12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

БЕЛГІ

Жамалдың судья болып қызмет атқарып жүргеніне 13 жылдан асты. Өз жұмысының қаншалықты жауапты екенін жанымен сезінетін қазы әр істі мұқият қарауға дағдыланған. Бүгін тіпті үйіне бармай, жұмыс бөлмесіне қонып қалды. Таң бозарып келе жатқанда ғана, көзі ілініп кетті. Түнімен ойын сан сұрақ мазалап, жанына тыныштық бермеді… Шынымен мына істе шикілік көп, күдіктіні қылмыскер деп тану үшін бұлтартпас дәлел керек. Ал мұнда жауаптан гөрі, сауал басым. Жамал өзі жауап таппай қиналған кезде тартпада тұрған Құранды алып, қолын қойып: «Я, Құдай, бұл істің ақ-қарасын ажыратып, әділ шешімін табуға мүмкіндік бер. Біреудің тағдырына балта шабудан сақта» дейді. Бұл оқиғада «3-қабаттың балконынан сыныптасын құлатты» деген қыз кінәлі деп танылған. Бірақ куәгерлердің жауабы әртүрлі, жәбірленуші өтірік айтуы мүмкін бе, әлде біз білмейтін тағы бір құпия бар ма? Осылай ойдың жетегінде отырғанда, кабинетке бойы ұзын, өзі еңгезердей, жасы алпысқа таяған ер адам кіріп келді. Есікті сыртынан бір қақты да Жамалдың жауабын күтпей, ішке кіріп келіп: – Сәлеметсіз бе, Сіз бе, судья Қалиева? – Иә. Сәлеметсіз бе?! Төрлетіңіз! – Менің қызымның ісін сіз қарап жатыр екенсіз, есімі – Әсел Хамзина. Сізге айтайын, менің қызымды балконнан құлатқан мына Анарға барынша ауыр үкім шығарыңыз, түрмеге ұзақ жылға қамаңыз. Қазір менің қызым комада жатыр. Ес-түссіз. Анау Анар түрмеде шіруі керек! Осы сөздерді дауыстап, нық айтып тұрғанына қарағанда мына азамат өзіне тым сенімді секілді. «Бірақ менің жұмысыма араласатын сонша кім?» деп Жамал сөге қарады. – А, иә, Анар Исаеваның ісін мен қарап жатырмын. Бірақ, кешіріңіз, үкімді сіздің қалауыңыз бойынша емес, заң бойынша шығарамын. Менің жұмысыма араласпаңыз! – Қалиева ханым, бұл қалада мені бәрі таниды. Жолдас дегенді естуіңіз бар ма, Алла төбемде тұрса, Анарды түрмеге қамайсың! Болмаса, оның жамандығы сенің басыңа келетіндей қыламын. Осы уақытқа дейін Жамалға талай адам келіп, небір сөздер айтқан. Алғыстан гөрі қарғысты көп арқалайтын қызметте жүргеніне де талай рет өкінген. Түрлі адамдар, үлкені бар, кішісі бар келіп, қарғап кеткен кезде жаны түршігіп, «Құдай-ай, өзің жар бола гөр. Мына кісінің қарғысы өтпесін. Ей, Алла…» деп жалбарынып қалатын. Бірақ бұл жолы неге екені белгісіз Жолдастың қарғысынан да, сұсынан да қорқа қойған жоқ. Керісінше сенімді түрде: – Өйтіп мені қорқытпай-ақ қойыңыз! Алланың бары рас, үкім де соның қалауымен шығады. Дәлелдер не дейді, сол болады. Қазір кабинетті босатыңыз! – деді. Жамалдың сөзі Жолдас мырзаға еш әсер етпеген сияқты. Ол қайтадан қолын төбеге қаратып: «Алла бар болса, Анарды түрмеге қамайсың, болмаса басыңа бәле төнеді», – деп тағы қайталады. Расында, бұл оқиға бірнеше ай бұрын болған-ды. Әсел өзінің 28 жасқа толған күніне орай үйінде кішігірім кеш жасаймын деп ұйғарған. Кешке өзінің жақын достарын ғана шақырды. Арасында құрбысы Райхан, оның жолдасы Досбол, сыныптастары Серік пен Анар бар. 19 тамыз күні сағат 20.00 шамасында қонақтардың барлығы үйге жиналды. Жастық шағы Әселмен бірге өткен Анар да көптен келмеген 19 кв деген жазуы бар сол жақтағы қоңыр есікке аяңдай басты. Біртүрлі, аяғы тартпай тұрғандай ма? Іші бір жамандықты сезсе де, үрейге бой алдырмайын деп шешті… Әуелі үйге Серік «Ассалаумағалейкум» деп дауыстап, көтеріңкі көңіл-күймен кірді. Артынан өзге қонақтар келіп, Әселді туған күнімен құттықтап, бірбірімен амандасып үйдің іші думанға айналды. Қонақ бөлмеге үлкен столға аста-төк дастарқан жайылған екен. Қонақтар кезекпен тілек айтып, тост көтеріп жатты. Шәмшінің әндерін қосыла шырқады. Биге кезек келгенде Райханның күйеуі Досбол туған күн иесі Әселді биге шақырған. Екеуінің тым жақындасып кеткені Райханға ұнамай, Досболдың жанына барып, қолынан бір қақты. Қызды құшақтап әуенге еріп кеткен Досбол селк ете түсті. Әсел де шамданып: – Күйеуіңді тартып алмаймыз, не болды соншама? – деп шап ете қалды. – Райхан! Отыр болды. Біз билеп жатырмыз, – деп Досбол да әйеліне қарсы атылды. Ішіп алған адамда ес болушы ма еді, Райхан Әселді өзіне қарай тартып, күйеуін ары итерді. Екі қыз бір демде арпалысып, төбелесіп кетті. Бұл ұрысқа столда отырған Серік пен Анар да араласты. Сағат 23.00-ге таяған шақта үйдің іші азан-қазан шуға айналды. Шамамен жарты сағаттан соң балкон жақтан қатты дыбыс естіліп, Әсел жерде қимылсыз жатты… Бұл түн сол кеште отырған адамдардың өмірін екіге бөлді. Себебі осы уақытқа дейін доспыз дегендер енді бір-біріне қас адамға айналды. Балконнан құлаған Әсел ауруханада ес-түссіз жатыр, дәрігерлер оның өмірбақи мүгедек болып қалуы мүмкін екенін естіртіпті. Ал Досбол мен Райханның шаңырағы шайқалуға шақ тұр. Тергеуші Қайрат бұл іс тапсырылған күннен жауапкершілікпен қарауға тырысқан. Қылмыс болған үйге бірнеше рет барып, түйінді ашуға болатын ілік іздеді. Жас та болса, іске етек-жеңін түре қарағаны байқалады. Әуелі Серіктің жауабын білмек ниетте оны бөлімге алдырды. – Серік, оқиғаның қалай болғанын айтып беріңізші. – 19 тамыз – Әселдің туған күні болды. Бәріміз жиналып бардық. – Сағат қаншада? Кім, кім? – Шамамен сегізден өте. Мен, Райхан, Досбол, Анар. Жап-жақсы кеш болып жатқан. Бір кезде Райхан мен Әсел қырқысып қалды. – Не үшін? – Досболмен билегені үшін. Оған Досбол да ашуланып кетті. Әйелін ұрып жіберді. Олар төбелесіп жатқанда, балконнан қатты бір нәрсе құлағандай болды. Балконға жүгіріп шықтым, жерде Әсел жатыр екен. – Сол кезде Анар қайда болды? – Менің қасымда.– Райхан мен Әсел төбелесті ме? – Иә, содан кейін Досбол Райханды ұрып тастады. Олар сосын кетіп қалды. Тергеуші бұл жауаптан өзіне бір жәйтті түртіп алды. Сол түні күйеуін қызғанған Райхан мен Әсел төбелескен. Әйеліне ашуланған Досбол оны ұрып тастағанын білді. Демек, Әселге реніші бар адам – Райхан, оның да мотиві болған деп ойлады. Келесі күні тергеуші Райханнан жауап алды. Оның сөздеріне сенсек, Досбол үйге бірден кірмеген.

– 19 тамыз Әселдің туған күніне бардық. Жақсы отырдық, ән айттық, биледік, аздап арақ іштік. Енді қай кеш бұлай өтпейді. Ұрысып қалдық, кейін Досбол екеуіміз он бір жарымда үйге қайтып кеттік. Өйткені біз үйге келгенде сағат түнгі он екіден он минут кеткен, анық білемін. Себебі қызым ояу жүр екен. Әшейінде түнгі он бірден соң ұйықтап қалатын. – Досбол ше, сенімен келді ме? – Иә. – Ылғи сенің жаныңда болды ма? – Ааа, жоқ, үйге жақындағанда «темекі алып келем» деп магазинге кеткен. Сосын келді. – Темекі әкелді ме? – Білмеймін, бірақ үйге келгенде үстінен темекінің иісі бұрқырап тұрды. – Ол Әселге ренжіген жоқ па еді? – Жоқ. Жабысып билеген еді ғой. Белінен еркін қысып ұстатып тұрған қызға еркек неменеге ренжиді? – деп Райхан мырс ете қалды. Бұл жауаптан тергеуші Досбол үйге келмес бұрын Әселге баруы мүмкін деп ойлады. Оның үстіне, көрші үй. Досболдың Әселге қастандық істеуі мүмкін бе? Тіпті, сырттай қарағанда оңай іс болып көрінгенмен, куәгерлер жауабының өзі сан сұраққа жетелейді екен деп ойланып қалды. Қағаздарды ақтарып отырғанда, тергеушіге ауруханадан коңырау соқты. – Сәлеметсіз бе, Қайрат Тұрсынбекұлы! Әсел Хамзина есін жиді. Ескерт деп едіңіздер. Қазір келіп, сөйлесуге болады. Тек 5-10 минут қана. – Ааа, рақмет, қазір барамын. – Көріскенше! Күрмеуі қиын жіптің шешімін табатын болдым деп қуанған тергеуші ауруханаға құстай ұшты. Істі сотқа өткізгенше комадан оянбай қала ма деп алаңдап еді. Құдайдың қарасқаны шығар… Орталық ауруханаға он минутта жетті. Әсел Хамзинаны 20 палатаға ауыстырғанын біліп, ұзын дәліздің соңғы палатасына келіп, есікті қағып ішке кірді. – Сәлеметсіз бе, Әсел! – Сәлеметсіз бе! – Жағдайыңыздың оңалғанына қуаныштымын. Көп уақыт алмайын. Қысқаша не болғанын, сізді 3-қабаттан кім құлатқанын айтсаңыз. – 19 тамыз туған күнімді үйімде жасадым. Серік, Анар, Бағдат, Әсел келді. Райханмен күйеуімен билегенім үшін ұрысып қалдым, Анар мені кінәлап шықты. Екеуіміз төбелесіп қалдық. Сосын ол мені балконнан итеріп жіберді. – Не үшін? – Себебі бұрын екеуіміз бір жігітті жақсы көрдік. Ол Анарды таңдаған. – Қашан, оның бұған не қатысы бар? – Сол кезге дейін екеуіміз жан дос болдық. Бірақ арамызға Арман түскен соң, менің сезімім өшті. Өмірімнің мәні қалмады. Арман бірінші менімен танысқан. Біраз уақыттан соң, құрбыммен таныстырдым. Кейін екеуі мені сатып кетті. Мен екеуіне де ренжідім, мүлде араласпай кеттім. Былтыр екеуі ренжісіп, екі жаққа кетіпті. Анар маған келіп, кешірім сұрады. 20 жыл дос болған адамым ғой деп, қайта табысқанбыз. Бірақ ішімде сол сатқындық кетпей тұрды, ренішім қалды. Сол есіме түсіп, екеуіміз жанжалдасып қалдық. Ол да арақ ішіп алған, мені балконнан итеріп жіберді. Осы кезде: – Кешіріңіздер, Қайрат мырза көп уақыт бөгелмеңіз, – деген медбике әңгімені үзіп жіберді. Тергеуші рақметін айтып, ауруханадан шығып кетті. Сол күні Анарды алдырып, жауап алды. Оның сөзі Серіктікімен ұқсас. Тергеуші бірнеше айдан соң Әсел Хамзинаны балконнан құлатқан Анар Исаева деп істі судьяға жолдаған. Негізгі дәлел – балкон ағашының түсі көк, ал Әселдің ақ жейдесіне сол балконның көк бояуы жұққан, басқа адамдар мүлде балконға шықпағанын айтты. Жәбірленуші де Анарды кінәлап отыр. Іс Жамалға түскенде нақтылық таппаған соң, судья прокурор, тергеуші, адвокат, хатшысын ертіп қылмыс болған үйге бірге баруға шешім қабылдады. Күздің соңғы айы болғандықтан да, дала түнеріп-ақ тұр. Ауа-райы қара суық, ызғарлы. Бас киімсіз шыққан Жамал тоңып қалды, пальтосы да жұқа екен. Тезірек үйге жетсек деп келе жатыр. Себебі, жүргізуші үлкен трассадан тастап кетті. Айналасы 5 минуттың ішінде көпқабатты үйлердің ортасына жетіп қалды. Іздеген 37 үйдің 3 қабатына көтеріліп, 19-пәтерге аяқ басты. Есікті Әселдің інісі ашты, қазір мұнда ешкім тұрмайтынын, тек бұлар келеді деген соң ғана келгенін айтты. Келгендер бөлмелерді аралап, көзге күдікті нәрсе ілінер ме екен деп үйдің әр бұрышына үміттене қарайды. Бәрі де жауапты болғанымен, негізгі жүк судьяның мойнына артылады емес пе?! Сондықтан Жамал асықпай отырды. Іштей: «Үйдің іші баяғыдай екен, жиһаздары, теледидары, тіпті ыдыстары да көне. Небәрі 28-ге толған қыз тұрды. Ол қызға ескі естеліктермен өмір сүрген ұнай ма екен? Я, Алла, менің пешенеме біреудің тағдырын шешуді бұйыртқан екенсің. Әділ болуыма жол көрсет. Сенің пендеңмін, маған көмек бер. Менің өмірім – сол судьялық, басқа ештеңе де жоқ. Сондықтан осы жұмысымды адал атқаруыма күш-жігер бер, сана мен ой бер. Я, Алла…», – деп орнынан тұрды. Сол мезетте қасындағы әріптестері балконға кезекпен шыға бастады. Жамал да балконға аяқ басқаны сол еді, басы айналып, көзі төңкерілгендей жүрегі айнып кетті. Жаны қиналып жатып «жаман жерге салған екен мына үйді» деп ойлады. Бір сәтте «дәл қазір осы балконнан құлап кетемін» деген қорқыныштан өне бойы дірілдеп кетті. Қалшылдап хатшысына «Әсем, жаман боп тұрмын. Үйге кіргізші» деп айтуға ғана шамасы келді. Ол қолынан ұстап, үйге кіргізді. Қалай үйге кірді, жаңағы Жамалдың бойын билеген ауру мен үрей сап тыйылды. Жүрегі айнымағандай, басы да айналмағандай көзі шайдай ашылды. Тіпті, балконға шыққанға дейін қалай қалыпты жақсы күйде жүрді, сол жағдайына оралды. Бұл сәтті Жамал көпке дейін ұмытқан жоқ. Бірақ ол кезде не болғанын түсінбеген еді. Тек кешкісін жұмыстан қайтар жолда «Құдай маған балконнан құлаған Әселдің сол кездегі кешкен күйін көрсеткен екен. Яки ол өзі құлаған болуы керек, себебі ол да арам судан ішіп, мас болған. Оның үстіне, күдіктінің де бойы сол шамалас, оның итеруге күші жете қоймас. Демек, істі қайта қарау керек. Мен нақақтаннақақ жас қыздың өміріне балта шаппаймын», – деген қорытынды жасап, істі тергеуге қайтарып жіберді. Біраз уақыттан соң іске өзгерістер еніп, шындықтың беті ашылды. Дүкенші Досболдың дүкенге барғанын, темекі алғанын растапты. Сонымен қатар, 2 қабаттағы көрші Зинаида апай да Ресейден келіп, оқиғаның қалай болғанын баяндап беріпті. Ол бір адам бар екпінмен жүгіріп барып өзі жерге құлағанын айтқан. Әсел Хамзина мас күйінде құлап кетіп, осы сәтті пайдаланып Анардан кек қайтармақшы болған. * * * Осы оқиғадан соң, біраз жылдан кейін орталық базарда ет алуға келген Жамалды сыртынан бір келіншек қапсыра құшақтап: – Сәлеметсіз бе?! – деді қуанышты дауыспен. Гүлді ұзын көйлек киген әйелдің қасында ерткен кішкентай баласы бар. Жамалдың танымағанын байқаған ол: – Мені танымадыңыз-ау деймін, мен Анар Исаевамын. Сіз мені ақтап, өмірімді жалғастыруға мүмкіндік бердіңіз. Соттан кейін сізді көрмедім. Міне, тұрмысқа шықтым, қазір екі баланың анасымын. Рақмет, егер сіз болмағанда өмірімнің қалай өзгеретінін елестету қиын еді, – деді. – Иә, енді есіме түсті. Өте қуаныштымын. – Жүріңіз, сізге бір шәй әперейін? – Жақсы. Осылайша базарда кездейсоқ кездескен екі әйел аяңдап кетіп бара жатты. Осы кезде Жамал бұл өмірге бекер келмегеніне, қызметтік, бәлки өмірлік міндетін абыроймен атқарғанына шүкіршілік етті…

Сабылған, сапылысқан өмірде өз тағдырыңды реттей алмай дал боласың… Кім жақсы, не жаман, не істеймін деген сан сұрақтан тұратын бұл дүниеде өмірдің мәнін тапқан адам жоқ шығар?! Сенің қолыңда өзге адамның өмірі тұрса не істейсің? Міне, сол қиын. Адамның тағдырына шешім айту үшін жүрегің де, болмысың да таза болуы керек емес пе?! Ал сіз өзіңізді арлы адаммын деп айта аласыз ба?…

Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...