Жанрлық түр ретінде ХІХ ғасырда ғана пайда болғанымен, түп-тамыры одан әлдеқайда ерте дәуірлерден басталатын детектив бүгінгі таңда негізінен әдебиет пен кинода көбірек көрініс тауып жүр. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап оқырманы мен көрермені жағынан әдебиет пен кинода детективтің салмағы басым болды. Өкінішке қарай, бұл үрдіс соңғы онжылдықтарда сиреп, бұл жанрға қалам тартушылар азайған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бүкіл әдебиет саласы да елдің өзге салаларындай тоқырады. Қаламгерлердің жай-күйі, оларға бюджеттен түсетін қаражат мәселесі, қаламақы төлеу заңдылықтары да өліара кезеңді басынан кешірді. Детективтің дамуына мүдделі Ішкі істер министрлігінің де Қазақ жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп жүрген детектив шығармаларға арналған байқауы тоқтады.
«Тұрмыс сананы билейді» демекші, осы жылдары шытырман оқиғалар тақырыбына қалам тербейтін жазушылар қатары азайды. Өзге тұрмақ, әдеби шығармаларды үзбей оқып жүрген оқырманның өзі К.Тоқаевтан кейінгі детектив жазып жүрген қазақ қаламгерлерін атап берші деген кезде кібіртіктеп қалатын дәрежеде еді. Оны мерзімді басылымдарда әр жылдары жарық көрген «Қазақ детективі қай деңгейде?» (2008), «Қазақ детективі қашан жанданады? (2009), «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?» (2012), «Қазақ детективінің дегбірі қашып тұр ма?» (2016), «Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?» (2018) деген сияқты материалдардан-ақ аңғару қиын емес. Сондықтан, «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы 2018 жылы Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын жариялаған кезде біреу үмітпен, біреу күдікпен қарап еді. Бүгінде сол күдік азайып, қазақ детективінің болашағына деген сенімсіздік жойылды деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені, детектив шығармаларға арналған әдеби байқаулар жыл өткен сайын ұлғайып, бүгін олардың саны онға жуықтап қалды. Қазіргі уақытта тарихы жағынан ғана емес, жүлде қоры жағынан да өзгелерден оқ бойы алда келе жатқан «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауына қолдау көрсетушілер көбейген. Мәселен, былтыр Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков байқаудың Түркістанда өтуіне мұрындық болып, деректі детективтің жандануына атсалысты. Ал биыл дода Қызылорда қаласында жалғасты. Әбділдә Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Шытырман» жинағының тұсаукесері өтті. Бұл жинаққа 2018–2021 жылғы байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің шығармалары топтастырылған. – 1994 жылы марқұм Аманғали Шәйкенов ағамыз ең бірінші кезекте құқықтық мемлекет болуымыз керек, халық заңды және өзінің құқын білу керек деген мақсатпен «Заң газеті» мен «Юридическая газетаны» ашты. Сол кісілердің сара жолымен жүріп келе жатқанымызға 30 жылға таяп қалды.

Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын ұйымдастыру жұмысы 2017 жылы басталып, 2018 жылы корпорацияның 25 жылдығына арнап жарияланған еді. Содан бері осы байқау үздіксіз өтіп келе жатыр. Байқауда ешқандай саяси мүдде, астар жоқ. Негізгі мақсатымыз кенжелеп қалған детектив жанрын жандандыру, детектив шығармаларды оқырманға тарату, жеткізу. Биыл осы байқаудың марапаттау шарасын Қызылорда өңірінде өткізуге мүмкіндік туғызған облыс әкімдігіне алғысымыз шексіз. Жинағымыздың тұсаукесерін өткізуге, жүлдегерлерді марапаттауға барынша қолдау көрсетіп жатыр. Байқауға биыл 100-ден астам шығарма келіп түсті. Бұл таңғаларлық жағдай болды. Өйткені жыл сайын байқауды ақпан-наурыз айында жариялап жіберетінбіз де, 6-7 ай материал жинап, жеңімпаздарын жылдың аяғына қарай марапаттайтынбыз. Биыл індетке және өзге жағдайларға байланысты байқауды сәл кешігіңкіреп маусымның аяғында жариялап, қазан айының 10- на дейін материал қабылдадық. Соның өзінде 106 материал келіп түсті. Бұл қаламгерлер арасында осы байқаудың танымалдыққа ие болғанын байқатып отыр, – деді корпорация директоры Досымбек Қонысбекұлы. Оның айтуынша, «Шытырман» шығармалар жинағына 2018–2021 жылғы байқаудың бас жүлдесінен бастап ынталандыру жүлдесіне дейін иеленген авторлардың еңбектері жинақталып отыр. Ондағы оқиғалардың көбі өмірде болған. Ол бұрын детектив жанрында қалам тербемеген жазушылардың ғана емес, өзге де сала өкілдерінің қабілетін ашып, шығармашылық әлеуетін танытуға өз септігін тигізді. Ел Тәуелсіздігінің – 30, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының – 35 жылдығымен тұспа-тұс келген 2021 жылғы детектив шығармалар байқауының бас жүлдесін алған жазушы, журналист Нұрлыбек Саматұлы – солардың бірі.
«Корпорация детектив жанрын қайта жандандырды»
– Бұған дейін елімізде детективтің кенжелеп қалғаны рас. Тіпті, жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінде де әдебиеттегі проза мен поэзия жанрларының шарттарын айтқан кезде, детективті оқытпайтын. Батпаққа батып жатқан аттың жанынан жылқыларды айдап өтсе ол қанша қиналып жатса да, барлық күш-жігерін жинап, өзі ұмтылып кедергінің бәрін бұзып-жарып шығып кетеді екен. Сол сияқты «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы бәйге жариялағаннан кейін шыдай алмай мен де қатыстым. Бұрын детектив жазбаған едім. Мені оятқан – сіздер. Сіздерге үлкен рақмет. Осы бәйгеден кейін мен немерелі болдым. Ойланбастан есімін Кемел деп қойдым. Ол да сіздердің әсерлеріңізден. Енді бұл да тарих. Үйдегілер бұрын кітап оқымайтын еді, қазір сіздер шығарған детектив шығармалар жинағын бәрі таласып оқып шықты. Енді қазақтың детектив жанры дегенде сіздер қоса айтыласыздар. Өйткені, сіздер үлкен жұмыстар жүргізіп жатырсыздар, – деген Н.Саматұлының сөзін биылғы байқаудың жүлдегерлері де қоштады. «Шытырманның» тұсаукесерінде «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының Қызылорда өңіріндегі іс-шараларын өткізуге қолдау көрсеткен және атсалысқан бірқатар ел азаматтары Алғыс хатпен марапатталды. Олар – облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, Әбділдә Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Нұрлыбек Кәрібозұлы, ақын Мақсат Дауылбайұлы, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Шернияз Жалғасбекұлы, Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Әлия Түбекбаева және осы байқауды ұйымдастыруға ұйытқы болған Әмірбек Бердібекұлы. Бұдан бөлек «Заң газетінің» ардагері Бейбітбек Бүркітбайұлының иығына шапан жабылды. Марапаттау рәсімінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов: «Тарихы терең, топырағы кенен, береке-бірлігі жарасқан Сыр жері ұлтымыздың бағына туған талай дарабоз дарынды тербеткен өңір. Тереңге тамыр тартып сөзден маржан терген осындай даладан қазақ руханиятының қаншама қабырғалы қайраткерлері түлеп ұшты. Біз өткенін бағалай білетін, қазіргісін саралай алатын, сөздің қадірін ұғатын халықтың ұрпағымыз. Кешегі өткен ұлыларымыз бен даналарымыз, ақындарымыз бен жазушыларымыз бүгінгі жас ұрпаққа әрдайым дәріптеліп, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді. Кемел Тоқаев ХХ ғасырдың қазақ әдебиетінің алтын ғасыры атануына өлшеусіз үлес қосқан жазушы. Әлем детективінде Артур Конан Дойльдың аты қандай танымал болса, қазақ детективіндегі Кемел Тоқаевтың орны дәл сондай биік. «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының бастамасымен жыл сайын детектив шығармалар байқауы ұйымдастырылуда. 2018 жылы бастау алған бұл шара бір кездері көш соңында қалған әдебиеттің детектив жанрын қайта жандандыруға өз септігін тигізуде. Былтыр қазақтың рухани астанасы Түркістанда өткен додада біздің жазушыларымыз Нұрлыбек Сафин мен отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов үздіктер қатарынан көрінді. Қос қаламгердің авторлығымен «Тәуелсіздік қырандары» атты деректі детективтік көркем әңгімелер жинағы жарық көрді. Бабалардан қалған ұлылықты тәлім етіп, ұрпақ бойына сіңіру, өскелең өрен үшін, байыпты болашақ үшін аса маңызды, – деп биылғы байқаудың Қызылордада өтуіне қолдау көрсетуге осы жағдай түрткі болғанын атап өтті.
Миллионер мұғалімнің арманы
Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауына биыл 3,5 айда 106 туынды келіп түсті. 1 млн теңге сыйақысы бар бас жүлдені Жетісу облысынан қатысқан мектеп мұғалімі Асхат Өмірбаев «Қылмыскердің күлкісі» деген шығармасымен жеңіп алды. 750 мың теңге сыйақысы бар 1-орынды «Үтіктегі қан» шығармасы үшін Алдажар Әбілов (Қызылорда облысы) иеленді. 500 мың теңгеден сыйақысы бар жүлделі 2-орынға «Тылсым түннің құпиясы» шығармасымен Бақыт Жалиева (Ақтөбе облысы) мен «Тамұқтан жеткен үн» шығармасы үшін Нұрлан Шынтаев (Алматы облысы) лайық деп табылды. Ал 300 мың теңгеден сыйақысы бар 3-орынға «Түтін» шығармасымен Айгүл Кемелбаева (Астана қаласы) мен «Оралманның ойраны» шығармасымен Тұрақ Адисұлы (Қызылорда облысы) ие болды. 500 мың теңге көлемінде сыйақысы бар «Оқырман таңдауы» аталымында Дидар Амантайдың (Алматы қаласы) «Алқаракөк» шығармасы үздік деп танылды. Меценат Арман Тосқанбайдың арнайы жүлдесіне (соңғы үлгідегі ноутбук) Сая Исабай (Алматы қаласы) ие болды. Ал Шернияз Жалғасбекұлы (Қызылорда облысы) мен Қабыл Дүйсенби (Шымкент қаласы), Қанат Ғұмаров (Орал), Сайлау Төлеуов (Көкшетау), Елена Әбдіхалықова (Қызылорда) ынталандыру сыйлығын алды. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық сотының бағалы сыйлығы «Тергеу аяқталған жоқ» шығармасы үшін Бағдат Қалаубайға тапсырылды.
Ал облыстық полиция департаментінің арнайы жүлдесімен байқоңырлық Нұргүл Нұрбайқызы марапатталды. Сондай-ақ, «Заң газетінің» арнайы сыйлығы Жантас Еркінұлына «Пышақ жоғалған түн» шығармасы үшін берілді. Әмірбек Бердібекұлы мен Нұрлыбек Сафин ҚР Ішкі істер министрінің алғыс хатымен, «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев, «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаева, «Заң» журналының бас редакторы Түймегүл Ибашева және жазушы Нұрлыбек Сафин «ҚР Полициясына 30 жыл» медалімен марапатталды. «Ш.Құдайберді атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіргем. Мамандығым бойынша Қарғалы ауданында 1 жылдай ғана жұмыс істедім. Одан кейін аудандық «Қаратал» газетінде, тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор болып 15-16 жыл журналистика саласында еңбек еттім. Басылым жекешеленген соң мектепке қайта оралдым. Еңбек етіп жүріп Е.Бөкетав атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің магистратурасын тәмамдадым. Жазушылық жаныма жақын екенін аңғарам, онымен кәсіби түрде айналысқым келеді», – деген А. Өмірбаев К.Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауына былтыр қатысқысы келген екен. Алайда Түркістан облысы судьяларының еңбегін насихаттау керек деген талапқа сәйкес ол жақтан материал алып үлгермеген. Биыл жазылған «Қылмыскердің күлкісі» оның детектив жанрындағы ең алғашқы туындысы болып отыр. «Заң газетіне» шыққан басқа қатысушылардың шығармаларын үзбей оқып жүрген ол ынталандыруға ілігетініне сенімді болғанын, бірден бас жүлде алам деп ешқашан ойламағанын айтты. «Әңгімемнің оқиға желісі өмірден алынды. Онда өгейлік тақырыбын қозғай отырып, отбасылық құндылықты сақтауға үндегім келді. Жалпы, өзім артыма өміршең дүниелер жазып қалдырғым келеді. Жүлде қаламгерді шабыттандырып, жақсы шығарма жазуға ынталандырады. Дарынсыз шығарма қанша сыйлық алса да, тағдыры қиын болады. Оқырман ешкімнің атақ-абыройына емес, жазып қалдырған шығармасына қарайды. Қаламгер ең алдымен өз шығармасына сын көзімен қарай білу керек. Оның шығармасы оқырманның өмірге деген құштарлығын оятуы қажет», – дейді А.Өмірбаев. Сол себепті, ол кітап шығарам деп жинап жүрген аудандық, облыстық газеттерге шыққан 70-80 шақты өлеңін бір күні түгел өртеп жіберген және ол үшін еш өкінбейді. Поэзиямен мектеп қабырғасынан бастап әуестенген ол, кейін сатира жанрына да қалам тербеген. Ал прозадағы «Бір шоқ гүл» деп аталатын шағын әңгімесі 2006 жылы «Қаратал» газетінде жарияланады. Онда екі баланың 8 наурыз мерекесі кезінде өздерінің жинап жүрген тиындарына анасына гүл алып бергенін жазған. Оны оқырмандар жақсы қабылдаған соң «Мен өмірді сендер үшін сүрем» деген шығармасы облыстық «Жетісу» газетіне шығады. – 2009 жылы халықаралық «Дарабоз» байқауында «Еңлікгүл тауда өседі» деген әңгімем ынталандыру жүлдесін алды. 2010 жылы «Үркер» журналының байқауында «Аялдама» деген әңгімем 2-орын алды. Шығармаларым бірнеше жинаққа енген. 2013 жылы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Мен сізге ғашықпын» деген кітабым жарық көрді. Кейін «Туған жер» деген балаларға арналған 2-3 ертегі мен әңгімелер, повестерім жарық көрді. 2017 жыл С. Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана жариялаған ертегілер байқауында 1-орын алдым. Содан бері балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрмін. Ересектерге тек белгілі бір оқиға болмаса жазбаймын. Арманым Ганс Христиан Андерсон атындағы сыйлықты алу. Қазір жасым қырықта. Бұл менің ең өндіріп жазатын кезім, – дейтін Асхат қазір бес баланың әкесі. Үлкен қызы әке жолын қуып ертегілер жазып жүрген көрінеді.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


