1945 жыл 26 маусым адамзат тарихында ерекше орын алатын күн. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы қабылданғанына 80 жыл толып отыр. Бұл құжат ондаған жылдарға созылған қарулы қақтығыстар мен соғыстарға нүкте қойып, жаңа халықаралық тәртіптің негізін қалады. 1945 жылы 26 маусымда Сан-Францискода 50 мемлекеттің өкілдері соғыс пен қақтығыстардың алдын алу, бейбіт ынтымақтастық пен адам құқықтарын қорғау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды. Қазіргі сын-қатерлерге қарамастан, БҰҰ әлемдік қоғамдастықты біріктіретін, құқықтық диалог алаңы болып қала береді.
Соңғы 80 жылда адамзат көптеген дағдарысты бастан өткерді, дегенмен үшінші дүниежүзілік соғыстың қаупін сейілтіп, алдын алды. Бұл – 1945 жылдан кейін құрылған халықаралық институттардың, соның ішінде БҰҰ-ның айқын жетістігі. Ұйымның екінші Бас хатшысы Даг Хаммаршёльдтің сөзімен айтсақ, «БҰҰ адамзатты жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан аман сақтау үшін құрылды».
Ұйымның нақты жетістіктері де аз емес. 2000–2015 жылдары іске асырылған Мыңжылдық даму мақсаттарының аясында кедейлік пен бала өлім-жітімі айтарлықтай азайды, білім мен медицинаға қолжетімділік артты. Қазір адамзат Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жету жолында, бұл бағыттағы жұмыс пандемия, климат дағдарысы және геосаяси шиеленістерге қарамастан жалғасып жатыр.
БҰҰ тарихында отарсыздандыру үдерісінің алатын орны ерекше. 80 жыл бұрын жер шарының басым бөлігін отарлық үстемдік жайлап тұрған еді. Бүгінде Азия, Африка, Кариб бассейні мен Тынық мұхит аймағындағы 80-нен астам ел өз тәуелсіздігін алып, БҰҰ қатарына қосылды. Бұл – халықтардың өзін-өзі билеу құқығы мен мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидатының жеңісі.
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап БҰҰ-ның бастамалары мен бағдарламаларынабелсене қатысты. 1992 жылдың наурызында еліміз ұйымға толыққанды мүше болып қабылданды. Содан бері Қазақстан бейбітшілік, ядролық қарусыздану, орнықты даму және көпвекторлы дипломатия қағидаттарын ұстанып келеді.
Еліміз бірқатар БҰҰ бейбітшілік миссияларына қатысып, жаһандық бастамалар көтерді. Солардың бірі — 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары. Бұл бастама — Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабу және ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту тәжірибесінің нәтижесі.
2017–2018 жылдары Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азиядан сайланған алғашқы тұрақты емес мүшесі болды. Осы кезеңде еліміз Сириядағы жағдайдан бастап Ауғанстан және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне дейін бірқатар бастамалар ұсынып, бейбіт диалогқа дәнекер болды.
2025 жылғы 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы резолюцияны қабылдады. Бұл шешім елдің «Күн тәртібі–2030»-ды іске асырудағы жүйелі жұмысына, сондай-ақ өңірде инклюзивті, «жасыл» және цифрлық бастамаларды ілгерілетуге қосқан үлесіне берілген жоғары баға болды. Алматыдағы хаб – БҰҰ құрылымдары, Үкімет, ғылыми қауымдастық және азаматтық қоғам арасындағы маңызды үйлестіруші алаңаға айналды.
Қазір Қазақстан БҰҰ-ның климаттың өзгеруімен күрес, цифрлық трансформация, гендерлік теңдік және әлеуметтік инклюзия салаларындағы бастамаларына белсенді түрде қатысуда. Еліміз Жаһандық цифрлық келісімді қолдап, «Болашақ үшін пактіні» әзірлеу процесіне атсалысты.
«Қазақстан – тәуелсіздік алған сәттен бастап БҰҰ-ның сенімді әрі белсенді серіктесіне айналды. Елде 2030 күн тәртібі мен Тұрақты даму мақсаттары, адам құқықтарын қорғау қағидаттары кең қолдау тапты. Соңғы жылдары БҰҰ мен Қазақстанның бірлескен күш-жігерінің арқасында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, экология салаларында ондаған бағдарлама іске асты. Сонымен қатар біз ақпараттық қоғамда цифрлық және медиасауаттылықты арттыру, деректер журналистикасы мен экожурналистиканы дамыту, жасанды интеллект пен БАҚ арасындағы байланысты зерделеу бағытында нақты қадамдар жасадық», — деп атап өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық бюросының басшысы — БҰҰ Ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек мырза.
Оның айтуынша, қазір Қазақстандағы БҰҰ жүйесі ақпараттық қауіпсіздік, климат тұрақтылығы, жастардың медиамәдениетін көтеру және цифрлық әділеттілік бағытында да белсенді жұмыс атқарып келеді.
Қазіргі әлем аумалы-төкпелі кезеңде тұр. Украинадағы соғыс, Газа мен Судандағы қақтығыстар, жаһандық экономикадағы тұрақсыздық пен теңсіздік шиеленісіп барады. Мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы және халықаралық институттардың әлсіреуі – күрделі сын. Осындай сәтте халықаралық ынтымақтастық пен ортақ ұстанымдар бұрынғыдан да маңызды.
БҰҰ-ның 80 жылдығы – тек мерейтойлық дата емес. Бұл – бірлік пен үміт рухын жаңғыртып, ортақ жауапкершілік пен өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік. Бұл – халықаралық құқықты, жаһандық келісімдерді жаңғырту, БҰҰ-ны цифрлық дәуірге бейімдеу, оны инклюзивті және барша үшін қолжетімді ету кезеңі.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының төрағасы Филемон Янг атап өткендей, біз тарихи бетбұрыс кезеңіне аяқ бастық. Осы шақта бізге «Сан-Франциско рухы — ынтымақтастық, жауапкершілік және болашаққа сенім рухы қажет. БҰҰ-ның болашағы осы рухтың өміршеңдігіне тікелей байланысты».
Профессор
Гүлмира Сұлтанбаева