12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖОҚ МЕМЛЕКЕТТЕ РЕЙТИНГТІҢ ӘДІЛ БОЛУЫ КҮМӘНДІ

Танымы терең, пікірі ерекше, көзқарасы бөлек жандардың ойы бағдар іспеттес. Олардың ұстанымы қоғамды оятуға, елдің көзқарасын қалыптастыруға ықпалды. Сондай сауатты маманның бірі – Айгүл ЕШМАҒАМБЕТОВА. PR-шы және саяси технолог ретінде мойындалған маманның сөзіне құлақ түріп көрелік.

Депутаттың жұмысы сауал жолдау емес, халықтың өмірін жақсартатын заң шығару

Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаттар қызметіне кіріскелі 2 айдан асты. Екі ай, әрине, депутаттар үшін аз көрінгенімен, қоғам үшін әжептәуір уақыт. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін Мәжілістің халық үшін қазіргі таңдағы өзекті проблеманы шешетін бірде-бір заңды қабылдағанын көре алмай отырмыз. Талқыланған заң жобалары бойынша да үлкен пікірталас жасап, талқылау жүргізгенін байқамадық. Сыртынан қарасаң депутат болу деген отырып алып күнде шенеуніктерге сауал жіберіп, дікеңдеу сияқты. Бәлкім өз араларында заң талқылап, салмақты жұмыс жүргізіп жатқан шығар. Бірақ ол білінбейді. Мәжіліс депутатының негізгі міндеті заңдарды қарастыру, оның қазіргі қоғам талабына қаншалықты сай екенін білу. Қолданыстағы заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу. Егер өмірдің қандай да бір саласына қатысты заң жоқ болса соны талқылап, басты заң шығару органы ретінде оларды қабылдау. Олардың қабылдаған заңдарынан Қазақстан халқының тағдыры шешіледі. Мысалы, банктерге қатысты заңдар Қазақстан азаматтарының банк және өзге де қаржы ұйымдарымен қарым-қатынасына тікелей әсерін тигізеді. Атап айтқанда қандай да несие не ипотекалық төлемді уақытылы төлей алмасаңыз, олар басқа банктерден алатын жалақы, жәрдемақы, зейнетақының шотын бұғаттап тастайды. Бұл Конституцияға қайшы нәрсе. Ал қабылданған заңдардың бәрі Мәжіліс депутаттарының елегінен өтеді. Яғни, оны да заң шығарушы органнан біреулер қабылдады. Сол сияқты Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңнамаға енгізілетін өзгертулер жобасы қоғамда үлкен дау тудырып, 7-шақырылым депутаттары оны қабылдамай кеткен еді. Енді оны қазіргі депутаттар қабылдау керек. Ал осындай көкейкесті заң жобасын депутаттардың талқылап жатқанын мен әлі көрген жоқпын. Депутаттың негізгі жұмысы сауал жолдау емес, халықтың өмірін жақсартатын заң шығару. Көмекшілері жазып бергенді ежіктеп оқуға қабілеттің де, таланттың да керегі жоқ.

Ел алдында жүргендер имиджіне мән бермейді

Шет елдерде мемлекеттік органдардағы тұлғалардың қоғамдағы бет-бейнесін қалыптастыратын арнайы мамандар бар. Бізде ол жағы кемшін. Мысалы, соңғы сайлау кезінде біздің PR және саяси технология қызметі саласында кішкене серпіліс болды. Өйткені бір мандатты округтен сайланған депутаттар мен партиялар бәсекелестікке түсті. Бәрі өздерінің саяси науқанын жүргізетін мамандарды, агенттіктерді, саясаттанушыларды іздей бастады. Жеме-жемге келгенде бізде депутаттар ғана емес, елдің алдына шығып жүрген өзге адамдар да өзінің репутациясына, имиджіне, яғни қарапайым тілмен айтып, не істеп қойғанына көп мән бермейді.

Олар мен не айтсам да халық бәрін кешіреді деп ойлайтын сияқты. Негізінде олай емес. Репутация деген нәрсе бар. Мысқалдап, жылдар бойы жиналған абырой бір сәтте айрандай төгілсе, оны орнына келтіру өте қиын. Шет елдерде саясаткерлер міндетті түрде көмекшіден бөлек, саяси технологтарына, саяси кеңесшілеріне, PR-шыларына өз қалтасынан ақы төлеп, алып жүреді. Оны танымал адамдардың бәрі қолданады. Ол дамыған елдердің бәрінде қалыпты тәжірибе. Бізде бұл тұралап тұр. Жаңадан сайланған кейбір депутаттардың Мәжіліс кулуарында айтқан мәлімдемесіне, журналистер тарапына айтылған сөзіне, ойына қарап, әлі етек-жеңін жинамай, халықтың алдында жүрген саяси тұлға екенін әлі аңғармай, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарамайтыны көрініп тұр. Олардың айналасында PR, саяси технолог, кеңесші жоқ. Әркім шама-шарқы келгенше өз репутациясын өзі жасап жатыр. Имидж мамандардың көмегіне жүгінбесе де, өзінен-өзі қалыптасатын дүние. Өйткені, қандай да бір билік органына қарасты мекеме жұмыс істеп тұрса және оған адамдар түрлі мәселемен барып-келіп жатса кез келген адамның ойында бұл мекемеге қатысты белгілі бір ұғым, түсінік, ой пайда болады. Соның бәрі бірігіп, имиджді қалыптастырады. Ол мекеме өз имиджіне жұмыс істемеуі, оған мән бермеуі де мүмкін. Бірақ имидж оған қарамастан қалыптасады. Сондықтан түрлі мемлекеттік органдардың да өз имиджі бар. Бұл арада олардың халықтың арасындағы имиджін айтпай-ақ қояйын. Оны менсіз де бәрі біледі. Әрине, мемлекеттік органдарда шын пейілімен, адал еңбек жасап жүрген кәсіпқойлар баршылық. Бірақ біз соңғы уақытта кәсіпқойлардың мемлекеттік органдардан кету трендін байқап отырмыз. Яғни, кәсіпқойлар ол жерде жұмыс істегісі келмейді. Бұл айлықтың төмендігіне байланысты емес. Қазір мемлекеттік қызметкерлер айлығы біршама көтерілді. Ол ашығын айтқанда мемлекеттік органдарда қалыптасқан қарым-қатынас пен коммуникация, сосын меритократияның жоқтығы, ондағы «бармақ басты, көз қысты» қылудың бәрі сайып келгенде адамды өзінен алшақтатады. Сол үшін адамдардың бәрі онда тұрақтап қалғысы келмейді. Сондықтан меморганда жұмыс істеп жатқан адамдардың кәсіби деңгейі төмендеп кетті. Ол барлық саладан көрініп, белгілі боп тұр. Көпшілік билік органдарындағы қызметкерлер өзін бұл жерге уақытша келгендей сезінеді деп ойлайды. Мемлекеттік органдарда кәсіпқойлар бар, бірақ олар қызметте өспейді, өсірмейді, меритократия жоқ. Адам өзінің талантына, еңбегіне қарай мансап жасай алмайды. Әлеуметтік жеделсаты жоқ. Сондықтан көпшілігі онда 1-4 жыл жұмыс істейді, сосын кетіп қалады. Шешім қабылдау мүмкіндігі болмаған жерден кез келген адам кетеді.

Сатылап өспеген шенеуніктің ықпалы төмен

Бізде мемлекеттік органдардың коммуникациясына жауап беретін салалық – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бар. Оның құзырында журналистермен жұмыс істеу, медиа, коммуникация, ішкі саясат бар. Барлық аудан, қала, облыс әкімдіктерінің ішінде ішкі саясат басқармасы жұмыс істейді. Олар мемлекеттік органдардың имиджімен тікелей айналысады. Өкінішке қарай, мемлекеттік органда жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсіпқойлық деңгейі жылдан жылға төмендеп бара жатыр. Сондықтан олардың жұмысының сапасы да төмендеуде. Ал олардың жұмысын рейтингпен өлшеу қате. Рейтингтердің қаншалықты әділ жасалатынын білу үшін алдымен оны кім жасап отырғанын көру керек. Ол қандай ұйым? Мемлекеттік ұйым ба, жоқ қоғамдық қор ма? Оны кім жасап отыр? Сосын ол ұйымның мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы, былайша айтқанда лоббиы бар ма? Батыс елдерінде лобби, әділдік деңгейін тексеру үшін міндетті түрде мұндай рейтинг жасайтын мекеме жұмысшыларының мемлекетпен қарым-қатынасы, онда қызмет атқаратын туысы бар-жоқтығын тексереді. Бізде де солай болу керек. Мұндай ұйым, мекеме артында кім тұр? Жалпы саяси бәсекелестігі жоқ мемлекетте қандай да бір рейтингтің шынайы, әділ болуына мен күмән келтірем. Бізде түрлі рейтингтер бар. Ең ықпалды әйел, ең ықпалды шенеунік кім деген сияқты. Ол шенеуніктер қоғамға ықпал етіп, жаңалық жасап жатқан жоқ қой. Олардың бәрі жоғарыдан төмен қарай тағайындалатын адамдар. Яғни, бізде ешбір шенеунік төменнен жоғары қарай сайланбайды. Олар өздерінің қабілетіне қарай мансаптық сатымен өсіп жатқан жоқ. Сондықтан олар ештеңе де өзгерте алмайды. Олардың ықпалын рейтинг жасаушылар қалай өлшеп жатқаны маған түсініксіз. Біздің елімізде негізінде мықты әлеуметтанушы, саясаттанушылар жеткілікті. Бірақ медиада көрініп жүрген, дұрыс ой-пікір айтатын, объективті зерттеу жасап, соның нәтижесін қоғамға жеткізгендер өте аз. Біріншіден кәсіпқойларға өз жұмысын жасау үшін қаржы керек. Олар оны таба алмайды. Ал мемлекеттік институттардан, өзге де ұйымдардан қаржы алатын болса олардың басшыларының ығына көнуі керек. Шетелдік гранттар арқылы да түрлі зерттеу жасайтын әлеуметтік ұйымдар бар. Ол зерттеулер де әділ, обьективті деп айта алмаймын. Олардың артында шетелдегі бенефицарлары тұр. Шетелдік ұйымдар не үшін біздің елімізге келіп әлеуметтік зерттеу жүргізеді? Олардың белгілі бір мақсаты бар. Бізде дербес, ақыл-ой орталығы кемде-кем. Жұмыс істесе де енді-енді ғана құрылған. Сондықтан олар әлі де өсуі керек деп санаймын.

Блогердің құқықтық мәртебесі жоқ

Белгілі бір маңызды саяси шешім қабылданар кезде кез келген елде жұртшылық назарын басқа жаққа аудару үшін қоғамда белгілі бір тақырыптар аяқ астынан пайда болып, талқыға түсіп жатады. Блогерлердің хиджаб кие бастауы соның бірі. Біз қазір ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан ғана емес, интернет дамыған елдің бәрінде соңғы 5-6 жылдағы ахуал осы. Яғни, күнде қоғамдық талқыға түсетін түрлі жаңалық бар. Оларды жұртшылық әлеуметтік желіде де, жай өмірде де жарыса талқылайды. Бұл біріншіден интернеттің жақсы дамығанына, ақпараттың лезде таралуына байланысты. Интернеттегі жазбаны бірнеше секундта жүздеген, мыңдаған адам көреді. Біз қазір цифрлық технологияның өтпелі кезеңінде тұрмыз. Осыдан өткен соң қоғамдағы көп процестер, коммуникация, медиа саласы қатты өзгереді. Қазіргі жағдай тек Қазақстанға ғана тән емес, дамыған батыс елдерінде де ахуал осындай. Ел арасында соңғы жылдары қызу талқыланып жүрген тақырыптың бірі блогерлерге қатысты. Заңнамада блогерлер туралы ештеңе жазылмаған. Олардың әлі де құқықтық анықтамасы, мәртебесі жоқ. Хобби ме, кәсіп пе, өзін өзі жұмыспен қамтушы ма? Соны бірінші біліп алуымыз керек. Әлеуметтік желіде аудио, бейнежазба жариялағанның бәрі блогер ме? Қазір елдің бәрінің қолында смартфон бар. Смартфон балалардың да қолында жүр. Сонда олар да блогер болып санала ма? Бүгінде блогермін деп жүргендер ғана емес, жазушы, журналист, суретші, әнші, актер, мұғалім мен оқушы да ақылы жарнама жасап жүр. Олар қандай топқа, категорияға жатады? Жауапкершілігі қандай? Блогерлер шетелдік ұйымдардан қаржы алып белгілі бір идеяны жарнамалауға құқылы ма? Мысалы, БАҚ-та қаржы пирамидаларын жарнамаламайды. Ал блогерлерге жарнамалауға бола ма, болмай ма? Сол сияқты БАҚ-та темекі мен ішімдікті жарнамаламайды, оған заңмен тыйым салынған. Алайда, блогерлер темекіні де, ішімдікті де жарнамалап жүр. Бірнеше апта бұрын блогерлер Шотландияға блогтурға барып, вискидің қалай шығатынын көрсетіп келді. Ол ішімдік қой. Ол да жарнама, оның ара-жігін ажырату керек. Осының бәрін мемлекет талдап, заңнамалық анықтама, сараптама беруі тиіс. Егер мемлекеттің ақпараттық саясатына келетін болсақ, әр ел өзінің ақпараттық кеңістігін қорғауы керек. Идеологтар заң аясында өз жұмысын жасап, жастарды жат идеологиялық ақпараттан қорғауы тиіс. Мемлекеттігімізге кесірін тигізетін ағым, алауыздық тудыратын жазбалар болса мейлі ол блогер, БАҚ не қарапайым адам болсын, оларға қатысты заң қатал болу керек. Және ол орындалуы тиіс. Көп адам шекара жерде тартылған сымтемір деп ойлайды. Қазір ол өшірген интернет боп тұр. Біз интернетті өшіріп қойып отыра алмаймыз ғой. Сондықтан жаһандық өмірде көрінбейтін шекараны өзіміз сызып, оны қорғауымыз керек.

PR – өзінше бір ғылым

Соңғы жылдары қоғамда баспасөз қызметінен бөлек, PR, GR деген сияқты жаңа қызмет түріне сұраныстың өскені байқалады. PR – Public Relations қоғаммен байланыс орнату дегенді білдіреді. PR маманы белгілі бір мекемеге қоғаммен, журналистермен, мемлекеттік органдармен байланыста бәрімен тіл табысып, оның жұмысының жақсы жағын көрсетіп, жарнамалап, абыройы мен беделін қалыптастырады. Өз репутациясын жақсартуды мақсат еткен мекемелер PR маманын жалдайды. Бұл нарықтың сұранысына сай пайда болып отырған жұмыс түрі. Нарықтық жағдайда әр компания, әр кәсіпкер өзін жақсы қырынан көрсеткісі келеді. Бұл өзінше бір үлкен ғылым, өнер. Оған психолог, әлеуметтанушы және тағы басқа мамандар атсалысады. Енді GR – GovernmentRelations деген сөздің мағынасына үңілсек, бұл мемлекеттік органдармен байланысты білдіреді. GR қызметі бізде енді-енді қарқын алып келе жатыр. Ол кәсіпкер, инвесторларға мемлекеттік органмен байланыс орнатуға көмектесетін мамандар. GR сондай-ақ, мемлекетаралық қарым-қатынас дегенді білдіреді. Оның қызметін салалық қауымдастықтар да пайдаланады. GR – бизнес пен мемлекеттік орган арасында жақсы, түсінікті қарым-қатынас орнатуға, олардың диалогын жақсартуға жауапты қызмет. Өйткені, бизнестің жұмысына мемлекеттік органдар мен заңдар тікелей әсер етеді. Ол заңдардың ішінде жақсысы да, жаманы да, пайдалысы, зияны да бар. Осының барлығын мемлекеттік органға жеткізетін, инвесторлар құқығы тапталып жатқанда оны қорғайтын, оны мемлекеттік органдарға жеткізетін адамдар керек. Мұнымен айналысатын GR қызметкерлері. Яғни GR мен PR тығыз байланысты қызмет деуге болады.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.