Елімізде халыққа Азаматтық істер бойынша білікті заң көмегін көрсету, оның заңдылықтарын ұғындыру қажет. Олай болмаған жағдайда, тараптар арасында шиеленістер артып, құзырлы органның әділдігіне күмән туындауы мүмкін.
Қазақстанда сот қана мемлекет пен тұтастай коғамның атынан сот төрелігін жүзеге асыра алады. Соттың биліктік өкілдіктерін басқа біреудің иемденіп алуына тыйым салынады және құқықтық жауапкершілікке әкеліп соғады. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға бағынады. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді жоне ол заң бойынша жауапкершілікке әкеліп соғады.
Адам өз құқықтарын сот арқылы қорғаудың маңызы зор. Азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша сот билігі органдарының қызметі азаматтық іс жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін реттейтін құқық нормаларының жиынтығы, сондай-ақ сот қаулыларын мәжбүрлеп орындату тәртібі азаматтық іс жүргізу құқығы деп аталады.
Азаматтар мен ұйымдар заң мен сот алдында тең. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында азаматтардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысы да қандай да мән-жайлары себепті кемсітілмеуі тиіс. Жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қажет. Азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық процеске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешімдер мен іс-әрекеттерге тыйым салынады. Сотта істі қараудың жариялылығы. Бұл кағида барлық соттарда істі қарау ашық сот отырысында жүргізілетінін білдіреді. Заңда сот отырысына қатысқысы келетіндердің барлығына рұқсат берілген, соның ішінде БАҚ өкілдеріне де. Сот отырысының залына, егер іске қатысы бар адамдар немесе куә болмаса, он алты жаска толмаған азаматтар жіберілмейді. Іске қатысушы адамдар мен ашық сот отырысына қатысушы азаматтардың сотты, істі қарау барысын залда отырған орындарынан жазып алуға немесе аудио дыбысын жазуды пайдалануға құқығы бар. Сотта істі қарау барысында киноға және суретке түсіру, бейне-таспаға жазу, тікелей радио және телехабар жүргізу соттың іске қатысушы адамдардың пікірін ескере отырып берген рұқсаты бойынша ғана мүмкін болады. Бұл іс-әрекет сот отырысының қалыпты жүруіне бөгет жасамауға тиіс және оның уақытын сот шектеуі мүмкін. Заңда көзделген негіздер бойынша ғана істерді қарау жабық сот отырысында жүзеге асырылады.
Қазақстанда барлық істер, оның ішінде азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу тек мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, тең дәрежеде жүргізіледі.
Азаматтық процесті қозғау іске қатысатын тараптар мен басқа адамдардың еркіне байланысты болады. Талапкер өзінің талап-арызының, өтінішінің заты мен негізін, сондай-ақ берген талаптарының көлемін өзі айқындайды. Мұндай мәліметтер сотқа берілген талап-арыздың мазмұнды бөлімінің мәнін құрайды. Талапкер талап арыздың негізін немесе затын өзгертуге, талап-арыздың мөлшерін азайтуға немесе көбейтуге құқылы. Сот өз бастамашылығымен талап-арыздың затын немесе негіздерін өзгертуге құқығы жоқ.
Тараптардың әрқайсысы өзіне оңтайлы сот шешімінің қабылданғанын қалайтыны рас. Сондықтан да әркім бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау барысында өзінің құқықтық ұстанымын сақтауға өз талаптары мен қарсылықтарын дәлелдеуге және негіздеуге міндетті. Сот істі карау барысында іс бойынша дәлелдемелер мен өзге де мән-жайларды: Іске қатысушы тараптар мен басқа адамдардың түсініктерін, куәгердің айғақтарын, сарапшылардың қорытындысын, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, заттай дәлелдемелерді қарауға, дыбыс жазбаларын тыңдауға және бейне жазбаларды, кино, фотоматериалдарды қарауға, жаңартылған өзге де материалдармен танысып шығуға тікелей міндетті.
Сот шешімімен келіспеген жағдайда талапкер де, жауапкер де аппелияциялық немесе кассациялық сот сатыларына жүгіне алады.
Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Қ. Акеров