12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Бақытжан БҰҚАРБАЙ, баспагер: «МАҚСАТ – ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫН ТҮГЕНДЕУГЕ ҮЛЕС ҚОСУ»

– Сегіз жыл бұрын өзіңіз негізін қалаған AmalBooks баспасы бүгінгі таңда Қазақстанның кітап нарығында өз орнын алып үлгерді. Бұл саланы бизнестің бір бағыты ретінде дамытып келе жатқан сізді «Русия һәм көшпелілер. Қазақ даласы туралы хикаялары» несімен таңғалдырды? Бұл кітаптағы қазақ оқырманы білсін дейтін басты жаңалық қайсы?

– Идеология мәселесі бізде кей кездері Ақорданың өнімі сияқты қабылданады. Ол азаматтық қоғам өндіретін де мәселе болу керек. Көрші тарапынан да бізге қандай ақпараттық шабуыл жүріп жатқанын көзіқарақты жұрт көріп, біліп отыр. Сол себепті біз өз тарапымыздан баспамыз шығаратын «Таза тарих» сериясын күшейтіп, халыққа түрлі дерек көздерін ұсынып жатырмыз. Мақсат – қазақтың тарихын, тарихи санасын түгендеуге үлес қосу. Әдетте желтоқсанның 20-на дейін жылдық жұмысымды жауып, келесі жылғы жұмысты жоспарлаймын. Бұл кітапты аудару мәселесін ақпан айына қойғанбыз. Оқып көрейінші деп бастағам, қызығып кеттім де өзім былтыр жыл соңына дейін қалған бірнеше күннің ішінде ағылшыннан орысшаға аударып тастадым. Сосын қазақшаға да аудардық. Бұл туынды «Assyltas» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көріп отыр. Былтыр жыл соңында Дулат Тастекей мырзамен кездескен кезде бірлесіп шығаратын қандай кітаптар бар деген. Нельсон Феллді кәсіпкер деген соң қызықты ғой деймін, мына кітапты біз алайық дедік. Сонымен оның қазақшасы да, орысшасы да 1,5 мың данадан шығып отыр. Нельсон Фелл өткен ғасырдың басында Қазақстанда тоғыз жылдай болады. Мыс кеніштерін сатып алған, қорыту зауытының басқарушы менеджері болған. Мұндағы кәсібінен соңғы жылдары айына 640 мың доллардай таза табыс тапқан деседі. Инфляцияны ескерсек, бұл қазіргі есеппен 22 млн доллардай. Өз басым осы уақытқа дейін этнографияға қатысты жүздеген кітап оқыдым. Олар көбінесе ғалымдар , зерттеушілер, саяхатшылар тарапынан жазылады. Мына кісі мен оқыған бірінші кәсіпкер болып отыр. Ғылымда, кәсіпте жүрген соң ғалымның да, кәсіпкердің де ойлау жүйесін жақсы білем. Бұл екеуі екі бөлек дүние. Ғалымдар мен зерттеушілер кітап жазса, әрдайым өздері неге көбірек қызықса, бар зейінін соған аударады. Мысалы, өсімдік не жануар әлеміне жіті тоқталады. Ал Нельсон Фелл мұнда кәсіпкер ретінде қысылтаяң шақта тығырықтан қалай шыққанын, жолындағы кезіккен мәселені қалай шешкенін өте қызықты етіп баяндап отырады. Оның кіріспесі «Бұл кітапта баяндалатын оқиғалар қазақ даласында өткен, қазақтар жайлайтын өлке – Орталық Азия тау жоталарының бір жағын алып жатқан аймақ, біздің бүкіл батыстық дүниетанымның, мәдениет пен діннің тамыр жайған мекені. … 1902–1908 жылдар аралығында автор Лондон тау-кен комбинатын басқарған, бұл компания 1903 жылы Есіл өзеніне жақын жердегі, Балқаш көлінен солтүстікке қарай 200 миль қашықта орналасқан далалық аймақтағы бірнеше мыс кеніштерін, көмір шахталарын және қорыту зауыттарын сатып алады. Жаңа инвестициялар тартудың арқасында кеніштер мен зауыттар көп адам еңбек еткен маңызды әрі табысты кәсіпорынға айналды» деп басталады. Қазақтар туралы өз таңданысын білдіріп: «Олардың әдеттері адам сүйсінтеді: ішімдік ішпейді, шылым шекпейді, артық нәрсе шайнамайды және түкірініп-қақырынбайды. Олар алдын ала лас қолдарын жумай ас ішкеннен, аштан өлгенді артық санайды» деп жазған.

– Кіріспесінің өзінде осылай десе, кітаптың ішкі мазмұнымен толық танысқан кезде оқырманның алатын әсері мүлде бөлек болатын шығар?

– Солай деуге болады. Мәселен, автор қазақ даласы туралы хикаяларын «Даланың ұлы», «Успен кенішін сатып алу», «Қарыздар мен жеңілдіктер», «Кәсіподақ», «Әке мен бала», «Пасха», «Қарапайым қосымша», «Мыс шәйнек», «Павлодар клубы», «Ас беру», «Көгілдір көл», «Ойыншық». «Бүркітпен аң аулау» деп атаған. Онда кәсіби зерттеуші емес, кәсіпкер ретінде өзінің көргендерінің бәрін қаз қалпында баяндап отырады. Оны кітапта қолданған суреттерге қатысты атаулардан да байқауға болады. Олар «Қоянды жәрмеңкесіндегі киіз үйлер», «Сарымсақтың моласы», «Біздің дәуірімізге дейінгі тас ескерткіш», «Қазақ бейіттері», «Қазақтардың әйелдер күресі», «Бәйге алдында», «Екі қазақ» деген секілді тақырыппен берілген. Сондықтан онда ХІХ ғасырдың басындағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты құнды мәліметтер аз емес.

– Сіздің баспа негізінен нон-фикшн, бизнес және тарих бағытындағы кітаптар шығаруға маманданғанын білеміз. Бұл салаға қалай келгеніңізді де айта отырсаңыз?

– «Күміс кітап» деп аталатын алғашқы еңбегімнің екі айдың ішінде мың данасы сатылып кеткен соң, неге былай болды екен деп нарықты зерттей бастадым. Ол кезде «Меломан» сияқты кітап дүкендерінде қазақ тілінде жазылған 1–2 классигіміздің ғана кітаптары тұратын. Ал қазіргі авторлар деген ұғым мүлде болмайтын. Сөйтіп 2016 жылдан бері баспа ісімен шұғылданып келе жатырмын. Қарап отырсам, бірнеше жылда нарыққа бірталай өзгеріс енгіздік. Кітаптың дизайны, беттелуі, оқырманға ұсынылуы жағынан. Оқырман үшін кітаптың ішкі мазмұны ғана емес, дұрыс әрленіп, тәуір беттелуі де маңызды ғой. Соны біз бірінші боп қолға алдық. Сосын біз жанрлар бойынша үлгі беріп жатырмыз. Адам көзі тірісінде өзі туралы бірдеңе жазу үшін жасы 50-60-қа келуі шарт емес қой. Нон-фикшн деген көркем емес әдебиет. Осы жанрда кітап жазған алғашқы автор өзім екенін кейіннен бірқатар қаламгерден естіп-білдім. Сосын бизнеске қатысты да кітаптар жасағымыз келді. Бизнесті біз орыс, ағылшын тілінен оқимыз, бұл әдебиет ана тілде де болу керек. Шыны керек, басында тарих шығарамыз деген ой болған жоқ. Тарих дегенде де мен өзім ғылым саласынан шыққан соң дереккөздермен жұмыс істегенді жақсы көрем. Сондықтан 2021 жылы тарихи бағыт аясында «Таза тарих» деген серияны қолға алдық. 2024 жылға дейін осы сериямен 7 кітап шығарған екенбіз. Осы жылдан бастап енді күшейтейік деп отырмын. Былтыр біраз деректерді тауып қойдым. Бұған дейін 3 жылда 7 кітап болса, енді бір жылда 20 кітап шығарамыз деп отырмын.

– Оларды ғылыми айналымға түсіру жайы қалай? Оның қазір бізде белгілі бір жүйесі бар ма?

– Жүйе жағы проблема. Біз оны ұдайы айтып келе жатырмыз. Түрлі жиындар мен кездесулерде мәдениет саласының министрлері мен вице-министрлері қандай мәселелерің бар дегенде біз мына кітапты шығаруға ақша бер деп сұрамаймыз. Бірақ біз шығарған кітаптарды кітапханаларға алсаңыздар дұрыс болар еді. Олар көбірек өтсе, біз де көбірек шығара аламыз дегенді айтамыз. Бәрі қағазына түртіп алады бірақ, әлі күнге бұл бағытта ілгерілеуді көріп тұрғаным жоқ. Соған қарамастан өз қаржымызбен кітапханаларға көп кітаптар бердік. Мысалы, «Күміс кітапты» Алматы облысының бүкіл мектептеріне тараттық. Тек беріп қоймай, сол мектептермен онлайн түрде түрлі кездесулер жасап, оқушылардың сұрақтарына жауап бердім. Сол сияқты «Қарызсыз қазақ» кітабын да өз есебімізден елдегі 2800-дей мешіттің бес жүзге жуығына бес данадан тараттық. Жалпы кім, қай бағытта өнім шығарса да бәсекелестік жағдайында еркіндік болу керек. Оқырман талғамы сол арқылы қалыптасады. Мен адамдардың таңдауы болғанын қалаймын.

– Баспа саласында биыл шығаратын кітаптар арасында оқырмандарыңыз үшін жаңа бағыттағы еңбектер бола ма?

– Биыл жаңадан бір серия қосып жатырмыз. Біз қарапайым құндылықтарды халыққа қарапайым тілмен жеткізгіміз келеді. Жаңа серия соған арналған. Оны оқырмандар арасында жүргізілген сауалнама арқылы анықтадық. Оқырмандар мен сарапшылар ұсынған 192 тақырыптың ең көп дауыс жинаған 12-сін іріктеп алып, оларды 12 тақырып етіп шығарғалы отырмыз. Қазір алғашқы екеуін жазып, аяқтап қалдық.

– Кітап нарығына зерттеу жасау жағы қалай жүріп жатыр?

– 2017 жылы бизнеске кірісіп жатқанда кітап нарығына әлеуметтік зерттеу жасағам. Оқырманның портретін, оның кітап сатып алуға жұмсайтын қаржысының орташа мөлшерін анықтау үшін. Биыл оны тағы жасауымыз мүмкін. Сол кезде оқырман орта есеппен айына кітап сатып алуға 1,5 мың теңге жұмсауға дайын екенін анықтаған едік. Бұл өте аз. Қазір бұл соманың көлемі ұлғайғаны анық. Мәселен, мен қазір кітап сатып алуға жылына млн теңгеден кем қаржы жұмсамаймын. Бәрін өзім толық оқымасам да, оны өзгелерге сыйлау үшін, жақсы кітап көрсем сатып алуды әдетке айналдырғам. Бұл жерде мен кітап сатып алуға жұмсайтын қаржының көлемін мақтаныш үшін емес, өзгелерге ой салсын, ынталандырсын деген мақсатпен айтып отырмын.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті

Қазақстандағы ірі сауда орталықтары үшін жаңа міндеттеме енгізілуі мүмкін

Ірі сауда орталықтары келушілерді сапалы Wi-Fi-мен қамтамасыз етуге міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек хабарлады.

Бақытжан Байжановқа тағылған айыптаудың бірі алып тасталды

Бүгін Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында екінші сотталушы Бақытжан Байжанов тағылған айыптардың бірі бойынша ресми түрде ақталды.

Тағы бір резонанс тудырған сот тікелей эфирде көрсетіледі

Қарағандыда жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің соққыға жығылу дерегі бойынша сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл туралы Жоғарғы сотта мәлім болды.

Елімізде күнбағыс майы арзандады

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізде 194,4 мың тонна өсімдік майы өндірілген, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,4 пайызға артық.

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергия жүйелерін біріктіреді

Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тарту жобасы: Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Энергетика министрлігінің басшылары меморандумға қол қойды.