Шатырдың төбесіне тырс-тырс тамған тамшылардың дыбысы бірте-бірте үдеп, түнеріп тұрған аспан көз жасын көлдетіп қоя берді. Бірақ, күні бойғы тынымсыз тірліктен қажып, қалғып кеткен тіршілікке табиғаттың мына тосын мінезі әсер етпеген тәрізді, алып шаһар тәтті ұйқының құшағында балбырайды. Оқта-текте шойын жолды солқылдатып өтетін ауыр құрамалардың тарсылы болмаса, маңай жым-жырт. Вокзал ғимаратының бір бұрышындағы аядай бөлмеге орналасқан желілік ішкі істер бөлімінің сықырлауық есігі боздай ашылып, ішке үстінде сулығы бар жігіт кіріп келгенде кезекші
Жанұзақ Әбдірәсілов «бұ қайсың?» дегендей тесіле қарап еді, басындағы малмандай су болған күлпарасын сыпырғанда ғана таныды, сержант Ескелді Қоңырбаев екен. Ол сулығын сілкіп жатып:
– Жәке, Мәскеу-Семей бағытындағы жетінші жүк пойызының көмір тиелген вагонынан мәйіт табылды, – деді. Вокзал бекетінің маңайында мұндай оқиғалар жиі қайталанып тұратындықтан ба, ол бұл сөзді үреймен емес, жай ғана қалыптағы жаңалық сияқты айтты.
Шұғыл хабар
Жанұзақ жоғарыдағыларға қоңырау шалып құлақтандырып еді, құрамында ит жетектеген маманы мен кішкентай қобдишасын көтерген криминалисі мен тергеушісі бар жедел тергеу тобы жетіп келген. Көмір үйіндісінің астынан мәйіттің костюмінің шеті көрінеді. Жансыз денені алғашқы болып тексерген криминалист тергеушіге қарап:
– Мәке, мәйіттің басы жоқ, – деді ол қан-қан костюмнің жаға тұсынан сорайып шығып тұрған мойынды көрсетіп. – Қайтыс болған кісінің жас шамасы 40-45-шамасында, азиат нәсіліне ұқсайды. Алдын ала болжам бойынша тәулік бұрын қайтыс болған. Қалғанын сот сараптамасы көрсетеді, – деп, мәйіттің киімінің қалталарын қарап шықты. Саусағына бөгде зат пен құжат ілінбеді. Тек белгісіз адамның төс қалтасынан жауынмен ылғалданып өше бастаған 2244 нөмірі бар қағаз шыққан. Бұл қандай құжат? Тауар наклоднойы ма? Әлде химиялық киім тазалайтын мекеменің берген түбіртегі ме, түстеп тану қиын еді.
Криминалдық полция бөлімінің басшылығына тағайындалғанына апта ғана болған Есенжан Мырзагелдиевті жаңа қызметте осындай шытырманы көп тосын «сый» күтіп тұр еді. Шұғыл басқосу өткізіліп, басы жоқ мәйіт туралы түрлі жорамал тыңдалып, алғашқы жиналған деректер ортаға салынды.
– Мәйіттің жанынан табылған қағазға химиялық сараптама тағайындалып, мәліметтер базасынан із-түзсіз кеткен адамдар туралы деректер тексерілу үстінде, әзірге нақты дәлел жоқ, костюмнің жағасынан қан дағы табылды, биохимиялық сараптама оның марқұмға тиесілі емес, өте сирек кездесетін төртінші топ екендігін анықтады, – деді бөлім бастығы Мәлік Шымырбаев. –Сараптаманың тұжырымына сүйенсек, оқиға шамамен Арал қаласының аумағында болған. Қазір ол жаққа да сұрау жіберілді, –деді ол.
Мәйіттің киімдерінде тамшы қанның дағынан басқа саусақ таңбалары мен дене жарақаттарының ізі жоқ. Кісі өлтірушінің мәйіттің басын кесіп алғанына қарағанда ол соңына айғақ қалдырмауға тырысқанға ұқсайды. Сен кімсің? Қайтыс болған кісінің алақандары мен саусақтарынан күстің табылмағандығы оның кетпен шауып жүрген қара жұмыстың адамы емес, кеңседе отыратын қағаздың кісісі екенін аңғартып тұр еді. Осы белгілеріне қарап белгісіз адамның қастандықпен өлтірілгені туралы жорамал жасалынды. Не үшін? Бұл сұраққа жауап табу қиын болатын. Бастың мойыннан ешбір қиындықсыз шорт кесілгеніне қарағанда оның балта сияқты өткір құралмен шабылғаны анық еді. Мамандар мойын сүйектерінің мылжаланбай шабылғанына қарап, қылмыс жасаған адамның аса қайратты, салмағының сексен келі тартатындығына да болжам жасап қойды. Қылмыскер неге құрбандығының жүрегіне пышақ салмады? Адам өлтірудің тәжірибеде кездесетін басқа да әдістері көп емес пе? Мына оқиғаның желісі қанды қылмыстың түпкі себебінде кек қайтарып, өш алу сияқты қастандықтың жатқандығын меңзеп тұрғандай.
Жоғалған кәсіпкер
Арадан бір апта өткеннен кейін желілік ішкі істер бөліміне жедел уәкілдер жорамалдаған Аралдан емес, Қазалыдан Жаңбыршы Сүлейменовтің жоғалып кеткендігі туралы хабар жеткен. Жеке кәсіпкер, осыдан он шақты күн бұрын Қызылордаға қарай шығып, із-түзсіз кеткен. Әлде қастандық із кесушілердің күткеніндей Қазалыда емес, Қызылордада жасалды ма екен? Тұс-тұсқа тартқан ойдың ұшы ұстатпайды. Екі күннен кейін Қазалыдан жас келіншек пен қария жеткен. Бейтаныс адамдардың жүзінде үрей бар еді. Есенжан келгендерді сабырға шақырды.
– Кім біледі, мәйіт жақындарыңыздың денесі емес те шығар. Айтыңыздаршы, денесінде қандай ерекше белгілері бар еді, – деді бөлім бастығы олар алып келген суретке қарап отырып. Жаңбыршының 20-25-тердегі суреті болса керек, шашы бұйра жігіт тесіле қарайды.
– Баламның оң жамбасында тарының аумағындай меңі бар. Басында соған қарап, атын Қалдыбай қойсақ па деп едік, әкесі марқұм арғы тұқымымызда Жаңбыршы деген батыр өтіп еді деп көнбей қойды. Қария баласының атын қоя алмағанына өзін кінәлі адамдай сезініп, төмен қарады.
Енді сөзге келіншек араласқан.
– Жаңбаршының үстінде сұр костюмі, ұялы телефоны мен қолында алтын сақинасы бар болатын. Келіншек ойланған кейіп танытып, содан кейін есіне еш нәрсені түсіре алмады ма екен, «болды» деп алақанын жайды. Бөлім бастығы келіншекті оңаша алып қалды.
– Сіз жассыз, қарияға қарағанда жүрегіңіз де мықты болуы керек. Басы жоқ, мәйітті көру оңай емес, – деп еді келіншек өзіне шошына қарады.
– Қалайша басы жоқ?
Өңі бұзылып кеткен келіншекті мәйітхананың ішіне қарай алып жүрді. Есенжан жаулығының ұшымен көзін сүрткен кейуананың:
– Жасаған ием, өзің жар бола гөр, – деген дірілге толы даусын естіп қалды.
Келіншек ақ матамен жабылған денеге санап басып әрең жақындады. Жүзді тұмшалаған ақ жайманы сыпырған кезде ол оң жамбастағы тарыдай меңді көріп, солқылдап жылап жіберді.
– Мынау сол, –деді шыңғырып.
Беймәлім миллиондар…
Есенжан Жаңбыршының өмірбаянына үңілді. Жасы 44-те. Жоғары білімді. Кеңес одағы кезінде мал дәрігері болып жұмыс істеп, заман өзгергеннен кейін мал өсіріп, ел-жұрттан тері-терсек пен жүн-жұрқа жинап өткізген. Шымкенттен аптасына үш рет қатынайтын ұн тиелген көліктер де осы Жаңбыршыға қызмет жасайды екен. Қызметінде оғаш тірліктері байқалмаған. Сонда кәсіпкердің жұмбақ өліміне қандай жағдайдың себеп болуы мүмкін? Әйелі мен жақын дос-жарандары да Жаңбыршының табиғатынан кісіге дауыс көтеріп сөйлемейтін иі жұмсақ адам екенін айтты. Іс сапармен Қазалы өңіріне барған жедел тергеу тобы сол жердегі әріптестерімен бірлесіп, құпия өлімнің құлпын ашуға кірісті. Алдымен Жаңбыршы басшылық жасайтын серіктестіктің қаржылық мәселесіне тексеру жүргізілді. Бухгалтериядағы есеп-қисап қағаздарымен апта отырып танысқан аудитор да артық жұмсалған ақшаның есебін таба алмады.
– Тек мына бір нәрсені түсіне алмай отырмын, қараңызшы, кіріске алынған жиырма миллион ақшаның шыққан ізі жоқ. Оның қайда жұмсалуы мүмкін, қалай ойлайсыз, – деді Есенжанға сұраулы жүзбен қарап. Заң болмаса, есеп-қисап жағына шорқақ бөлім бастығы «қайдан білейін» дегендей иығын қозғаған. – Бәлкім, қылмысты осы ақшаның төңірегінен іздестірген жөн шығар, – деді самай шашын ақ шалған аудитор. – Қаржы жүрген жерде қылмыс болмай қоймайды ғой.
Серіктестіктің мүшесі үш адам, директоры Жаңбыршының өзі, одан кейін келіншегі Райхан, үшіншісі інісі Жаңабай. Қалған екеуінің қосқан үлесі он пайыздан аспайды. Егер Жаңбыршы жазым болса, оның үлесі ерлі-зайыпты ретінде келіншегі Райханға өтуі мүмкін. Күмән көп болғанымен, күйеуінен қапияда айырылып, қайғыдан қан жұтып отырған келіншектің арам пиғылын тап басып ұстайтындай дәлел жоқ еді. Жаңбыршының туған інісі Жаңабай да мандытып еш нәрсе айта алмады. Тек:
– Соңғы кездері ағам мен жеңгемнің арасында ақшаға байланысты жанжал жиі болып тұратын еді, – деді. Қолды болған қаржы туралы бас есепшінің де жауабы қысқа болды.
– Қайдан білейін, Жәкеңе қажет болған соң алған шығар, қол қойған қағазы әне тұр, –деді бір парақ қағазды суырып алып.
Тұйық
Тергеу тұйыққа тірелген. Марқұм
Жаңбыршының қолды болған ұялы телефоны бақылауға қойылғанымен, одан да нәтиже шықпаған. Телефон сол баяғысынша тілін тістеп дыбыс бермеді. Жергілікті жедел уәкілдер із кесіп жүріп, марқұм Жаңбыршы мінген көлік иесін тапты. Ол сасқалақтап Есенжанға қайта-қайта жалтақтап қарап, темекі шегумен болды.
– Қызылордаға қарай такси күтіп тұрған Жәкеңді көргенімде өзім де таң қалдым. Астында арқыраған төбедей көлігі бар бұл кісі неге жаяу жүр екен деп ойладым. Сол жолы неге екенін білмеймін, Жәкеңнің өңі маған біртүрлі сынық көрінді. Бірақ онда шаруам қайсы, кісі тасып, күнімді көріп жүрген адаммын, тиын-тебенін төлесе болды емес пе? Алайда, ол кісі Қазалыдан шыға берісте көлікті кідіртіп, «бір шаруам бар» деп түсіп қалды. «Әттеген-ай, бармайтын болғанда алдын-ала ескертпей ме, қарап отырып, бір адамның ақшасынан айырылдым-ау деп өкінгенім рас. Бұл кісілер Қызылордаға жиі барады. Жеңгейді де орталықтан екі-үш рет көргенім бар, жанында бұрын-соңды көрмеген бөтен кісі…Ау, енді қаржысы бар адамдар жүреді де, онда шаруам қанша, – деді ол.
Есенжан Жаңбыршы мен әйелінің арасындағы жанжал анығында осы ақшадан шықты ма екен деп ойлады. Себебі Райхан Жаңбыршының екінші әйелі, бірінші жұбайы қайтыс болғаннан кейін үйленген. Ол күйеуіне қарағанда әлдеқайда жас. Түлкідей жайнаған келіншектің әлде басқа пиғылы болды ма екен…
Күдікті кім?
Жаңбыршының үйі өзге баспаналарға қарағанда қызыл кірпіштен өріліп салынған, ат шаптырым ауласы бар жай екен. Есікті марқұмның анасы ашты. Әуелі қолын маңдайына қойып, келгендерге «кімсіңдер» дегендей сығырайып қарап алды. Өткен жолы мәйітті көруге келген қария. Ол кезде тың сияқты еді, мына қазадан кейін шөгіп қалған сияқты.
– Марқұм алғашқы келінім қандай адам еді, – деді кейуана күрсініп. – Жаратқан ием төрт баланы өмірге әкелткізді де бір түнде алып кетті. Одан кейін құлыным, соқа басы сопайып жалғыз төрт жыл жүрді, құдай-ау, қырық жас деген не тәйірі, содан ағайын-туыс жиналып, рұқсатымызды бердік. Сондағы тапқаны мына Райхан болды. Басында жақсы еді, кейін келіннің жүрісі сұйылды, Жаңбыршының бетінен алатын болды, апталап Қызылордаға кетеді. Балам осының бәрін көріп жүріп, іштен тынды..
Кейуана келінін жақтырмайтынын анық аңғартты. Алайда, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал Жаңбыршының өліміне жары кінәлі деген күдікті біржола бекітіп тұрған жоқ. Есенжан байланыс операторларынан Райханның ұялы телефонына соғылған және одан шыққан қоңыраулардың тізімін алдыртты. Соның ішінде Райханға Қызылордадан тек бір нөмірден ғана ұдайы телефон соғылып тұрған. Жаңбыршы жолға шығатын күні сол телефон иесінің Қазалы қаласынан бірнеше рет байланысқа шыққаны да анықталды. Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ол адамның қалада тұратын Сыдық Сейсенов екені де белгілі болды. Жеке кәсіпкер, жекеменшік букмекерлік компаниясы бар адам. Алайда, тергеушінің қитұрқы сұрағына Сыдық сыр бермеді.
Сезікті
Анығында да Сыдықтың үстінен жиналған азын-аулақ дәлелдердің түп қазығы бос еді. Қазалыда кім болмай жатыр, жә, тіпті, ол барғанын мойындасын-ақ делік, тек оның қылмысқа қатыстылығын дәлелдейтін айғақ пен куә қайда? Мұндай шалажансар істің сот пен прокурор түгілі, алғашқы тергеу амалдары барысында-ақ адвокаттың сынынан өте алмай, омақаса «құлайтындығы» белгілі еді.
Іле-шала қызылордалық әріптестері Сыдықтың қанының төртінші топқа жататындығы туралы анықтама жіберді. Бұл тың дерек болатын. Бірақ, қылмысты Сыдықтың жалғыз өзі жасаған жоқ, оның Жаңбыршыны өлтіруге қатысқан серіктері кім? Темір жолдағы жүк құрамаларын қарауылдайтын әскерилендірілген бөлімшенің Жаңбыршы жоғалатын ақпан айының 12-13 күні кезекшілікте болған қызметкерлері де тексерілді. Көрдім, білдім деген адам жоқ. Тек сол күні кезекшілікте болған Әділбек Боранғалиев деген жігіт қана қайта-қайта жауабынан шатаса берген. Ол бірде «бейсәубет ешкімді көрмедім, бәрі тыныш өтті» десе, енді бірде қара басып, ұйықтап қалғанын айтқан.
– Сізге қоятын басқа сауалым жоқ, тек кейін қылмысқа қатыстылығыңыз дәлелденіп жатса, жалған жауап бергеніңіз үшін қосымша жазаға тартылатыныңызды ұмытпаңыз, – деді Есенжан Әділбекке жазған түсініктемесіне қол қойғызып жатып. Бұрын заң орындарымен шаруасы болмаған Әділбек шығар есікке жақындай беріп:
– Айтпақшы, сол күні Ескермес деген жігітке «отыным жоқ» дегеннен кейін екі қап көмір бергенім рас еді, оның жанында тағы екі адам болды, қаракөлеңкеде жүздерін анық көре алмадым, өздері шанамен келді, – деді.
Осыдан кейін Ескерместен жауап алынған. Ол Әділбекпен беттестіру барысында вагоннан екі қап көмір ұрлағанын мойындады.
– Жаныңызда кімдер болды? – деді Есенжан.
– Ешкім болған жоқ, көмірді жалғыз өзім алдым, – деді Ескермес.
– Әділбек жаныңыздан екі адамды көргенін растап отыр ғой, олар кімдер?
Ескермес қысылайын деді. Шынын айтты.
– Өзіңіз білесіз, ауылда жұмыс жоқ, вокзалдың басында жолдас баламның арбасын сүйреп жүк тасып жүргенмін. Ымырт үйіріліп қалған мезгілде жаныма бейтаныс келіншек жақындаған. Оның бір нәрсе айтуға оқталып сипақтап тұрғанын байқап:
– Жүгіңіз бар ма, – деп едім, ол:
– Жүк болғанда былай ғой… деді күмілжіп, – алыстан келе жатыр едік, жолшыбай итіміз өліп қалды, мынандай аязда тоң жерді қалай қазамыз, далаға тастай салуға көңіліміз қимай тұр, соны мына тұрған вагондардың біріне лақтыра салсаң қайтеді, ренжітпейміз, ақшаңды төлейміз, – деп қалтасынан елу мың теңге шығарды. Ондай ақшаны вокзалдың басында бір ай тынымсыз жүгіріп жүріп жұмыс істегенде әрең табасың, ал, келіншек сондай қаражатты қолында ойнатып тұр. Қуанып кеттім, вагондардың қарауылы таныс жігіт, қолына екі мың теңге ұстатып, көмір алайыншы деп алдарқаттым. Ол бұрыла бергенде келіншектің жанына еріп келген жігіт вагонның үстіне шығып кеткен маған қапқа тиелген жүкті ұстата қойды, сондай зіл батпан екен, «апырмай иттің де салмағы осындай болады екен-ау» деп жақтаудың шетіне қарай сүйреп, үстін көмірмен бастыра салдым. Бар болғаны осы. Рақметін айтып олар кетті, елу мың теңгені қалтаға басып мен кеттім. Шынын айтсам, қапта адамның денесі бар екенін білген жоқпын, –деді ақталып.
– Сол адамдарды көрсеңіз танисыз ба? – деді Есенжан істен бірнеше суретті алып жатып.
– Ер адамды шырамытуым мүмкін, ал келіншектің түр-тұрпаты есімде жақсы сақталып қалыпты, – деді Ескермес. Есенжан Райханның суретін көрсетіп еді ол:
– Осы келіншек, – деді сұқ саусағымен Райханды түртіп көрсетіп.
«Қаралы» келіншек
Көзі боталаған әдемі келіншек қара жамылған әйелдің кейпін танытып, табалдырықтан аттаған.
– Күйеуімді өлтірген адамды таптыңыздар ма? – деді ол.
–Табылды, – деді Есенжан.
– Сол қаныпезерді көзіме көрсетіңізші, –деді Райхан.
– Ол мына менің қарсы алдымда отыр, – деді Есенжан.
Келіншектің өңі қуарып кетіп:
– Әзіліңіз бе, мен қара жамылған шаңырақтың жесірімін, не айтып отырсыз өзі, – деді даусын көтеріп. Есенжан Ескерместің түсініктемесімен таныстырып, соңынан куәмен беттестіргенде келіншек жылап отырып, кінәсін мойындады.
– Шынын айтсам, Жаңбыршының күйеуім деген аты болмаса, оны шын мәнінде ықыласым құлап, жақсы көрген адам емеспін. Ажырасқан адам кімге керек. Сөйтіп жүргенде осы Жаңбыршымен таныстым. Тіршілігі бар жігіт екен. Бір бірімізді алдап, уақыт оздырып жүргенімізде өзімнен небәрі бес жас үлкен, әңгімесі адамды жалықтырмайтын дәулетті әрі сымбатты Сыдықпен жолықтым. Серіктестіктің шотынан күйеуімнен алдап алған ақшаға Қызылордадан екі бөлмелі пәтер сатып алдық. Енді пәтер жалдап, қаңғымай, Сыдық екеуміз сол баспанада кездесіп жүрдік. Жаңбыршыны өлтіргіміз келген жоқ, бәріне кінәлі Сыдық. Сол күні көңілдесімнің маған ескертпестен Қазалыға келе қалмасы бар ма, сағынып кеттім дейді. Айналайын-ау, үйден қалай шығамын дедім. Сөйтіп тұрғанда Жаңбыршы табан астынан Қызылордаға шығатын болып, құдайым беріп қалды. Көлікпен емес, таксимен кететін болды. Күйеуім жолға шығамын деп алдап, Сыдық жалдаған пәтерге келіп, екеуміздің қызыққа батып жатқанымыздың үстінен түскенде тұтылғанымды бір-ақ білдім. Сілейіп тұрған мені шапалақпен тартып-тартып жіберіп, «төсегімді ластаған оңбаған, жиырма миллион ақшаны не үшін алдың» деп тап бергенде ортаға Сыдық түскен. Екеуі жағаласып қалған. Сыдық қанша дегенмен жас емес пе, күш жағынан басым түсіп, Жаңбыршы шүйдесімен шойын батареяға құлап, орнынан тұра алмай қалды. Тамырын ұстап көріп едік, жүріп кеткен екен. Одан кейін Сыдық көлігіндегі өзімен бірге алып жүретін балтасын әкеліп, мәйіттің басын шауып алды. Ертеңіне оны айдалаға апарып көміп тастадық. Жаңбыршыны өлтірген мен емеспін, жазықты – Сыдық, – деп өкіріп жылады.
Сыдық пен Райханның білектеріне кісен кигізіліп, қамауға алынды. Ұлының өліміне кінәлілердің кім екенін естігенде жылай-жылай көз жасы суалып, бір сәтте мүжіліп қалған қария өзіне қарауға жүзі шыдамай, жанарын ала қашып, көзімен жер шұқыған Райханның бетіне түкірді.
Елеусіз МҰРАТ