Жыл сайын 1 маусымда тойланатын балалар күні Ақмола облысында биыл да өз дәрежесінде атап өтілді. Облыс бойынша балаларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, жалпы саны 180 мыңнан аса бала алаңсыз демалуда. Балалар қауіпсіздігіне қатысты облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова білім, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау басқармаларына, полиция, ТЖ департаменті мамандарына арнайы тапсырма беріп, балалар қауіпсіздігіне қатысты шараларды күшейткен.
Мерекеге орай мәдениет басқармасы ақмолалық жеткіншектерге тегін театрландырылған қойылымдар ұйымдастырған. Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы мұражайларға арналған әдеби жәрмеңкелер, «ашық аспан астындағы кітапханалар» және «ашық есік күндерін» өткізді. Ал Көкшетау қаласының әкімдігі қоғамдық көліктерде балалардың тегін жүруіне себепші болды. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыстағы білім басқармасы мен білім беру ұйымдары сапалы білім алу және балалардың құқықтарын қорғау үшін жағдайды жақсарту бағытында белсенді жұмыстар атқаруда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары облыста заманауи құрылыс стандарттарына сай он төрт жаңа мектеп пен бес қосымша оқу ғимараты салынған. Сондай-ақ облыста 11,3 млрд теңгеге жетпіске жуық білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өткен. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады, – дейді басқарма басшысы. «Жыл сайын облыс мектептері материалдық-техникалық базасын, оның ішінде жиһаздарды, асханалар мен кітапханаларға арналған жабдықтарды, сондай-ақ мектеп спорт залдарына қажетті жабдықтарды жаңартып отырады. Бұл оқу үшін қолайлы және заманауи жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», – дейді Оразалин Шоқан Жетпісбайұлы.
Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалмапты. Облыс аумағында терроризмнен қорғауды ұйымдастыру мақсатында барлық мектептер бейнебақылау камераларымен жабдықталған екен. Инклюзивті білім беруді қолдау үшін де ресурстық кеңселер желісін кеңейтуге облыста 375 миллион теңге инвестиция тартылған. Жаңа 30 оқу кабинетін ашу жоспарланса, оның 13-і сатып алыныпты. «Жақында Жақсы ауданы, Запорожье ауылындағы жалпы білім беретін мектеп, Бурабай ауданы, Щучинск қаласындағы №8 мектеп-гимназия, №8 мектеп-гимназиясы Сандықтау ауданы Сандықтау ауылында және Бұланды ауданы Макинск қаласындағы мектеп-гимназиясы салтанатты түрде ашылды. Мұндағы кабинеттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға қолайлы жағдай жасайды», – дейді білім басқармасының өкілдері.
Сондай-ақ биыл Есіл, Қорғалжын және Егіндікөлдегі үш психологиялықпедагогикалық түзету кабинетіне 84 млн бөлініпті. Бұл мамандандырылған күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету үшін маңызды. Шоқан Жетпісбайұлы облыс бойынша 2022 жылдан бастап Білім беруді тұрақты дамыту қоры аясында қолға алынған «Ауылдық елді мекендердегі мектептерді қолдаудың әлеуетін дамыту» жобасы жайлы да айтып кетті. Жоба бойынша мектептерді, соның ішінде STEM кабинеттерін, робототехника кабинеттерін және шеберханаларды жабдықтауға 250 миллион теңге бөлуді қарастырыпты. Биыл Зеренді ауданында, Астрахан ауылы мен Біржан сал ауданындағы мектептер жабдықталған. Басқарма басшысы бұл заманауи білім беру технологияларын енгізуге және 21 ғасырға қажетті балалардың дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді дейді. Онымен қоса өңірде 2023 жылдан бастап 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін тамақтануда.
«Бұқаралық білім беру» қорының арқасында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 9564 бала 2 миллиард теңгеге тегін ыстық тамақпен қамтылыпты. Бұл балалардың оқуы мен денсаулығына айтарлықтай оң әсер берген екен. Депрессиялық және мазасыздықпен ауыратын ересектер мен балалар жайы да назардан тыс қалмады. Сәуір айында облыста дағдарыстық жағдайдағы адамдарға көмек көрсететін Психологиялық қолдау орталығы құрылыпты. Орталықтың бюджеті 68 млн теңге, штат саны 26,5 бірлікті құрайды екен. Орталық өңірдегі ұстаздарға практикалық көмек те, әдістемелік қолдау да көрсетуде. Бұл мектептердегі психологиялық ахуалды жақсартуға және балаларға қиындықтарды жеңуге көмектеседі дейді басшылық. Ақмолалық балалардың сабақтан тыс уақыты да екшеленген. Өңірде биыл 7640 үйірме мен спорт секциялары да ұйымдастырылған. 51 қосымша білім беру ұйымы бар екен, оларда 21 406 бала оқуда. Қамту аумағын кеңейту үшін 53 жеке және мемлекеттік ұйымдарда қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс беріліп, бас-аяғы тағы да 9247 баланы қамтуға мүмкіндік туған. Бұл балаларға мектептен тыс уақытта өздерінің қабілеттері мен қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік бермек екен. Облыстық білім бөлімінің басшысы жазда балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталықтары, музыка мектептері және спорт мектептері сияқты қосымша білім беру ұйымдары жұмысын жалғастыратынын жеткізді.
«Жаз мезгілінде 59171 баланы жұмыспен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ 120,5 мың бала (жалпы санның 88,6%) мектеп жанындағы лагерьлерде жұмыс істейтін болады. Оқу ағарту министрлігінің квотасы бойынша «Балдәурен» республикалық лагерінде 274 бала оңалтудан өтеді. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасынан шыққан 20 жетім бала Алматыдағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік денсаулық орталығына жіберіледі. Балаларды жазғы сауықтыру – олардың дамуы мен денсаулығына бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі», – деді басшы.
Және де өңірде мейрамға орай 10 маусымға дейін «Бақытты бала үшін» республикалық акциясы өтпек екен. Акция аясында мәдени, ойын-сауық және спорттық шаралар, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылмақ. Маусымның бірінде аудан, қалалардың орталық алаңдарында балаларға арналған концерттік және ойын бағдарламалары ұйымдастырылса, Сандықтау сияқты кей аудандарда «Жас дәурен» лагерінің бірінші маусымы ашылды. Сапалы білім беруді қамтамасыз ету және балалардың құқықтарын қорғау мақсатында атқарылған жұмыстар легін де маман айтып қалды. Облыста инфрақұрылымды, қауіпсіздікті және әлеуметтік қолдауды жақсарту бойынша елеулі шаралар атқарылмақ екен. Бұл балалардың жан-жақты дамуына және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жұмыстың бұл түрі балалардың өздеріне деген сүйіспеншілікті сезінуге мүмкіндік беріп, олардың бақыты мен табысты болашағына сенімін арттырады. Мерекеге орай Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин «Балаларды қорғау күні – бұл тек қана көңілді мереке емес, балалардың бақытты болып өсуі, жақсы жағдайда оқуы, өзінің сүйікті ісімен айналысып, болашақта тұлға болып қалыптасуына күш салуды дәріптейтін мейрам. Осы тұста, керемет сәтті пайдалана отырып ұстаздар мен ата-аналарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Өскелең ұрпақ бақытты болуы үшін барлық мүмкіндікті жасап жатырсыздар. Шын жүректен сіздерге, табыс, мықты денсаулық тілеймін, өмірлеріңіздің әрбір қадамы шуақты, жылы, бақытты күндер болсын», – деп ойын түйді.
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


