Қазір әлемде 200-ден астам мемлекет болғанымен, олардың 193-і ғана Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде мойындалып, оның мүшесі болып отыр. Әйтсе де, олардың көбі ХХІ ғасырда жаһандық ықпалдастықтың қарқынды жүріп жатқан үдерісінің нәтижесінде халықаралық қатынаста ғана емес, мемлекеттің өз ішінде де өзгенің тілінде сөйлеп, жазуға мәжбүр болуда.
Бұл жағдайдан КСРО-дан бөлініп шыққанына 30 жылдан асып, мемлекет құрушы титулды ұлттың үлесі халықтың 70 пайызынан асса да әлі күнге дейін мемлекеттік тілін ресми қарым-қатынас тіліне айналдыра алмай жүрген Қазақстан да күні бүгінге дейін сырт қала алмады. Сондықтан «халық үніне құлақ асатын мемлекет құру идеясын» көтерген Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын биылғы жолдауынан үміт күткендер көп болды. Одан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты ештеңе ести алмаған соң, «Жаңа Қазақстанда» қазақ тілі тағы да төрге шыға алмай, босағада қалып қоя ма деген қауіп әлі де бар. Олар Ресейдің «орыстар мен орыс тілділердің құқын қорғау» деген желеумен Украина аумағына әскер кіргізгенінен кейін елдегі ұлттық қауіпсіздіктің қорғалуына өз алаңдаушылығын білдіруде. Әлем елдерінің Ресейге салып жатқан санкцияларынан қашып, Қазақстанға ағылған ресейліктер санының күн өткен сайын ұлғаюы да оған өз әсерін тигізіп отыр. Әлеуметтік желіде ғана емес, интернет сайттарында да оған қатысты алыпқашты әңгіменің көбейгеніне қарамастан, Ұлттық статистика бюросы әзірге бұл туралы ресми деректерді жариялауға асықпай отыр. Сол себепті, бірі соғыстан, екіншісі санкциядан қашып Қазақстанға бас сауғалаушылардың уақыт өте келе азаматтық алуға өтініш бере бастауы да мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, қолданыстағы «ҚР Азаматтығы туралы» заң мен өзге де заңнамалық құжаттарда көңілге күдік ұялататын нәрсе аз емес. Оған электронды үкімет порталындағы мәліметтер де негіз бола алады. Мәселен, онда азаматтықты алудың жеңілдетілген тәртібі арқылы Қазақстан азаматтығын тұрақты тұру мақсатында келген және жақын туыстарының біреуі Қазақстан азаматтары болып табылатын бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары олардың ҚР-ның азаматтарымен туыстық деңгейін куәландыратын құжаттарды (туу туралы куәлік, неке туралы куәлік және т.б.) ұсыну арқылы ала алатыны көрсетілген. Атап айтқанда, ҚР Президентiнің 2005 жылғы 6 маусымдағы № 1587 Жарлығымен бекітілген ҚР-ның азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесі және оларға қойылатын талаптарға сай келетiн адамдар және олардың отбасы мүшелерi шет елдердегі мекемелер арқылы ҚР-ның азаматтығына қабылдау немесе ҚР-ның азаматтығын қалпына келтіру туралы өтінішіне қоса елдің құзыретті органдарымен ресімделген құжаттар тізімі де бар. Олар: нысан бойынша сауалнама-өтініш; өмiрбаян (өз қолымен жазылған); 3,5 х 4,5 көлемінде фотосурет; өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; ҚР-нан тыс жерде тұрақты тұруын растайтын құжат; апостильденген немесе заңдастырылған сотталғандығы болуы туралы анықтама; тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген басқа мемлекеттің азаматтығының жоқтығы немесе тоқтатылғандығы туралы анықтама; балаларының туу туралы және неке қию туралы куәлiктерінің көшiрмелерi (бар болған жағдайда); нысан бойынша көзделген шарттарды сақтау туралы өтініш-келісім; консулдық алымның төленгенi туралы құжат. Осы арада ҚР азаматтығына қабылдаудың қарапайым тәртібіне құқығы бар 40 кәсіп иелері туралы да айта кеткен артық болмас. Олардың ішінде: әртіс; археолог; мұғалім; жоғары оқу орындарының оқытушысы; дәрігер; сәулетші; суретші; құтқарушы; балетмейстер; режиссер; биолог; химик; математик; геолог; дирижер; инженер; нұсқаушы-спортшы; жаттықтырушы; ұшқыш; бизнес-талдаушы; білім беру технологиялары, инженерия, жобалық басқару, аграрлық ғылымдар, медицина, биотехнологиялар, ақпараттық технологиялар, қаржы және экономика, физика және астрономия салаларындағы ғылыми қызметкерлер; денсаулық сақтау саласы маманы; ақпараттық технологиялар саласындағы жобалық менеджер, дизайнер; робот техникасы жөніндегі маман; ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман мен аудитор; ақпаратты қорғау жөніндегі инженер; биоақпарат, молекулярлы биотехнология мен биоинженерия саласындағы маман (генетика, цитология, жануарлар мен өсімдіктердің селекциясы); агроөнеркәсіптік кешенді модельдеу жүйелерін мониторингтеу және цифрландыру саласындағы маман; автоматтандыру және басқару саласындағы маман; ауыл шаруашылығы машинасын жасау, техниканы GPS көмегімен басқару саласындағы мамандардың барын айта кеткен жөн шығар. Сондықтан бұл мәселеге немқұрайды қарауға болмайды. Оған ұлттық қауіпсіздікті қорғау тұрғысынан қайта көңіл аударып, заңнамаға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін сарапшылар да айтуда.
– Көптеген елдерде азаматтық алу үшін шетелдіктердің мемлекеттік тілді білуі нақты қарастырылған. Тіпті, Ресей азаматтық алу тұрмақ, жұмыс істеймін деп келген шетелдік тұлғаларды орыс тілі бойынша емтихан тапсыруға міндеттеп қойды. Ол 2014 жылдың ақпан айындағы еңбек қарым-қатынастарына байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша жүзеге асуда.
Жалпы, елімізге келген ресейліктер болсын, басқа болсын өз тілінде сөйлеп, біздің тіліміздің қолданылу дәрежесін түсіруге әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданыстағы «ҚР Азаматтығы туралы» заңға міндетті түрде түзету енгізілуі қажет. ҚР азаматтығына қабылдаудың қарапайым тәртібіне құқығы бар 40 кәсіп иелерінен де мемлекеттік тілді меңгеруін талап етуіміз қажет. Бұл норма да міндетті түрде бізге керек деп ойлаймын, – дейді Халықаралық құқық қорғау орталығының басшысы Жанділдә Жақыпов.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бір сөзінде «қазақ тілін дамыту дегеніміз, жалпы гуманитарлық тұрғыдан қуатты қаруды шыңдау деген сөз, қоршаған ортаны парықтап бағалаудың бір құралын жетілдіру деген сөз» деп еді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін азаматтық пен тіл туралы заңдардағы олқылықты пайдаланып, Қазақстанға қажет маман деген желеумен біз жоғарыда атап өткен 40 түрлі кәсіп иелеріне ҚР Азаматтығын еш қиындықсыз алып келді. Кейбіреуі республикада тұрып, қызмет еткен кезеңде де мемлекеттік тілді меңгеруге мән берген жоқ. Тіпті, Қазақстан азаматымен некелесіп, азаматтық алғандар арасында да әлі күнге дейін өз ойын ауызекі тілде жеткізе алмайтындары жетіп артылады. Бұған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегенмен, нақты өмірде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге жеткілікті деңгейде мән бере алмай отырған Қазақстанның атқарушы, заң шығарушы және сот билігінің де қатысы бар. Ал олар өз кінәсін мойындап, кемшілікті түзетуі үшін әлі қанша жыл керектігін әзірге ешкім айта да, болжай да алмайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»


