А.ж. 28 мамырда Ішкі істер, Әділет, Оқу-ағарту, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, Сот әкімшілігі, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы, жүргізушілерді даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер консорциумы басшылықтары мен жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Іс-шараны аша отырып, Комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай бұл отырыс Қазақстан Республикасы Заңдылықты, тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешімін іске асыру аясында өткізіліп жатқанын еске салды.
Отырыс шеңберінде мемлекеттік қызметтерді көрсету, құқық қорғау органдарының қызметін цифрландыру, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қолданылған әкімшілік жазалар туралы ақпараттың дұрыстығы, «Жол жүрісі туралы» Заңның 13-бабына сәйкес балаларға жол жүру ережелерін оқыту бойынша үлгілік білім беру бағдарламасын енгізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, талқылауды ескере отырып, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету мақсатында Жоғарғы Сот пен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін жетілдіру ұсынылды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті