әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) бірі – 16-мақсат аясында студенттер арасында маңызды пікірталас өтті. Іс-шара «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» тақырыбына арналды.
16-мақсаттың негізгі бағыты – баршаға әділеттілікті қамтамасыз ету, бейбіт қоғам құру және инклюзивті, есеп беретін, тиімді институттарды қалыптастыру. Пікірталас барысында студенттер бейбітшілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын талқылады. Олар сыбайлас жемқорлықпен күрес, азаматтық құқықтарды қорғау және сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Қазақстандағы құқықтық жүйенің жетілдірілуіне бағытталған ұсыныстар талқыланды. Бейбітшілік – бұл әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі. Елдер мен қоғамдар тек соғыстар мен қақтығыстардан азат болған кезде ғана тұрақты дамуды қолдай алады. Қарулы қақтығыстардың алдын алу, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, сондай-ақ азаматтық құқықтар мен еркіндікті құрметтеу бейбітшілікке жетудің маңызды аспектілері.Әділеттілікке қол жеткізу үшін құқықтық жүйенің әділ, тең және ашық болуы маңызды. Барлық азаматтар заң алдында тең болып, өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік алуы керек. Коррупция мен сыбайластықтың төмендетілуі, сот жүйесінің тәуелсіздігі және заңның үстемдігі әділетті қоғам қалыптастыруға көмектеседі.Мықты институттар – тұрақты қоғамдардың негізі. Олар қоғамның барлық мүшелеріне қызмет етіп, халықтың сеніміне ие болу керек. Мекемелердің тиімділігі, есеп берушілігі және ашықтығы тұрақтылық пен даму үшін маңызды. Мықты институттар сонымен қатар адамның негізгі құқықтарын қорғау және мүмкіндіктерге тең қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бейбітшілік пен әділеттілікті нығайту, сондай-ақ мықты институттарды дамыту арқылы қоғамдар тұрақты даму жолында сенімді қадам жасай алады. Бұл мақсаттың орындалуы тек үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам мен жеке сектордың да ынтымақтастығын қажет етеді.
Болашағы айқын болар елдің соты әділ болу керек деп санаймын. Сот төрелігі мен сот әділдігі – қоғамның заңдылықтары мен құқықтарын қорғаудың негізгі тетіктері. Бұл институттардың маңызды мақсаты – қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау. Қазақстанның құқықтық жүйесі де осы мақсатқа бағытталған, ал сот төрелігі – мемлекеттің заңдары мен Конституциясына негізделген әділдік принциптерін жүзеге асырудың басты құралы. Сот төрелігі – мемлекеттің заңдарды қолдану арқылы қақтығыстарды шешу, заң бұзушылықтарға қатысты жазаларды қолдану және азаматтардың құқықтарын қорғау процесі. Бұл механизм қоғамдағы тәртіпті сақтау үшін қажет. Қазақстан Конституциясының 75-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек соттар жүзеге асырады. Бұл қағида сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ, әрбір азаматтың заң алдында тең құқықтары бар екенін көрсетеді. Сот төрелігі – қоғамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы негізгі құрал болғандықтан, оның тиімділігі мен әділдігі – мемлекет дамуының маңызды көрсеткіші.Іс-шара нәтижесінде студенттер ТДМ-ның 16-мақсаты бойынша қоғамда туындайтын құқықтық мәселелерді шешуге арналған бірнеше жобаларды ұсынды. Бұл жобалар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және халықтың әділет жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.Мұндай талқылаулар университет қабырғасында тұрақты түрде өткізіліп, жас заңгерлердің кәсіби және азаматтық дамуына ықпал етеді.
Ахатов У.А
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессор м.а., з.ғ.к..,
Абжапарова Ф
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің 2 курс магистранты.