Әрбір судья Президент Жарлығына сай сот құрылымына қабылданғаннан кейін қызметке кірісер алдында «Өз міндеттерімді адал және абыройлы атқаруға, сот төрелігін Қазақстан Республикасының Конституииясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретіндегі борышым міндеттегендей бейтарап және әділ болуға салтанатты түрде ант етемін» деп ант береді. Осы антта көрсетілгендей судья төрелік жасағанда адалдық мен биік абыройды, заңдылық пен бейтараптықты, сонымен бірге әділдікті басшылыққа алуы тиіс. Бұл – тура төрелікті қалыптастыратын маңызды элементтер.
Соның ішінде «Бейтараптық» таныту – төрелік алаңындағы тараптар теңдігіне жол ашатын, судьяның екі жаққа та бірдей қарайтынын көрсететін белгі. Расында да, судья қандай істі қараса да көңіл-күйдің жетегінде кетпей, ішкі толқынысын жасырып, қандай жағдайда да салқындылық танытуға міндетті. Бұл Судьялардың әдеп кодексінде де нақтыланған. Өйткені, заңдылықтың салтанат құруын сенім артқан азаматтар судьяның істі әділ, сауатты, сапалы қарағанын қалайды. Мұндайда судьяның от процесіндегі өзін-өзі ұстауы, дауыс ырғағы, көзқарасы, азаматтарға көңіл бөлуі – тұтастай көпшілік назарында тұрады.
Соттағы бейтараптықты қамтамасыз ету аса маңызды. Азаматтар мен бизнес-қоғамдастық әділетті және бейтарап сот әділ төрелік жасайды деп сенеді. Соған орай судьялар шешім шығарған кезде өздерінің жеке қалауына сүйене отырып, ерікті түрде әрекет етпей, заңды қатаң сақтауы керек. Жеке тұлғаны қорғау контекстінде бұл судьялардың адам құқықтары саласындағы мемлекетішілік және халықаралық нормаларды сақтау жауапкершілігін де білдіреді.
Судьялардың бейтараптығы мен сот процесіндегі ұстамды әрекетіне қарап қоғамның сот жүйесіне деген сенімі нығаяды. Бейтараптық – демократиялық, зайырлы қоғамның ажырамас бөлігі. Судьялар бейтараптық танытпаса құқықтық мемлекеттің негізі бұзылады және қоғамның әділеттілікке сенімі кемиді. Осы ретте судьяларға теріс әсер ететін және толық бейтараптықты сақтауына кедергі келтіретін бірнеше факторды атап өтуге болады. Ол біржақтылықпен, жеке сенім және сыртқы қысыммен, сондай-ақ ішкі әсер мен шешімнің салдарынан қорқуға байланысты орын алады.
Әсіресе, бүгінгідей ақпараттық заманда судьялардың бейтараптығына әлеуметтік желілердің, көпшілік пікірінің әсері орасан. Сот шешімі сот залында, судьяның пәрменімен қабылданатыны білгілі. Алайда осы бұлжымас қағиданы түсінгісі келмейтін кейбір азаматтар іс қаралып жатқанда сотқа сырттай қысым жасап, қоғамдық резонанс тудырып, судьяның жұмысына кедергі келтіреді.
Дегенмен жұртшылықтың сынына, жеке басының қауіпсіздігіне, мәнсабының ертеңіне бола судьялар бейтараптықтан бас тартпауы тиіс. Өз шешімін ар мен заңға сүйене отырып қабылдаған судьяға қаншама орынсыз сын айтылып, қолдан кедергі жасалса да, еңбегі бәрібір лайықты бағасын алады.
Осы ретте біздің негізгі Заңымыз – Конституцияда қоғамдағы әділеттілік пен құқықтық тәртіпті сақтауда аса жоғары маңызға ие «судьяның бейтараптығы» түсінігі қарастырылып, шешімін тапса оң болар еді. Бұл тұжырымдаманы Конституцияға енгізу құқықтық дауларды бейтарап және объективті шешуді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болатыны анық. Мұндай жаңашылдық азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға және әркім өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға сенімді бола алатын әділ қоғам құруға көмектеседі.
Данияр Айтбаев,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы