Жұрттың жылдар бойы жалақысы өспей, қарапайым жұрт қарызға белшеден батып жатқанда миллиардтар министрлердің жол шығынына кетіп жатыр. Үкімет үнемділікке үйретіп, үлгі болудың орнына сала басшылары сан миллионды іссапарларға ғана шығындап жүр.
Миллион тұратын жол шығын
Жақында Сауда министрі Бақыт Сұлтанов Алматы мен Талдықорғандағы екі күндік іссапарына 10 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Осынша қаражат шенеуніктің Алматы мен Алматы облысына барған сапары үшін қарастырылыпты. Министр алдымен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен, артынша Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен Талдықорғанда кездескен. Шекара аспай-ақ, ел ішінде жүріп екі әкіммен кездесуі үшін бюджеттің 9 миллион 600 мың теңгесі шығындалған. Қоғам наразылығынан соң ғана Сауда және интеграция министрлігі өкілдері Премьер-Министрдің орынбасары-ведомство басшысы Бақыт Сұлтановқа қатысты түсініктеме берді. Олардың сөзіне сенсек, Бақыт Сұлтанов көп жағдайда эконом класпен ұшады екен. Бірақ бұл жолы министр аймақтарға шұғыл жетуі тиіс болыпты. «Бизнес-класс эконом класта билеттер болмаған жағдайда ғана шұғыл жағдайларда ұшуға тура келді. Үкіметтің «Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге арналған шығындарды өтеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасарларын бизнес класс тарифі бойынша әуе көлігімен тасымалдауға рұқсат етілді»,– деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Нақты жағдайда мәселелерді сол жерде шешу үшін бірқатар мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын делегацияның ұшып шығу қажеттілігі болғандықтан, арнайы пайдаланылған көрінеді. Бірақ Бақыт Сұлтановтың іссапарға жұмсаған 9 миллион 600 мың теңгесі нақты кімдердің, қандай маманның шығынына кеткені туралы ақпарат көрсетілмеген.
Бизнес класс кімдерге арналған?
«Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге арналған шығындарды өтеу қағидаларын бекіту туралы» қаулыға сәйкес, мемлекеттiк мекемелердiң басшылары мен орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың аппарат басшылары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Президент кеңсесінің бастығы, сондай-ақ, депутаттар мен Жоғарғы Соттың судьялары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларына іссапарға барса, жатын орындары үшін тәулiгiне АЕК-тің он еселенген мөлшерiнен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда жеті еселенген, аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде бес еселенген мөлшерден аспауы керек. Ал мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін уақытша жатын орындарын жалдау Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында тәулігіне айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда алты еселенген, аудан орталықтары, аудандық маңызы бар қалалар мен Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде төрт және ауылдық округтерде АЕК-тің екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Сонымен бірге, баратын жерге және кері қарай жол жүру бойынша көрсетілген жол жүру құжаттарының негізінде темiржолмен жүрген кезде – купе вагонында жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолы екі орындық купе керек. Су немесе тас жолдармен жүрсе, жергiлiктi жерде қолданылып жүрген жол жүру құны бойынша, ерекше жағдайларда орталық мемлекеттік органның аппарат басшысының өкiміне сәйкес темiржол көлiгiмен жол жүрген кезде жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолы екі орындық купе тарифтері, әуе көлiгiмен болса экономикалық класс тарифі қолданылады. Енді мемлекеттік орган басшысы мен орынбасарлары, оларға теңестірілген тұлғалар, орталық мемлекеттік органның аппарат басшысы, мемлекеттiк мекеме басшысына әуе көлiгiмен жол жүрген кезде экономикалық класс тарифі беріледі. Ал Сенат пен Мәжіліс төрағалары мен орынбасарлары, Жоғарғы Сот төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасарлары, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің басшысы мен орынбасарлары, Тұңғыш Президент Кеңсесінің басшысы мен орынбасарлары, Елбасының көмекшілері, Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Президент кеңсесінің бастығы, сондай-ақ, оларға теңестірілген тұлғалар әуе көлігімен жол жүрген кезде «Бизнес» класс тарифімен ұшады.
Министрлердің миллиондаған жол шығыны бүгін ғана айтылып жатқан жаңалық емес. Есте болса, кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың Ақтауға барған сапарында тек бір бағыттағы ұшағына 12,5 миллион теңге жұмсалғаны мәлім болған. Былтыр да бұқаралық ақпарат құралдарында жылына 516 миллион қаражат Премьер-Министр кеңсесінің жайлы ұшып-қонуы үшін жұмсалатыны белгілі болып еді.
Есеп тыңдау да ерекше екен
Жол шығынына қатысты қаулыға сүйенсек, шұғыл жетуі тиіс ерекше сапар қандай? Бұл елден тыс жерге, транзитпен жүріп өткен кезде, көлік құралдары болмаған немесе іссапар шұғыл болғанда жасалады. Вице-премьер ақпанның 15-нде Алматыға ұшып барған. Ол мұнда қала әкімімен жиналыс өткізіп, сауданы дамыту және бағаны тұрақтандыру бойынша мәселені талқылаған. Ертесі Талдықорғанға атбасын тіреп, бұл жерде де облыс әкімінің есебімен аймақтың мәселесін тыңдаған. Біз білмейтін бұл сапарда қандай қауырт мәселе қаралғанын қайдам, әйткенмен, әкіммен кездесуді зум арқылы онлайн өткізуге де болады. Бетпе-бет кездесу ұйымдастыру маңызды болған күннің өзінде бір жарым сағаттық әуе көлігінің эконом класын неге пайдаланбасқа?! Мүмкін елмен бірге әуе жолаушылар кемесіндегі халықтың айтарын тыңдап, аймақтағы мәселенің төркінін түсінуге мүмкіндігі молынан болар еді.
Сенатор Нұрлан Бекназаровтың пікірінше, шенеуніктердің іссапарына кеткен шығынның тиімді тұсын қарастыратын уақыт жетті. «Атқамінерлердің жеке ұшақпен, арнайы бортпен ұшуы қаншалықты тиімді? Мысалы, депутаттар жоспарлы түрдегі іссапарлардың барлығына эконом класпен ұшамыз. Берген орнына отырып, тіркеу жасатып, көппен бірге кез келген аймаққа, халықпен кездесуге уақытында барып жүрміз. Ал мемлекеттік қызметтегі лауазым иелерінің жол шығындарына мол қаражат жұмсалатыны жайлы соңғы уақытта жиі айтылып жүр», – дейді сенатор. Сондықтан Нұрлан Бекназаров азаматтардың қауіпсіздігі мен өміріне қатысты апатты жағдайларда, не болмаса шұғыл бармаса шешілмейтін, сала басшысы өзі баратындай қажетті жағдай туындап тұрса, арнайы бортпен ұшу түсінікті екенін жеткізді. Бірақ жоспарлы іссапарларда атқамінерлер де жұртпен бірге эконом класпен ұшуына, шығыны аз қарапайым көлікпен баруына кедергі жоқ. Қарапайым көлікпен қатынау қазына қаржысын үнемдеуге мүмкіндік әкеледі. Екіншіден, шенеуніктің халық алдындағы беделі артады. Үшіншіден, жұрттың жайынан хабардар етеді. Айтпақшы, шенділердің жол шығыны қалай есептелетінін және соңғы екі жылдағы сапарға қазынадан қанша қаражат қарастырылғаны туралы Есеп комитеті мен Қаржы министрлігіне де сауал қойдық. Әйткенмен, қызықтырған сауалға жауапты беріп қойдық деген Премьер-Министрдің баспасөз қызметі де миллион тұратын жол шығынды емес, ұшақ бортындағы комиссия құрамын айтып құтылып кетті.
Мемлекеттік қызметте іссапарсыз іс бітпейтіні түсінікті. Аймақтағы айтып келмейтін апат пен жергілікті жұрттың жағдайымен танысу мемлекеттік орган басшылары үшін маңызды. Бірақ халықтың жайын жал-жая жеп, жайлы ұшақпен ұшып-қонып жүргендер түсіне ме дейсің. Әйтпегенде Министрлер кабинетінің мүшелері ақшаны үнемдеп ұстау керегі туралы кеңесті жұртқа жиі айтып жүреді емес пе?! Алайда атқамінерлер қауіпті дерт алқымнан алып, халық қарапайым дәрі алуға ақша таппай сандалып жүргенде, Үкімет мүшелерінің жыл сайынғы жол шығынына қазынадан миллиардтар бөлінгеніне қарап-ақ қаулыны өзгертуге құлық танытқандар шықпайтын секілді. Министрлер кабинетінің миллиондар жұмсалатын іссапарлары заңмен реттелсе, қос палатамен бірге қоғам өкілдері де бюджет шығынын қысқартуға білек сыбана кірісері анық.
Жадыра Ахметова