Осы күнде алаяқтықтың көбеюі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Алаяқтықтың түрлері мен әдістері әртүрлі, олардың барлығы азаматтарды алдап, жеке, қаржылық немесе басқа да маңызды ақпараттарын ұрлау, сондай-ақ қаржылық пайда тауып, зиян келтіруге бағытталған.
Алаяқтар алдаудың түрлерін үнемі жаңартып, жетілдіріп отырады. Бұл – олардың әрекеттерін тиімдірек етудің бір жолы. Солардың бірі – интернет алаяқтық. Интернет арқылы жасалатын заңсыз әрекеттердің мақсаты – адамдардың жеке, қаржылық немесе басқа да маңызды ақпараттарын ұрлау, сондай-ақ қаржылық пайда табу. Бұл алаяқтықтың түрлері мен әдістері әртүрлі, олардың барлығы интернеттегі пайдаланушыларды алдап, зиян келтіруге бағытталған.
Осы интернет алаяқтардың «көмекшілері» ол дропперлер. Дроппер деген кім? Дроппер немесе дроп – бұл алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін делдал адам. Олардың атына шоттар, карталар немесе электрондық әмияндар ашылып, сол арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражат аударылады. Кейде карточкасын үшінші тұлғалар пайдаланғанын білмеген адам алаяқтық объектісіне айналуы мүмкін. Осылайша, дроп өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын әрдайым түсіне бермейді, өйткені алаяқтар әдетте өз әрекеттерін «заңды бизнес» ретінде жасырады. Дропперді әртүрлі шоттар арасында заңсыз алынған ақшаны аудару үшін жалдайды. Бұл қылмыскерлерге іздерін жасыруға және тергеу жұмысын қиындатуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда алаяқтық аударымдар әртүрлі елдерде және әртүрлі адамдардың атынан жасалуы мүмкін. Дроппер өз жұмысы үшін банк картасы арқылы аударылған ақшаның пайызын ала алады.
Жастардың, тіпті егде жастағы адамдардың қылмыстық схемаларға тартылып, делдал, яғни дроппер болу жағдайлары жиі кездеседі. Кейде бұл олардың өз еркімен жасалса, кейде сенгіштік пен аңғалдықтың салдарынан орын алады.
Егер кімнің жиі дроппер болатыны туралы айтатын болсақ, онда бұл: мектеп оқушылары мен студенттер, қолайсыз отбасылардан шыққан адамдар, зейнеткерлер, мұқтаж азаматтар және алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен адамдар. Қаскүнемдер азаматтардың бұл санаттары күшін, уақытын жұмсамай, тез ақша табуға мүдделі екенін, бірақ салдары туралы ойланбайтынын пайдаланады.
Әдетте, дропперлер қылмыскерлердің сыбайлас қатысушыларына айналады. Осы ретте олардың осындай заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделегені туралы ескергендері жөн.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 16 шiлдедегi заңымен Қылмыстық кодекс 232-1-бабымен толықтырылды. Оған сәйкес: материалдық сыйақы және (немесе) мүліктік сипаттағы пайда үшін не оларды алу мақсатында үшінші тұлғаға өзінің банктік шотына не төлем құралына не сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну не оларды үшінші тұлғаға пайдалануға заңсыз беру – мүлкі тәркіленіп, бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Осы әрекеттен айтарлықтай мөлшерде материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда алуға алып келген не оларды алу мақсатында жасалған іс-әрекет болса — мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ірі мөлшерде материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда алуға алып келген не оларды алу мақсатында жасалған осындай іс-әрекеттер – мүлкі тәркіленіп, төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін не оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесінде немесе үшінші тұлғаның пайдасына банктік шотын не төлем құралын не сәйкестендіру құралын пайдалана отырып, төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру – мүлкі тәркіленіп, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Айтарлықтай мөлшерде материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда алуға алып келген не оларды алу мақсатында жасалған іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ірі мөлшерде материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда алуға алып келген не оларды алу мақсатында жасалған іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру мақсатында банктік шотты не төлем құралын не сәйкестендіру құралын басқаруға қолжетімділікті заңсыз алу – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осыларды ескере отырып, азаматтарымызды үшінші тұлғаға өзінің банктік шотына не төлем құралына не сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну не оларды үшінші тұлғаға пайдалануға заңсыз беруден аулақ болуға шақырамын.
Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Достияров Жасұлан Бейсенбекович