Қазақ тілінің ел үшін құндылығы жоғары. Оның саңызы мемлекеттік рәміздерден кем емес. Себебі, тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ал ұлт сақталуы үшін туған тілінің сақталуы міндет.
Еліміздегі мемлекеттік тілдің мәртебесі Ата Заңымыздың 7-бабында айқындалған. Бас құжатта көрсетілгендей қазақ тілі мемлекеттің бар аумағында, оның кез-келген түкпірінде кедергісіз қолданылуы тиіс. «Тіл туралы» заңның 4, 13-баптарында дәйектелгендей, мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Осыдан көріп тұрғанымыздай сот ісін жүргізудегі басты тіл де – қазақ тілі. Сот құрылымдарының кіріс-шығыс құжаттары толық мемлекеттік тілде жазылып, сот қызметінде басымдық қазақ тіліне берілгенімен, соттағы мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесі төмен.
Мысалы Азаматтық процестік кодекстің 14-бабында: «азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады» деп нақтыланған. Міне, осы құжатқа сүйене отырып сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленетінін түсінуіміз керек. Яғни, сотқа қай тілде арыз жазу азаматтардың жеке құқығы.
Десек те, соттағы мемлекеттік тілге байланысты статистиканың бұзылуына ең алдымен азаматтардың қазақ тілінде құжат жазуға немкетті қарауы, орыс тілін мемлекеттік тілден жоғары қоюы түрткі болып жатады. Кейбір азаматтар әлі күнге дейін орыс тілінде жазылған арызға құзырлы органдар жауапты қарайды, орысша арыз жазу жеңіл, түсінікті деп уәж айтады. Шын мәнінде қазір арыз үлгілерінің бәрі мемлекеттік тілде дайындалған. Заң терминдері де бірізді аударылған. Яғни, дайын үлгілерді пайдалана отырып талап арыздарын жазу еш қиындық келтірмейді. Ал шығамдардың қаралуы сапасын тілге байланысты деу түбірімен қате. Себебі қазір сот судьяларының барлығы дерлік қос тілде іс жүргізуге дағдыланған. Керісінше, азаматтар өздері қай тілде ойын жақсы жеткізе алса, қай тілде еркін сөйлесе, сол тілде өз құқығын қорғағаны тиімді. Адокат пен заңгерлердің сөзіне еріп, арызды өзі түсінбейтін тілде жазатындар сотта кібіртіктеп, өз мүддесін дұрыс қорғай алмайтыны шындық.
АПК-нің 14-бабының 3-бөлігіне сәйкес іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар беру, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сөйлеу; осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Мұны да азаматтардың құқығын сапалы қорғау мақсатында енгізілген құқықтық қолдау деп бағалағанымыз жөн.
Істі сотқа дейін әзірлеу барысында талап қоюшының талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, сот талапкердің жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады. Сонымен бірге, тараптардың тең құқық қағидасын ескере, сот осы сұрақ бойынша жауапкердін пікірін анықтауға міндетті. Егер жауапкер де сот ісін жүргізу тілін білмесе және іс жүргізу тілін өзгертуге қарсы болмаса, екі тараптың жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен іс жүргізу тілін өзгертуге құқылы. Бұл сұрақтар міндетті түрде істі сот талқылауына дайындау кезінде анықталып, шешілуі қажет.
Жалпы алғанда азаматтардың өз мүддесін сотта мемлекеттік тілде қорғауына тосқауыл жоқ. Тосқауыл тек адамның миында. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, қолданыс аясын кеңейткіміз келсе, сот ісінде ғана емес, күнделікті өмірде де қазақ тіліне басымдық беруге тиіспіз. Тілдің болашағы – әрқайсымыздың қазақ тіліне деген жанашырлығымызға байланысты екенін ұмытпайық!
Төленді Боранов,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы