12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«БАТЫЛДЫҚ жүректе…»

Біздің жақтың қысы қысқа, жазы ұзақ келеді. Сол жылы ақпанда қар кетіп, наурызда күн шуақ шашып, жер бусанып, көк шығып, табиғат жандана бастады. Ауылдың күнбатыс жағында күйген кірпіштен салынған машина-трактор шеберханасы бар. Оны тұрғындар «қызыл гараж» деп атап кеткен. Өткен ғасырдың елуінші жылдары аудан мен облыс басшылары машина-трактор стансасына арнап салдырса керек. Сылақтары түсіп, көнерген  «қызыл гараж» шаруашылық қажетіне жарап тұр. Мұнда бүгін де механизатор жігіттер көктемгі егіске дайындық жұмыс­тарына қызу кірісуде.

Күн бесінге таянғанда шеберхананың ашық тұрған дарбазасынан үш доңғалақты «Урал» мотоциклі екпіндей кіріп, орта тұсына жете бере кілт тоқтады. Механизаторлар елең етіп, бейтаныс жандарға тосырқап, аңтарыла қарады. Мотоциклде еуропалық нәсілден екеу отыр. Рульде еңгезердей бұжыр бет, қоңқақ мұрын. Арқасына «винтовка» асынып алған. Шегір көздері қанталап, жел қағып тотыққан өңі көнтеріленіп кетіпті. Рульдің тетігін бұрап-бұрап жібергенде, моторының шар-шар еткен ащы үнінен құлақ тұнып, шебархана ішін қолқаны қапқан көкала түтін басып кетті. Ол моторды өшіріп, шөккен түйедей денесін зордан көтерді. Жел шайқаған нән ағаштай теңселіп тұрып, сырт киімін шешті де шаңын бұрқ еткізіп, артқы орындыққа арта салды. Мотоциклдің қорабындағы басы кеудесіне түсіп кеткен серігін иығынан жұлқылап:

−Киселев, оян… Көзіңді аш… Келдік.., − деді қарлыққан үнмен гүж етіп.

Анау қорапта отырған күйі тағы да басы бұлғақтап, жан-жағына теңселе көз тастады.

−Калбиттер көрінбейді ғой.

Бұжыр бет қоңқақ мұрнын тыржитып, жирене қарап, зеки сөйледі.

−Киселев,  көзіңді шел қаптаған екен. Алдыңдағы жабайыларды шынымен-ақ көрмей тұрсың ба? Ормандағы маймылдар секілді тракторларының асты-үстінде қыбырлап жүр әне. – Ол бірі кабинадан, бірі трактор маторының астынан «Бұлар кімдер? Қайдан жүр?» дегендей таңырқай қарап тұрған механизаторларды иегімен меңзеді.

Сонда ғана оларды көзі шалған Киселев жемтігін көрген жыртқыштай ұйқысы бірден ашылып, көкшіл көздері от шашып шыға келді.

Ол мотоциклден түсіп, механизаторларға қарай теңселе басты.

−Қане, калбиттер, жұмысты қойып сапқа тұрыңдар. – деп  шаңқ етті.

Механизаторлар мұндай тосын жайды күтпесе керек. Салған жерден ештеңенің байыбына бара алмай сос­тиып, жұмыс орындарынан қозғала қоймады. Анау ащы даусымен бұйрығын тағы қайталады. Әлі де ештеңені түсіне қоймаған жігіттер бір-біріне қарап, иықтарын көтерді.

Алексей иығынан винтовкасын алып, ұңғысын жоғары қаратты да  шүріппесін басып қалды. Гүрс еткен жойқын үн гараж ішін кернеп кетті. Төбедегі қаңылтыр шатыр алақандай болып ойылып қалды.

−Қане, калбиттер, бұйрықты орындаңдар. Әйтпесе жандарыңды жаһаннамға жібереміз, − деді  бұжыр бет жекіп.

Әлі де ештеңенің байыбына бара қоймаған жігіттер қозғала қоймады. Винтовка тағы да гүрс етті. Төбелерінен аждаһаның үніндей ысылдап өткен оқ шеберхананың қабырғасына тиіп, шаң бұрқ етті де, дәу жұдырық сиятындай ойық пайда болды. Жігіттердің өңдері қашып, тіксініп қалды. Бұжыр бет табалап, қарқылдай күлді.

−Құлақтарың ашылды ма? – Күлкісін сап тыйып, өңі лезде сұрланып шыға келді. – Біз сендермен әзілдесуге келген жоқпыз. Тағы да бір минут уақыт беремін. Індеріңнен шығып, алдымда сапқа тұрмасаңдар өз обалдарың өздеріңе. – Қаруының ұңғысына саусақтай оқ салды.

Үрейге бой алдырған жігіттердің жігері жасып, одан әрі қозғалмай тұра беруге дәттері жетпеді. Қолдарындағы құрал-саймандарын жерге қойып, сүйретіле басып, алаңқайға жинала бастады.

−Уақыт бітті. – Бұжыр бет түрілген жеңін түсірді. – Киселев, тракторлардың арасын шолып шық. Тығылып отырғаны болса, менің алдыма алып кел. Шыбын жанын көзіне көрсетейін.

Анау техникалардың ара-арасымен қисалаңдап жүріп, тінти бастады. «Қоян, сен қайда тығылып қалдың? Қане ініңнен шыға ғой», − деген қуақы үні мен артынша бейберекет айтқан былапыт сөздері, кабина есіктерінің ашылып жабылғандары естіліп жатты. Қайтып келіп:

− Алексей, калбиттердің бәрі осында, − деді масаттана ыржиып.

Бұжыр бет күртешесінің жан қалтасынан шылымын алып тұтатты. Шоғыр­ланып қалған жігіттерге ақшия қарап:

−Сапқа тұрыңдар, − деді өктем үнмен қаруын кезеніп. Жігіттер қатар түзеді. Бұжыр бет серігіне: 

−Киселев, мына жабайыларды сана.

Ол ұзынды-қысқалы жігіттердің әр қайсысына сұқ саусағын кезеп, санап шықты.

−Алексей, түйедейі бар, торайдайы бар бәрі тоғыз.

Бұжыр бет шылымын үсті-үстіне сорып, көк түтінді дорбадай аузы мен делдиген мұрнынан будақтата шығарды.

−Калбиттер, енді сендердің тағдыр­ларың біздің қолымызда. Сендерге қоятын үш талабымыз бар. Бірінші, қалталарыңда қанша ақша бар, бәрін шығарасыңдар. Екінші, жиырма консерві, отыз қорап шылым, бір жәшік арақ табасыңдар. Үшінші, мотоциклдің багін жанармаймен толтырасыңдар. Осы үшеуін тез әрі бұлжытпай орындасаңдар біз сендерді дін аман босатамыз. – Ол шылымының тұқылын түкіріп тастады. Қатар тұрған жігіттерді ызғар шашқан көзімен жағалай шолып шығып, үзілген сөзін қайта жалғады.

– Ескертемін, талапты орындамасаңдар, жазаның ең ауырын қолданамыз. Бәріңе түсінікті ме?

Орынбасар сол жағында тұрған Жолдасқа:

−Ал орындамасақ ше?.. – деп күңк етті.

−Онда бұлар бізді атып тастаудан да тайынбайтын шығар. – Жолдас қаймыққан шырай танытты.

−Екінші талабын орындау мүмкін емес, − Орынбасар сыбырлай сөйледі.

−Амал қанша. Жағдайымызды айтсақ, дүкенші де түсінер. Ақшасын кейін айлық жалақымыздан жинап берерміз. – Жолдас көнгендей сыңай танытты.

Бұлардың күбірін естіп қалған бұжыр бет жалт қарап, қабаған иттей арс етті.

−Өз тілдеріңде мыңқылдамай, орысша сөйлеңдер, – деді тістеніп.

Киселев екілене дауыстады.

−Калбиттер, бірінші талапты орын­дау­ға кірісіңдер.

Серік пен Сайлауда ғана азын-аулақ ақша бар екен. Қалғандары қалталарына қолдарын салған да жоқ. Бұған көңілі толмаған бұжыр беттің түсі сұрланып шыға келді.

−Басқаларыңда ақша жоқ па? – деді арыстандай ақырып. – Мүмкін емес. Қазір тексереміз. Қане, қалталарыңды теріс айналдырып, сыртқа шығарыңдар.

Бәрі солай істеді. Сыртқа салақта­ған қалталардан жерге майда-шүйде болттар мен гайкалардан басқа ештеңе түскен жоқ. Бұл бұжыр беттің ашу-ызасын одан сайын қоздырды. Оларға аш бөрідей шүйлігіп:

−Ендеше екінші талапты орындауға көшеміз. Қазір араларыңнан екеуің дүкенге барып, әлгі айтылғандарды алып келесіңдер. Оған жиырма минут уақыт беремін. Егер содан бір минут кешіксеңдер осындағы кез келген біріңнің жаны жаһаннамға кетеді.

Құдабай жанында тұрған Советті шынтағымен қағып:

−Жолдас екеуің дүкенге емес, байланыс бөліміне барыңдар. Ондағылар аудандық милиция бөліміне жедел хабарласып, мән-жайды жеткізсін, − деді.

Бұжыр бет оларға ажырая қарап:

−Әй, нәлет атқырлар. Не деп оттап тұрсыңдар? Мал емес, адами тілде сөйлеңдер дегенім қайда?– деді ашуға булыққан үнмен.

−Дүкенге кімдердің баратыны жөнін­де келісіп жатырмыз, − деді Сайлау шала орысшасымен тілін бұрай сөйлеп.

−Мен сендерге тағы ескертемін. Өздеріңнің жабайы тілдеріңде сөйлегендеріңді доғарыңдар. Бұдан кейін өз тілдеріңде шүлдірлейтін болсаңдар… – деп дауысын көтере кіжініп, сөз соңын жұтып, сұқ саусағын безеді. Содан кейін басқаларға бұрылды. – Қане, дүкенге кімдер барады?

Алға Совет пен Жолдас шықты. Бұжыр бет сағатына қарап:

−Қазір сағат түскі он екі. Дәл жиыр­ма минутта осы жерде боласыңдар, − дей бергені сол еді сырттан ән әуеніне салған ысқырық үні естілді. Жұрт бұл кім болды екен деп елең ете қалды. Ішке орта бойлы, қатқан қаншырдай тарамыс жігіт кіріп келді. Ол ту сыртын беріп тұрған ана екеуін байқаған жоқ. Ысқырып салған әнін сап тыйып, жігіттерге жымия қарады.

−Ау, солдаттардай сап түзеп не істеп тұрсыңдар? – Қоңырқай үні жарқын шықты. Бір жақ иығына сұғына асынған доңғалақтың кәмірін қапталдағы тесік жамайтын қондырғының қасына тастай салды. Жігіттер тіс жармады. Бұжыр бет миығынан мырс етті. Ол сонда ғана ту сыртынан қару кезенген бұжыр бет пен пышағын жалаңдатқан бейтаныс екеуді көріп, тіксініп қалды.

−Қош келдің, әнші. Мына жабайылардың қатарында сен жетпей тұр едің. –Бұжыр бет кекетіп, лезде өңін өзгертті. – Біздің қақпанға өзің келіп түстің. Қане, қалтаңда қанша ақша бар? Бәрін шығар. – Күстенген күректей қолдарын алға созып, сұқ саусағын бүгіп-жазып, қуақы үнмен: «Мани, мани, мани… Гони, гони, гони…», − деп әндете жөнелді.

Ол әлі де түкке түсіне алмай өң-түс­тері қашып, қалшиған жігіттерге бір, ана екеуіне бір қарап, дел-сал күй кешті. Жігіттерге:

−Мыналар кімдер?.. Қайдан келді?.. Түстері неткен суық еді. Сендерге не болған? – деді оларға аңтарыла қарап.

Құдабай:

−Оңласын, жағдайдың мүшкіл екенін өзің де көріп тұрсың ғой. Мына иттер бізге дүкеннен арақ пен тамақ алдыр­мақшы. Бұйрықтарын орындамасақ атып тастаймыз дейді. – Көңілі құлазып, үні жабырқау естілді.

Киселев қанжарын етігінің қонышына сұғып, оның артқы жағынан келді де, қолымен иығынан сарт еткізіп қапсыра ұстап, өзіне қарай бұра тартып қалды.

−Не, сен де тас кереңсің бе? – деді қанталаған көздері шатынап.

Оның өктемдігі шымбайына батты ма, Оңласын оқыс қолын сілкіп тастады да ала көзімен атып:

−Кетші-ей ары, сасық шошқа, − деп көкірегінен қатты итеріп жіберді. Киселев артқа шегіншектеп барып, көлденең жатқан белдеу құбыр темірге сүрініп, шалқалай құлады. Малақайынан ажырап қалған сопақ басы тас еденге қатты тиіп, бір сәт есінен танғандай қимылсыз жатты.

Бұжыр бет одан мұндай қарсылықты күтпесе керек. Талағы тарс айырылып, өңі өрт сөндіргендей қарауытып Оңласынға жетіп келді.

−Тізеңді бүк оңбаған… Жүгін!.. – Қабаған иттей арп етіп, винтовканың үңірейген аузын кеудесіне тіреді.

Оның бұл астамшылығына күйініп, қорланған Оңласынның да түрі бірден өзгерді. Қаны басына шауып, қоңыр­қай жүзі күреңітіп, оған тап берді.

−Өй, әкеңнің… Сендей өңкиген жаман орыстың алдында тізе бүккенімше өлгенім артық. – Сол қолымен винтовканың ұңғысынан шап беріп бұрып жіберді де, бар денесімен созыла серпіліп, оң қолымен шықшыттан келтіре соқты. Бұжыр бет шалқалап барып, зордан бойын түзеді. Қатты соққыдан есеңгіреп, келідей басын шайқап, өзіне-өзі келе алмай тұрғанда, Оңласын қос қолымен винтовкаға жармасып, жұлып алмақшы болды. Сол сәтте анау да есін жиып, оны былапыт сөздерімен балағаттап, лақтырып жібермекші болып, олай да, былай да жұлқылады. Ышқына итеріп, қабырғаға соғып, тізесімен тепкілеп жатыр. Оңласынның винтовкаға қарысып қалған қолдары ажырар емес. Екеуі жан беріп, жан алысып жатқандай арпалысуда. Мұндай оқыс жайды күтпеген жігіттердің абдырап қалғаны соншалық бейне бір күш сол орындарына жіпсіз байлап тастағандай қимылсыз. Сол кезде ғана Киселевтің кеудесіне жан кіріп, басын көтерді. Қайда отырғанын білмей, мең-зең күйде жан-жағына қарады. Өзіне-өзі келе алар емес. Тап сол сәтте винтовка гүрс етті. Ауаны осып өткен оқ жоғары бұғаттағы кірпіштердің тас-талқанын шығарды. Үгітілген қиыр­шықтары жан-жаққа шашырап, шаңы көтерілді. Жігіттер сонда ғана селт етіп, ұйқыларынан оянғандай болған.

Құдабай оларға алақ-жұлақ қарап:

− Ау, жігіттер, біздікі не тұрыс? Оңла­сыннан жанымыз артық па? – деді ашына дауыстап.

Бұжыр беттің жан дауысы шықты.

− Киселев, неге отырсың мөлиіп? Мына тас кенедей жабысқан сілімтіктің тамағын қанжармен орып жібер. Тез…

Анау істің насырға шапқанын сонда ғана сезіп, орнынан қарғып тұрды. Еңкейіп етігінің қонышынан пышағын суырып алып, жын қаққандай ақырып Оңласынға қарай ұмтыла бергенде балуан денелі Құдабай күрзідей жуан жұдырығымен көк желкесінен қойып жіберді. Ол етбеттей ұзынынан  сұлады. Аузына келгенін аталап, жер таянып қайта тұра бастағанда Канал керзі етігімен аш бүйірінен шірене тепті. Киселевтің пышағы бір жаққа, өзі бір жаққа мұрттай ұшты. Зіңгіттей екі жігіт үстінен езе басып, қозғалуға мұршасын келтірмеді.

Ашу-ызаға булыққан бұжыр бет бар күшін салып қанша жұлқыласа да Оңласын қарудан айырылар емес.

−Жібер, калбит… Шеттеріңнен атып жайратамын… – Құтырған бурадай өңкиген неме Оңласынды тықсыра итеріп, дүлей күшімен қыш қабырғаға қайта-қайта соқты. Содан соң көлденең ұстаған қаруын тамағына тіреп, ышқына итерді. Енді болмаса тынысын тарылтып, естен тандырар түрі бар. Айла жасамаса қапы қалдырары анық. Сол-ақ екен Оңласын тізесімен оның екі бұтының арасынан қатты теуіп жіберді. Анау аузын бақадай ашып, ауа қарпып, бетінен қаны қашып көгеріп, винтовкадан қолын босатты да, тізерлеп отырып қалды. Жігіттер жетіп келіп, оны есін жиғызбай тағы да соққының астына алды. Екеуінің де қолдарын арқаларына қайырып, жіңішке алюминий сыммен шандып байлады.

Оңласын үстіндегі умаждалған киімін ретке келтіріп Құдабайға:

−Тез милиция шақырту керек, − деді.

«Милиция» дегенді құлағы шалып қалған бұжыр бет, шалқалай аунап түсті. Қоңқақ мұрнынан аққан қан омырауын жуып кеткен. Талаураған өңінде әлгіндегі ашу-ызаның табы ізім-қайым жоқ. Лезде мүсәпір хәлге түсіп, жалынышты үнмен мүләйімси сөйледі.

−Бауырлар, бізден ағаттық кетті. Кінәліміз. Кешіріңдер біздей бейбақты.

Оңласын оның пұшайман болған тұрқына жирене қарады да Советке бұрылды.

−Жәдігөйлене қалғанын көрдің бе мұның. Жаңа ғана бізге «калбит» деп  арыстандай ақырып, мені қабырғаға соғып, буындырып өлтіре жаздап еді, енді кешірім сұрап, бейшараның кейпіне түсіп тұрғаны. Тіфу, арсыз неме. – Оңласын оның жырымдалған бетіне түкіріп жіберді.

Құдабай жан қалтасынан шылымын алды да, бір талын аузына салып тұтатты. Ащы түтінді үсті-үстіне құмарта сорды. Содан соң жанындағы Оңласынға сүйсіне қарап, арқасынан қақты.

− Апырай, сен болмағанда ендігі жағдайымыз қалай болар еді?! Мына мас иттер бізге айтқандарын істетіп қана қоймай, бірімізді жазым етуі де мүмкін еді-ау. Қара күшіміз болса да үрейге бой алдырып тұрғанымызда, сенің табан астында жасаған шалт қимылың, бізді қорқыныштан арылтты емес пе? Мына тыриған түріңе қарап, сенен мұндай қайсарлық шығады деп кім ойлаған?.. − Таңданып басын шайқады. − «Батылдық білекте емес, жүректе» деген осы шығар сірә да. Осы елге «Оңласын тентек» атың шықса да сен жарадың, інім! Нағыз жігіт біз емес, сен екенсің! Жарайсың!

Оңласын ыңғайсызданып қалды. Қоңырқай өңі қызара бөртіп:

−Бұл да менің тентектігімнен болар, − деді. Жігіттер ду күлді.

Шеттеу тұрған талдырмаш жігіт:

−Мен байланыс бөлімшесіне кеттім, − деп гараждан жүгіре басып, шыға жөнелді.

Аудан орталығы Шаян бұл ауылдан жиырма шақырым жерде. Милиция қызметкерлері көп күттірген жоқ. Арада бірер сағат өтпей жатып-ақ, қылмыс­керлерді таситын арнайы көлікпен сау етіп жетіп келді. Болған оқиға жайында хаттама жазып, жігіттерге қол қойдырды. Бұзақылардың қолына кісен салып, мотоцикл мен винтовканы алып, аудан орталығына қарай тартты.

Бір аптадан соң  Жүзімдікте ауыл тұрғындарының жиыны болды. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы сөз сөйледі. Ол өткендегі екі бұзақының Шымкенттен келгенін, бұжыр беттің ауыр қылмыс жасап, бес айдан бері ұстатпай жүргенін айтып, ауыл жігіттеріне алғыс жариялады. Бұл оқиға жастардың рухын көтерді.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...