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Қувандикова Куралай, 2-ші орынды иеленген Хромтау аудандық сотының аға сот приставы Бекенова Бақытгүл, эссенің құнарлығы соншалық мазмұнды болуы себепті жүлделі 3-ші орынды иеленген екі қатысушы Ырғыз аудандық сотының судьясы Альмухамбетов Мирас пен Шалқар аудандық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы Нурудин Ақмаралға тағайындалды.

— Тоғызқұмалақ ойыны бойынша 1-ші орын иегері Ақтөбе қаласының №2 сотының соттар әкімшісінің басшысы Есенғазы Қаламқас, 2-ші орынды Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Мамай Әлішер, 3-ші орынды Қобда аудандық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Карасаев Азамат.

Сонымен бірге, тоғызқұмалақтан «Үздік партия» номинациясын Темір аудандық сотының соттар әкімшісінің басшысы Карагулова Құндыз бен Ақтөбе қаласының №2 сотының бас маманы Бисен Назгүл иеленді. 

Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Абайдың 180 жылдығына арналған ең үздік мақала ретінде алғыс хатпен Департаменттің персоналды басқару бөлімінің бас маманы Берікбайқызы Асем мен Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу соты марапатталды және барлық үздік орынға ие болған қатысушыларға қосымша Абайдың өмірбаянынан сыр шертетін «Абай жұмбақтары» атты кітабы табысталды. 

Жиын соңында қатысушылар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін атқарып, ұлы Абайға тағзым жасап, апталықтың ресми түрде жабылу салтанатын өткізді.

Осы ағымдағы жылы да 10 тамыз Абай күніне арналған жергілікті соттардың шаралары өткізілуде. 

Жалпы Ұлы Абай 170-тен астам өлең  жазды. 56 аударма мен философиялық трактаттар стилінде жазылған 45 «қара сөздің» авторы.  Оның тілі – таза, ойы – терең. «Қара сөздері» арқылы ол өмірдің мәнін, адам болмысының сырын ашты. Әр сөзі – ғибрат. Қанша оқысам да, жаңаша ойға жетелейді.     

Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырды.

Сондықтан, Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамдардың бірі деп білеміз. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуда.

Ақтөбе облыстық сотының мемлекеттік

тілді дамыту бойынша бас маманы

Гүлзия Мақсатқызы

Большинство обладателей государственных грантов выбрали ЕНУ

Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева и в этом...

Мендыбай ага отправился в путь к новому Курултаю: начато испытание длиною в более чем тысячу километров

10 августа известный казахстанский ультрамарафонец Мендыбай Алимгазинов вместе с...

Меңдібай аға жаңа Құрылтайға жол тартты: ұзындығы мың шақырымнан асатын сынақ басталды

10 тамызда танымал қазақстандық ультрамарафоншы Меңдібай Әлімғазинов шәкірттерімен бірге...

Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы

10 тамыз – қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы, философ...