«Ата заң» атауының тарихи шығу тегі қазақтың құқықтық дәстүрімен және тілдік мәдениетімен байланысты.
Қазақ қоғамында “ата” сөзі әрдайым қадірлі, бастапқы, түпкі түбірлі негіз ұғымын берген. Мысалы, ата-баба, ата жұрт, ата жолы тағы сол сияқты.
“Ата жолы” немесе “ата заң” деген тіркестер ертеде әдет-ғұрып нормалары мен билер шешімдерін сипаттап белгілеген. Бұлар халықтың өмір сүру ережелерімен сәйкес болған.
Қазақ хандығы дәуірінде Қасым ханның “Қасқа жолы”, Есім ханның “Ескі жолы”, Тәуке ханның “Жеті жарғысы” елдің сол кезеңдегі негізгі заңдық құжаттары ретінде қолданылған. Халық оларды “ата жолы” деп те атап кеткені осыдан.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін, 1995 жылғы жаңа Конституция қабылданғанда, ол мемлекеттің тәуелсіздігін, құқықтық жүйесін бекітетін ең жоғарғы заң ретінде “Ата заң” деп аталды.
Тарихи тұрғыдан салыстыратын болсақ, «Жеті жарғы» — дәстүрлі қоғамдағы тәртіпті, қауіпсіздікті және руаралық бірлікті қамтамасыз етуге негізделген заңдар жиынтығы болса, Конституция бүгінгі таңда заманауи, демократиялық және халықаралық стандарттарға сай бүкіл халыққа тең құқық беретін, заманауи мемлекет құрылымын бекітетін негізгі ЗАҢ.
Биыл тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясына – 30 жыл толып отыр. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыз мемлекетіміздің іргетасын бекемдеп, демократиялық даму жолын айқындаған тарихи құжат.
Конституция – біздің мемлекеттілігіміздің кепілі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын басты заң. Онда Қазақстанның зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі сипаты айқын бекітіліп, билік тармақтарының өзара теңгерімі, халықтың билікке қатысу тетіктері нақты көрсетілген.
Сот жүйесі де осы Ата Заң негізінде қалыптасып, дамып келеді. Конституцияның 75-бабында сот билігі тек соттарға тиесілі екендігі, олардың міндеті — заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету екені жазылған. Бұл қағида сот органдарының тәуелсіздігін, ашықтығын және әділеттілігін нығайтуда шешуші рөл атқарады.
Сот әкімшісінің мемлекеттік қызметкерлері ретінде біз Конституцияда бекітілген қағидаларды күнделікті қызметімізде басшылыққа аламыз. Азаматтардың сотқа қолжетімділігін қамтамасыз ету, істердің уақытылы және сапалы қаралуына жағдай жасау – біздің негізгі міндетіміз. Бұл – тек кәсіби талап қана емес, сонымен бірге Ата Заңға және халық алдындағы адал қызметті атқарудың белгісі.
30 жыл ішінде еліміздің сот жүйесі де үнемі жаңарып, заманауи технологиялар енгізілді, электронды сот өндірісі кеңейді, сот төрелігі сапасы артты. Мұның барлығы Конституция бекіткен құқықтық мемлекет құндылықтарының нақты көрінісі деп білеміз.
Ата Заңымыз ел бірлігінің, тұрақтылығы мен өркендеуінің берік кепілі.
Біз оны құрметтеу, қорғау және оның талаптарын мүлтіксіз орындау арқылы тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосамыз.
Конституцияның 30 жылдығына орай елімізде бірталай іс шаралар жүзеге асырылуда. Солардың бірі, Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық. Бұл қылмыстық саясатты ізгілендіру және адамгершілік қағидатын ұтымды қолдану бағытындағы маңызды қадам. Амнистияға сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм, азаптаулар, кісі өлтіру және басқа да ауыр қылмыстар жасағандар кірмейді.
Амнистияның қоғамдық маңызы мен әлеуметтік-экономикалық әсері зор. Ол гуманизм мен адамгершілік қағидатын көрсететін іс-шара. Түрмедегі жүктемені азайтып, бюджетке де үнемделу әкеледі. Ол қоғамға қауіпсіз әрі әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан елеулі көмек көрсетеді. Сонымен бірге, жазасын өтеген азаматтарға қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік бере алады.
Қорытындылай келе, Азат елдің 30 жылдық Конституциясы – еліміздің демократиялық жолының темірқазығы. Оны құрметтеу және жүзеге асыру әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Ата заңның кіршіксіз жұмыс істеуі үшін әр азамат оның талаптарын құрметтеп, өз құқықтары мен міндеттерін толық білуі тиіс. Заң үстемдігі қатаң сақталып, ешбір тұлға немесе ұйым Конституциядан жоғары тұрмауы керек. Билік тармақтары яғни атқарушы, заң шығарушы, сот билігі өзара теңгерімді болып, бір-бірін бақылау және тежеу жүйесі мінсіз жұмыс істеуі қажет. Сот тәуелсіздігі қамтамасыз етіліп, әділдік пен шындық әрбір шешімнің негізіне айналуы шарт. Сонда ғана Ата заң – мемлекет тірегінің мызғымас кепілі бола алады.
Ең бастысы Ата заңның кіршіксіз жұмыс істеуі үшін қоғамда құқықтық мәдениет жоғары болуы, заң үстемдігі қамтамасыз етілуі және әр азамат оның нормаларын құрметтеуі керектігін терең ұғыну мағызды.
Ешкім заңнан жоғары болмауы тиіс. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып, әркім өз құқықтары мен міндеттерін білгені абзал.
Алматы гарнизонының
Әскери сот әкімшісінің басшысы
Тамашаева Дана Ермекқызы