Байланыс сапасы қадағаланбақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы жылғы жолдауында Қазақстанды IT елге айналдырып, 2026 жылға дейін жалпы құны 1 млрд теңге IT қызметті экспортқа шығаруды міндеттеген болатын.

Жалпы Қазақстанда бүгінгі таңда электронды үкімет пен финтехтың даму индексі бойынша әлемдік көшбасшы елдер қатарына кіреді. Елімізде цифрландыру ісі барлық салада қарқын ала түсті. Жуырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс сапасын жақсарту үшін бірқатар шаралар әзірлепті. Соның бірі бүкіл ел бойынша байланыс сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізу мақсатында қолға алынған «Цифрлық телекоммуникациялар картасы». Онда байланыс технологияларының түрлері бойынша Қазақстанның барлық елді мекендерін сапалы байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі операторлардың жоспары туралы ақпарат орналастырылмақ. Сонымен қатар «Цифрлық телекоммуникациялар картасында» «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасында және жергілікті атқарушы органдар, министрлік және байланыс операторлары арасында қол қойылған «Жол карталарында» қарастырылған елді мекендерге интернет жеткізу жоспары туралы ақпарат беріледі. «Цифрлық карта» қалалар мен ауылдардағы байланыс сапасы мәселелеріне қатысты қоғамдық мониторинг және бақылау құралы да болады. Соның арқасында әрбір азамат елді мекендердің байланыс саласындағы барлық ағымдағы мәселелерді және оларды жою жоспарларын көре алады, сондай-ақ кез келген орын бойынша байланыс сапасына жеке бағасын бере алады. Бұл карта серпінді жоба ретінде іске қосылған. Алдағы уақытта оның ауқымы функционалдық тұрғыда толықтырыла түспек. Бұл байланыс сапасын тексеру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге септігін тигізетін шара. Байланыс сапасын жақсарту бойынша жүйелі шара ретінде елді мекендердің Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында электр желілері, жолдар және сумен жабдықтау желілерінің тиісті инфрақұрылымын қарастыру жоспарлануда. Енді әкімдіктер байланыс операторларымен бірге бас жоспарға түзетулер енгізеді. Бұл өз кезегінде, байланыс операторларының базалық станцияларын орналастыруға қажетті орындарды алдын ала айқындауға мүмкіндік береді. Тағы бір шара – еліміздегі базалық станциялардың радиодабылының шекті деңгейінің нормативтерін қайта қарау ұсынылады. Қазақстанда дамыған елдермен және жақын шетелдермен салыстырғанда 10-20 есе қатаң нормативтер бар. Мысалы, Германия, Франция, Англия және АҚШ сияқты елдер 200 мкВт/см² нормативін бекітті. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 мкВт/ см² құрайды. Сонымен қатар, қалаларда интернет пен ұялы байланыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету аясында министрліктің техникалық мамандары қалаларда байланыс сапасын өлшеу жұмыстарын жүргізеді. Өлшеу нәтижелері бойынша байланыс сапасы төмен орындар анықталып, министрлік әкімдіктермен және ұялы байланыс операторларымен бірге «ақ нүктелерді» жою жұмыстарын жүргізбек. Министрлікте байланысқа қатысты туындайтын мәселелерді үнемі мониторингтеп, шешу мақсатында министрлік, жергілікті атқарушы органдар және байланыс операторларының өкілдері кіретін Жедел штаб та құрылған. Сонымен қатар, құзырлы орын Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісе отырып, мемлекеттік мекемелерде (мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша ғимараттар жоқ жерде) базалық станцияларды орнатуға рұқсат беретін нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізеді. Wi-Fi желілері арқылы Voice Over Wi-Fi (VoWiFi) технологиясын іске қосу да ойластырылуда. Бұл технология дәстүрлі ұялы желілердің орнына Wi-Fi желілері арқылы дауыстық қоңыраулар жасауға мүмкіндік береді. VoWiFi жерасты автотұрақтары немесе радиодабыл өтпейтін ғимараттар сияқты ұялы желінің нашар қамту аймақтарында жақсы байланыс сапасын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау функцияларын орталықсыздандыру аясында министрлік жергілікті атқарушы органдарды осы саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға өкілеттік беруді ұсынды.

А.Тұрмағанбетова, «Заң газеті»

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...