12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Байғыз құстың қарғысы

Әр адамның тағдыры өз қолында. Оны мен кеш түсіндім…

Ол кезде небәрі бес-алты жастағы Шалқардың қызыл топырағына аунап-қунаған жеткіншектің бірі едім. Үйде тоғыз бала болсақ та ата-ананың мейірімінен кенде болған жоқпыз. Жаз басталса Шалқар көлінің жағасынан шықпайтын әдетіміз. Көлге таңертең кеткеннен үйден алып кеткен бір бөтелке сүтіміз бен бір таба нанымызды қорек етіп, қап-қара боп күнге күйіп, суға түсе-түсе үстіміз қабыршақтанғанына қарамай, әбден сілеміз қата шаршаған кезде ғана үйге ораламыз.

Сондай күндердің бірінде біздің ауылға даусы бөтен бір құс келді. Ол құс тек түнде ғана дыбыс беретін. Әуезі мұңды, әлсіз, құдды бір адамның жылаған даусына ұқсайтын. Құстың үні шықса денеміз тітіркеніп, көңіл-күйіміз түсіп, бір аянышты сезім пайда болатын. Шалқар топырақты, құмды жер болғандықтан жазы бет қаратпайтын ыстық. Қапырыққа шыдамай жаздыкүні үй-ішімізбен далаға жататынбыз. Әшейінде ештеңені елей қоймайтын мен жаңағы құстың даусын естісем болды қорыққаннан қол-аяғым дірілдеп, қасымдағы бауырларымның көрпесіне тығыла түсетін әдет шығардым.

Менің мына қылығымды көрген анам қорыққанымды баспақ болып, құстың тарихын әңгімелеген. Анамның ертегі, әңгіме айтысы да әдемі. «Баяғыдааа» деп сөзін әндете бастайтын анамның аңызын бұл жолы ерекше ықыласпен тыңдадым. «…Бір байдың қызы өмір сүріпті. Ақылына көркі сай қызға құмар жандар көп екен. Содан болар, құда түсіп, айттырып келушілер қатары сиремепті. Таңдау кімге түсер екен деп жұрт ойланып жүргенде қыз әкесіне өз шешімін аяқ астынан естіртеді. Сөйтсе, қыз әкесінің малын баққан жалшының ұлымен біраздан бері көңіл қосып жүр екен. Мұны естіген бай ашуланып, бір түнде ауылынан үдере көшіп, қызына теріс батасын беріп, ауыл жұртына қалдырып кетеді. Жалғыз қалған қыз жылай-жылай құсқа айналып, бейіт басын мекен еткен екен. Сондықтан да, әкесінің шешіміне қарсы шығып, теріс бата алған бұл құсты ауыл халқы жақтырмайтын. Әрі бұл құстың ырымы жаман деп көп адам үйінің айналасына жолатпайды» деген анам ажарлы қыздың аянышты тағдырын айтып берген. 

Түнімен бұл әңгімені естіген мен ұйқым келмей біразға дейін аунақшып жаттым. Ол кезде үйдегі үлкендердің бәрі таң атар-атпастан шөп шабуға кететін. Сол сәтті пайдаланып, үй ішіндегілерге жақсылық жасағым келді ме, көрші балалардың бәрін шақырып, үйдің төбесіне қонақтап отырған әлгі құсты таспен ұрып жерге түсіріп, ұясын бұзып, ішіндегі балапандарын өлтіріп, бір ерлік істеген кісіше бірақ тоқтағам. Кешке анам келгенде алдынан жүгіріп шығып жақсылық жасағандай бәрін мақтанышпен айтып бердім. Бірақ, мен әңгімемді аяқтамай жатып анамның өңі боп-боз болып кетті. Алғыс айтып, арқамнан қағады деп күткен анам «Құдай-ай, не бүлдірдің не? Кешіре гөр! Құстың киесінен сақтай гөр»! деп қайталаумен болды.

Уақыт емші ғой. Бұл оқиға да бірте-бірте ұмытылған. Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып өтті. Мен де өсіп азамат болдым. Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскер қатарына шақыртылып, медициналық тексеруден өтіп жатқаным сол еді, дәрігерлер менің әскерге жарамайтынымды айтты. Үйге келе жатып, баяғы бала кезгі оқиға есіме түсті. Ішімнен менің бақытсыз­дығымның басталғаны ма деп ойладым.

Сөйтіп жүргенде үйлендім, жылдар өте берді, бала жоқ. Бала болмаған шаңырақтан ши көп шығады екен. Ақыры сөзіміз бұрынғыдай жараспаған соң ажырасып, екі баласы бар келіншекке қосылдым. Онымен де бақытым баянсыз болды. Қай жерге барсам да сәттіліктің есігі бірінен-соң бірі жабыла берді. Содан «мен қарғыс атқан адаммын, баяғы анам айтқан құстың киесі ұрды, енді маған өмір жоқ шығар», деп ащы суға сылқия тойып келе жатып, ауыл шетінде тұратын анамның жарымжан ағасының үйіне қаңғалақтап кіріп кетіппін. Ол кісі күйеуден бір баласымен қайтып келген қызымен тұратын. Анда-санда бір келген соң олар да мені елпелектеп қарсы алды. Бірі шай қойып, екіншісі дастархан жасап жүгіріп жүр. Он төрт- он бестердегі баласы да бір жақтарына шығып қалған екен. Қартпен әңгімелесіп, шай ішіп отырғанымды білем. Одан кейін өз қорылымнан оянып кеттім. Қарасам таң алакеуімдеп атып келеді екен. Жанымда жантайып жатқан ақсақалды көріп «Қарт адамдар да осылай ұзақ ұйықтай ма екен» деп ойлап орнымнан тұрмақ болдым. Қарияның иығыма ілінген қолын ұстағанда білдім, тастай екен. Есім шығып көзіне қарасам жаңа ғана ұйықтағандай көрінген қарттың көзі төбеге түйіле қарап қалыпты. Есім шығып қызына айтпақ болып төргі бөлмеге өткенімде әйелдің де жансыз жатқанын көрдім. Түндегі ішкен арақтан басым мең-зең болған мен далаға шығып өз-өзіме келмек болғам. Бірақ, табалдырықты аттай бергенде аяғыма оралған жас денеге шалынып жығылдым. Қанға бөккен жиен інімнің де көзі кіреукеленіп кетіпті. Не болған? Мен не істегем? Мың сұрақ мазалап, өзімді қоярға жер таппай тұрғанда басымнан байғыз құс қанатын суылдатып, зарлы әнін айтып өте шыққандай болды…

Осы жағдайдан кейін туысқандардың бәрі менен теріс айналды. Тек, байқұс анам ғана күдерін үзген емес. Не болғанын сұ­рауға батпаймын, ол да айтпайды. Сөйтіп, сот отырысы да болды. Қолдарында бар айғаққа сүйенген тергеуші соттан жазықсыз үш адамды малша бауыздап тастаған менің жазам қатаң болуы керек екенін айтып, жиырма екі жыл сұрады. Сот ойлана келе өз шешімін жеткізді. Сотталып кете бардым. Анам артымда жалғыз өзі жылап қалды. Жылап тұрып, маған «балам-ай, сорың арылмайтын сормаңдай болдың-ау. Баяғы құстың киесі ақыры сені айналып кетпей, жамандыққа ұшыратты-ау. Сол құсқа тиіспегеніңде мүмкін басқаша болар ма еді?» – деп жылады.

Шынында, Байғыз құсты жылатпағанда өмірім басқаша болар ма еді..?!     

Канат МЕНДИБАЕВ,

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ

 департаменті КА-168/5 мекемесі, Сотталғандар арасындағы

әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...