Қазақстанда ажырасу азаймай тұр. Осыны ескерген депутаттар жаңа дайындалған Салық кодексінде ажырасушылар төлейтін мемлекеттік баждың көлемін ұлғайтуды ұсынғаны белгілі. Қазіргі кезде 0,5 айлық есептік көрсеткіш (1966 теңге) көлемінде баж салығын төлейтін жұптар алдағы уақытта 5 АЕК-ке (19660 теңге) шығындалуы мүмкін. 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілгелі отырған бұл жаңашылдық ажырасуға ниеттілердің санын кеміте алса ұтқанымыз. Алайда, некені бұзуға шешім қабылдағандарға ештеңе кедергі бола алмайтынын сот тәжірибесінен көріп, біліп отырмыз.
Ал дәл қазіргі статистика көңіл көншітпейді. 2025 жылдың алғашқы екі айының өзінде Қазақстанда 3,5 мың неке бұзылған. Жалпы, Қазақстандағы тіркелген некенің жартысына жуығы ажырасумен аяқталады. Бұл қуанып айтатын жағымды көрсеткіш емес. Себебі, осыншама неке бұзудың артында қаншама отбасының, қаншама адамның тағдыры тұр. Ажырасудың салдарынан талай баланың сағы сынып, әке мен ананың мейірімін тең көре алмай келеді.
2024 жылы Қазақстанда 40 569 ажырасу тіркелсе, оның 35 пайызы 1 жылдан 4 жылға дейін некеде тұрған жұптарда орын алған. Ажырасудың себептері әртүрлі. Оған көбіне-көп туыстардың араласуы, моральдық шектеулердің болмауы және ажырасу процедурасының оңайлығы түрткі болып жатады. Сонымен бірге, тұрмыстық қиындық, қызғаныш, ішімдік пен нашаға әуестік те аз әсерін тигізді. Кейінгі уақытта бұл қатарға құмар ойынға тәуелділік пен түрлі психолог, коучтардың сауатсыз дәрістері де ықпал етуде.
Жалпы мемлекеттің мықты болуы – әрбір отбасының беріктігіне байланысты. Ажырасудың артуы отбасылық құндылықтың төмендеуінің белгісі. Ата-анасын сыйлаған, отбасылық тәрбиені басты орынға қойғандар ашуға емес, ақылға салып шешімін қабылдар еді. Әлбетте, бұл жерде балалардың мүддесі де басты орында тұруы керек. Өйткені, ерлі-зайыптлар арасында туындаған мәселеге бала кінәлі емес. Өкінішке орай, жеке басының қызығушылығын басты орынға қойғандар ата-аналық міндетіне, бала алдындағы жауаптылыққа салғырт қарайды.
Қазіргі жастардың үйлену туралы шешімді қабылдауы да, ажырасамын деген ойға келуі де өте тез. Оларды ата-ананың абыройы, отбасының ертеңі, баласының болашағы ойландырмайды. Ажырасуды барлық қиындық жеңудің шешімі ретінде қабылдайтындар жетерлік. Алайда, некені бұзумен барлық мәселеден араламын деу қате түсінік. Некені бұзудың соңы көптеген дауға, сот процестеріне жалғасады.
Араларында ортақ баласы бар, мүлікті бөлуге қатысты дау туындаған тараптардың талабы сот арқылы шешіледі. Сот мұндайда ерлі-зайыптылардың татуласуына уақыт белгілеп, отбасын сақтап қалуға барынша тырысады. Дегенмен, сотқа дейін ойланып, толғанып, бір шешімге кеген азаматтардың пікірін өзгерту өте қиын. Сондықтан, ажырасудың алдын алуға қатысты жұмыстарды кешенді түрде жүргізу керек. Ең алдымен ата-анасы шаңырақ көтергелі отырған баласына жанұя жауаптылығын ұғындыруы шарт. Отбасының рөлін, маңызын айшықтау үшін күміс, алтын, жақұт тойына жетіп, қол ұстасып қатар жүрген бақытты жұптардың өмірін, тәрбиесін насихаттап, дәріптеу кезек күттірмейді. Телеарналарда отбасылық құндылықты, әке мен ананың орнын көрсететін хабарлар тарату маңызды. Жоғары, арнаулы оқу орындарында жиындар, имандылық сабақтарын ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырған абзал. Шаңырақтың шайқалмауы – ерлі-зайыптылар сезімінің мықтылығына ғана емес, сенімінің беріктігіне, қиындыққа төзімділігіне, кедергіні бірігіп жеңе білуіне байланысты. Ажырасудың салдары туралы айтқанда міне осы мәселелерді тарқатып, түсіндіріп берген дұрыс. Сонда ғана санаға әсер етіп, некенің сақталуына себепкер болуымыз мүмкін.
Қанат Ермеков,
Алматы қаласы
Жетісу аудандық сотының судьясы