Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесті. Онда Ұлттық төлем корпорациясы базасында әзірленіп жатқан Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне (БМТЖ) және бірыңғай QR-код арқылы жүзеге асырылатын банкаралық аударым сервистерін іске қосуға қатысты мәселелер сөз болды.
Жиында «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ банкаралық аударым жүйесінің қазіргі нəтижесі мен алдағы даму жоспары таныстырылды. Бүгінде бұл жүйеге екінші деңгейлі бес банк қосылған. Алғашқы қатысушы-банктер қосылған кезден бері телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударым көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Тағы төрт банк сынақтан өту жəне техникалық тұрғыда біріктіру кезеңінде тұр. Енді барлық екінші деңгейлі банк бұл жүйеге қыркүйектен қалмай қосылады деп жоспарлануда. Кездесуде БМТЖ инфрақұрылымының тағы бір маңызды элементі – банкаралық QR-төлемдерді енгізу мəселесі талқыланды. Алаяқтардан қорғау тетігін күшейту мен жүйенің сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасау мақсатында клиент деректерін беру форматы қайта қаралды. Бұл форматта күмəнді жəне алаяқтық операцияларды қадағалауға мүмкіндік беретін толық əрі құрылымдалған ақпарат бар. Сондай-ақ, QR төлемдер сервисіне қосылу бойынша банктерге қойылатын талап күшейтілді. Бұл шаралар жүйеге қатысушы тараптар арасында сапаның, қауіпсіздік пен сенімнің бірыңғай стандартын қалыптастырады. Болжам бойынша техникалық жұмыстар аяқталған соң, жүйені толықтай іске қосу жыл соңына дейін аяқталмақ. Қазақстан Ұлттық банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы банкаралық QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жобаны 2024 жылы іске қосқан болатын. Бірінші транзакцияның көрсетілімі 15 қарашада Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында екінші деңгейлі екі банктің қатысуымен өтті. Банкаралық QR төлем қызметі азаматтарға QR төлемдерін жылдам жəне ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның құрамдас бөліктерінің бірі саналады. Банкаралық QR төлемдерін енгізу кəсіпкерлік субъектілеріне əртүрлі банктердің бірнеше терминалдарын орнату құнын төмендетуге, ал азаматтарға QR-код арқылы елдегі кез келген банктің терминалы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде банктер NDFI инфрақұрылымына қатысу аясында банкаралық транзакцияларды өңдеу құнын төмендету жəне клиенттерге төлем қызметтерін кеңейту есебінен шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда елімізде 17 банк жəне «Қазпошта» АҚ төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асырады. 1 маусымдағы жағдай бойынша, банктердің айналымдағы карточкалар саны – 81,2 млн. Оның 80,6 пайызы – дебеттік карточкалар; 15,7 пайызы – кредиттік карточкалар; 3,7 пайызы – кредиттік лимиті бар дебеттік карточкалар мен алдын ала ақысы төленген карточкалар. Мамыр айында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана жүргізілген транзакциялардың көлемі 18,1 трлн теңгеге жетіп, транзакциялар саны 1,3 млрд бірлікті құрады. Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі интернет/мобильді банкинг жəне POS-терминалдар арқылы жүргізілді.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»