Азаматтық сот ісін жүргізудің қағидаттары айқын

Азаматтар өзінің заңды құқығын біліп, өз мүддесін қорғауға қабілетті болғанда елдегі дау-дамай мен келіспеушілік азаяды. Сондықтан, халықтың сауатын арттыру, заң мен құқықтық білімін көтеру бағытындағы ақпараттық, насихат жұмыстары бір сәт те тоқтамауы керек.

Елімізде азаматтық қарым-қатынастан туындайтын келіспеушіліктер көп екені белгілі. Бұл азаматтық істерді қарайтын соттардың жүктемесін жыл сайын арттыруда. Осы ретте азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарын білу өз мәселеңді сапалы, оңтайлы реттеуге көмегін тигізеді.

Азаматтық сот ісін жүргізудегі басты қағидат – заңдылық пен сот төрелігін тек соттың жүзеге асыруына бағытталған. Әрбір істі қарағанда судья іске қатысатын адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін құрметтеп, жеке өмірге қол сұғылмауын қаперде ұстауы тиіс. Судьялардың тәуелсіздігі де маңызды қағидаттар қатарында. Себебі судья тәуелсіздігіне кепілдік берілмесе, соттың шешіміне сырттан ықпал етуге тыйым салынбаса елдегі әділдік пен заңдылыққа көлеңке түседі. Сондықтан Конституцияда сот әділдігін сақтауға ғана емес, судья тәуелсіздігіне де толық кепілдік берілген.

Құқықтық Қазақстанда жұрттың бәрі заң мен сот алдында тең. Бұл азаматтық сот ісін жүргізуде де негізгі басымдық ретінде бекітілген. Сәйкесінше сот істі қарау кезінде екі тарапты да теңдей тыңдап, екі жақтың өз уәжін айтуына теңдей мүмкіндік ұсынуы шарт.

Азаматтық сот ісін жүргізу тіліне қатысты мәселе де қоғамда ең жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Азаматтық процестік кодексте сотқа талап арыз қай тілде түссе, іс сол тілде қаралатыны дәйектелген. Яғни, соттардағы мемлекеттік тілдің үлесінің аз болуына судьялардың қатысы жоқ. Бұл жағдайды жақсартып, қазақша қаралатын істерді көбейту үшін азаматтардың өздері шағымдарын қазақша жазуы керек. Сонымен бірге, заңгер, адвокат, құзырлы орган өкілдері де сотқа талап арызды мемлекеттік тілде түсіріп, сұраныстарын мемлекеттік тілде жолдағаны абзал. Сонда ғана отандық соттағы мемлекеттік тілдің қолданысы айтарлықтай артар еді.

 Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы; дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау; айғақтар беру міндетінен босату; білікті заң көмегіне құқықтарды қамтамасыз ету; сот талқылауының жариялылығы; сот отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету; сот актілерінің міндеттілігі; сот актілеріне шағым жасау бостандығы да азаматтық сот ісін жүргізуде назарда ұсталуға тиіс қағидаттар. Заңдағы мұндай тетіктерді білу азаматтарды өз құқығын мінсіз қорғауға көмектеседі.

У.Абдиманап,

Алматы қаласы

Медеу аудандық сотының судьясы

Татуластыру тетігін таңдау тараптардың еркінде

Азаматтық сот ісі заңдылыққа сүйене отырып дауларды әділ шешуді,...

Жасанды интеллект сот жұмысына серпін береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды цифрландыру және жасанды...

Ерекше іс жүргізудің тиімділігі неде?

Елімізде жүргізіліп жатқан сот реформаларының басты мақсаты – азаматтардың...

Ашық сот процесі халық сенімін нығайтады

Сот жұмысы ашық, қолжетімді болған сайын азаматтардың сотқа деген...

Талап арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралады

Тіл – ұлттың тірегі. Ұлтты өзгелерден ерекшелейтін де, өзіндік...