Экономика дамып, технология жетілген сайын дене белсенділігі азайып бара жатыр. Деректер 2022 жылы бүкіл әлем бойынша ересектердің үштен бір бөлігі, яғни 31 пайызының ғана дене белсенділігінің тиісті деңгейде екенін көрсетеді. Бірқатар елде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетуі мүмкін. Мұның салдары жүрек-қан тамыры ауруларының, кант диабетінің жене қатерлі ісік ауруының дамуына әкеледі. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Назарбаев университетінің Медицина мектебі бірлесе өткізген халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мәлім болды.
Конференцияны Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақ спорт және туризм академиясы, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ұйымдастырды. Жиынның негізгі спикері Норвегия мен Кореядан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, Халықаралық мектеп спорты федерациясынан келген шетелдік ғалымдар, сондай-ақ отандық ғалымдар, ПОҚ және педагогтар, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандар болды. Алқалы басқосуда білім және тәжірибе алмасу алаңын құру, білім беру ұйымдарында дене шынықтыруды жетілдірудің өзекті мәселелері мен жолдары, білім алушылардың денсаулық мәдениетін қалыптастыру жайы талқыланады. Жалпы барлық жетістіктің түп негізінде дене қозғалысы жатыр. Қозғалысы теңгерімді адамның санасы таза, рухы жоғары және экономикалық тұрғыдан белсенді. Себебі, бұл – дамудың, жасампаздықтың кепілі. Осыны білген өркениетті елдер мектептегі сабақты денешынықтырудан бастайды. Жиында айтылған әңгімеден түйгеніміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге апта сайын 150 минут орташа физикалық белсенділікті немесе 75 минут карқынды физикалық белсенділікті, сонымен қатар соған сәйкес әрекет етуді ұсынады. Бұл жүйелілікті қажет етеді. Осы ұйымның мәліметіне сәйкес 2022 жылы Қазақстанда ересек тұрғындардың 28 пайызына физикалық белсенділік жетіспейді. Белгілі заңгер, қоғам қайраткері Зағипа Балиеваның айтуынша, Қазақстандағы спорттың тамыры қазақ халқының тарихынан бастау алады. Ұлттық күрес, садақ ату ат жарысы сияқты дәстүрлі спорт түрлері ойын-сауық қана емес, жауынгерлерді тәрбиелеудің бір жолы болғанына назар аударған Балиева спорттық іс-шаралар жас жеткіншектердің жан-жақты дамуына, физикалық қана емес, моральдық күш-қуатын дамытуға ыкпал ететінін жеткізді. Мәселен, оның айтуынша, күрес сияқты дәстүрлі спорт түрлері қарсыласты құрметтеуге, табандылыққа, қиындықты жеңе білуге үйретеді. Бұл қасиеттер спортта ғана емес, өмірде де маңызды. Тұрақты физикалық белсенділік жүрек ауруы, инсульт, қант диабеті, сүт безі және тоқішек қатерлі ісігі сияқты жұқпалы емес аурулардың алдын алуға жене емдеуге көмектесетіні ғылыми түрде дәлелденген. Сонымен қатар, физикалық белсенділік гипертония, артық салмақ және семіздік қаупін азайтып, өмір сапасын жақсартады. Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Арман Ташметов цифрлық технология дамыған бүгінгідей заманда дене шынықтыру оқу-тәрбие процесінің маңызды бөлігі болып қоймай, болашақта ұлт денсаулығын сақтаудың маңызды факторына айналуы қажеттігін атап көрсетті. Өйткені, дене тәрбиесі тек денсаулықты жақсарту, қозғалысқа байланысты мәселелерді шешумен қоса, балалар мен жасөспірімдердің қоғамда дұрыс қарым-қатынас жасауына, коммуникативтік, эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, күйзеліс және қиындықтармен күресуге үйретеді. Бұл мәселелер, бүгінгі қоғамда өте маңызды. Алайда, қазіргі дене тәрбиесінің тұжырымдамасы мектептегі «Дене шынықтыру» пәнінің алдында тұрған ауқымды міндеттерді орындауда жеткіліксіз. 2023 жылы орталық жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі мектеп оқушыларының 39,6 пайызы, ата-аналардың 45,3 пайызы және дене шынықтыру мұғалімдерінің 26,1 пайызы мектептегі дене тәрбие сінің жағдайына толық қанағаттанбайтынын көрсетті. Бұл, ең алдымен, оқыту әдіснамасының жеткіліксіздігі, кәсіби дене шынықтыру педагогтерінің тапшылығы және спорт ғимараттары мен жабдықтарының жетіспеушілігімен байланысты. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 47,1 пайызы, оқушылардың 33,1 пайызы және педагогтардың 40,6 пайызы дене шынықтыру пәнін ең маңызды пәндердің бірі деп санайды. Бұл сапалы дене тәрбиесіне деген үлкен сұраныстың бар екенін көрсетеді. Бүгінгі күні педагогтарды даярлауда Z буыны сұраныстарын ескеретін пәндердің психологиялық мазмұнын жаңарту өажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша білім беру бағдарламаларын қайта қарау кажет. Осы мақсатқа жету үшін ең алдымен дене тәрбиесінін тұжырымдамалық негіздерін қайта қарап, пән мазмұнын жаңарту қажет. Дене шынықтыру мұғалімдерінің мәртебесін көтеру және оның қызметін ынталандыру мақсатында педагогтар ды аттестаттау кезінде олардың спорттық разрядтары, атақтары мен біліктілік санаттарын ескеру, білім беру ұйымдары басшыларының рейтингіне оқушылардың өңірлік, республикалық және халықаралық шараларға қатысуы бойынша сандық және сапалық көрсеткіштерді енгізу, жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде спорттық разрядтары мен атақтары бар талапкерлер үшін жеңілдіктер жасау маңызды. ҚР Мектеп спорты федерациясы бас директорының орынбасары Ақан Зейнулла да денешынықтыру жүйесін тежейтін факторларды ортаға салды. Оның айтуынша, саладағы негізгі мәселелердің бірі мектептердегі ескірген және жеткіліксіз спорттық инфрақұрылым. Инфрақұрылым проблемалары әсіресе, ауылдарда өткір байқалады. Көптеген мектепте негізгі спорт нысандары, соның ішінде ашық спорт алаңдары жоқ, ал кейбір жағдайларда спорт залдары басқа қажеттілік үшін пайдаланылады. Көптеген мектептегі жабдықтар моральдық тұрғыдан ескірген және көбінесе қазіргі қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейді. Бұл бірқатар қала мектептеріне де тән жағдай. Осының бәрі балаларды спортпен шұғылдануға шабыттандырудың орнына еңсесін түсіреді. Сонымен қатар, дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілігі одан әрі дамуды қажет етеді. Тағы бір мәселе – балаларды спортқа қатыстырумен байланысты. Өкінішке қарай, биік мінберлерден әлемдік жарыс жүлдегері болған балаларды гранттық қолдау мәселесі талай рет көтерілсе де, шешімін таппай келеді. Яғни, талантты балаларды қолдау жеткіліксіз. Осының өзі балалардың спортқа деген ынтасын кемітеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше еліміздегі балалардың 60 пайызы спортпен жүйелі түрде айналыспайды. Бұл әлемдік көрсеткіштен екі есеге артық. Осындай қозғалыстың аздығы балалар арасында семіздіктің артуына, жүрек-қан тамыры ауруларының көбеюіне алып келуде. Тозған инфрақұрылым, білікті мамандар тапшылығы және балалардың спортпен айналысуға ынтасының аздығы ұлт денсаулығы дағдарысының тереңдей түсуіне ықпал етуде. Егер тез арада оң шешім қабылдап, тиімді шараны қолға алмасақ, ертеңгі күні әрекетсіздігіміздің зардабын тартарымыз анық.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»