Ертеңін ойлаған ел балалардың тәрбиесіне, біліміне, танымына ерекше көңіл бөлуі керек. Мұндай жанашырлықты өркениетті елдердің бәрінен байқауға болады. Дамыған мемлекеттерде баланың білімді, жан-жақты болып қалыптасуына ата-анасы мен жақындары ғана емес, мемлекеттің де мүдделі екені аңғарылады. Ғаламторды аша қалсаңыз әр жастағы балалардың ерекшелігіне, қабылдауына, қызығушылығына қарай дайындалған контенттерді көптеп кездестіресіз. Ал біздің елімізде балаларға арналған танымдық дүниелер өте аз.
Бүгінде мектеп жасына дейінгі балалар да, мектеп жасындағы балалар да уақытының көп бөлігін теледидар мен компьютер алдында өткізеді. Телефонға телміріп, ғаламтордың шырмауына түскен бүлдіршіндердің қандай контенттер қарап, нені көріп, нені тыңдап жүргенінен үлкендер жағы бейхабар. Шетелдерде өз аудиториясын қалыптастыруды көздейтін топтар балаларды тартудың түрлі амал-әдісін қолданады. Ондағы үлкен бәсекелестіктің арқасында көпшілікке жол тартып жатқан мультфильмдер мен балалар фильмдері де баршылық. Аудиториясын кеңейтуді мақсат еткендер балалар қызығушылығын ұдайы зерттеп, кішкентай көрерменге не ұсыну керектігін жақсы біледі.
Өкінішке қарай, біздің елімізде қазақша түсірілген мультфильмдер саусақпен санарлық. Оның өзі көпшілік тарапынан сынға ұшырап, талай талқыға айналды. Расында да біз мультфильмдер арқылы өз салт-дәстүрімізді ұлықтап, өз батырларымызды балалар қаһарманына айналдыра алмай отырмыз. Соның кесірінен ұл-қыздарымыз Маша мен аюдың, панданың, Диснейленд кейіпкерлерінің табынушысына айналған. Біздің кішкентайлар көбіне әлеуметтік платформадағы орыс, ағылшын тіліндегі мультфильмдермен сусындағандықтан, тілі өзге тілде шығып, ойын өзге тілде жеткізіп жүр.
Көгілдір экраннан берілетін танымдық хабарлар да аз. «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Алтын сандық» секілді интеллектуалдық хабарлардан басқа балалардың ой-өрісін кеңейтетін, танымын тереңдететін, білім мен ғылымға қызықтыратын бағдарламалар түсірілмей келеді. Бұл жеткіншектердің тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін идеологиялық құрал болғандықтан, алдағы уақытта танымдық дүниелер жасау кезек күттірмейді. «QZОNE» қазақ тілді стриминг-платформасының пайда болуы да біраз балаларға серпіліс бергені анық. Тұңғыш онлайн кинотеатрда әр жастағы балаларға арналған толықметражды анимациялық және көркем фильмдер, комикс, мультхикая, телесериалдар және ситкомдар жинақталып құрастырылған. Мұнда топтастырылған қазақшаға тәржімаланған туындылардың тілі жатық. Бастысы – баланың түсінуіне жеңіл. Енді осы бағытта жасалған жұмыстарды танымдық хабарлар дайындауда қажетімізге жарата алсақ болғаны.
Гүлбарша САТЫМБАЙҚЫЗЫ,
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ, ТАЛҒАР АУДАНЫ ГҮЛДАЛА АУЫЛЫ