spot_img
spot_img

ҚАЗАҚ-ТҮРІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНА – 30 ЖЫЛ

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда ең бірінші танып, құттықтаған Түркия елі еді. Бауырлас бұл елмен дипломатиялық байланыстар 1992 жылдың 2 наурызынан басталған соң, шет мемлекеттер арасында ең бірінші болып Түркия 12 сәуірде Алматыда өз елшілігін ашты. Ал Қазақстан өзінің шет елдердегі алғашқы елшілігін Түркияның Анкара қаласында сол жылы қазан айында ашқан болатын. Биыл қазақ-түрік ынтымақтастығына – 30 жыл толып отыр.

Студенттерге берілген мүмкіндік

Екі елдің арасындағы саяси, мәдени, экономикалық қарым-қатынастар жыл өткен сайын тамырын тереңдете түсуде. Бұл бағытта олардың тілдік, діндік, ділдік мәдени-рухани бірлігі маңызды рөл атқарып отыр. БҰҰ, ЭЫҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК сияқты әлемдік, аймақтық және халықаралық ұйымдардағы ортақ ұстанымдарымен ерекшеленетін екі елдің қарым-қатынасына мемлекет басшылары әрдайым сызат түсірмеуге тырысады. Осы арада екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың тарихы тәуелсіздіктен бұрын басталғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 1991 жылғы сәуірде Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы келісім шеңберінде Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Бұл түркі тілдес елдерде ашылған тұңғыш халықаралық жоғары оқу орны болып табылады.

Бұдан бөлек Түркия үкіметі жыл сайын Қазақстан азаматтарына «Түркияның стипендиялары» бағдарламасы бойынша 200-ге жуық грант бөліп тұрады. Соның нәтижесінде бүгінде екі елдің оқу гранттарымен қатар, өз күшімен және жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік бойынша оқып жатқан жастар саны жүздеп емес, мыңдап саналатын жағдайға жетіп отыр. Тарихқа көз жүгіртер болсақ Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім 2009 жылы жасалған екен. 2012 жылы 22-24 мамырда Режеп Ердоғанның Премьер-Министр ретінде Қазақстанға ресми сапары кезінде Жоғары деңгейлі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы ортақ мәлімдемеге және «Жаңа синергия» ортақ экономикалық бағдарламасына қол қойылды. Соңғы жылдары екі елдің арасындағы сауда айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайту жайы жиі сөз болып жүр. Қазақстан мұнай, уран сияқты аса маңызды энергетикалық ресурстарға бай. Әуе, су және құрлықтық қатынас жолдарының аса маңызды торабында орналасқан Түркия болса жеңіл өнеркәсіп бұйымдары мен тек жылы жақтарда ғана өсетін бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдегі ірі экспорттаушылардың бірі. Кейінгі кезде тұрмыстық техникалық бұйымдар мен машина жасау саласында да зор жетістікке жеткен Түркия өнімдерінің тұтынушысы Қазақстанда да аз емес. Сол себепті, тауар айналымы бойынша жоспарланған межені бағындыруға мүмкіндік бар. Оған Түркияның туризм саласының қосар үлесі қомақты. Оны Түркітілдес журналистер қорының Түркияға ұйымдастырған сапары барысында біздің де көзіміз жетті.

Әлемдік туризмнің көшбасшысы

Туризм – Түркия экономикасының аса маңызды салаларының бірі. Туристер көп келетін елдердің ондығына кіретін Түркияда БҰҰның білім және мәдениет саласындағы ұйымы (ЮНЕСКО) тарапынан мойындалған 17 әлемдік мұра және 51 әлемдік мұра ескерткіші бар. Мыңдаған жылдық тарихы бар нысандарды көру үшін саяхатшылар мұнда дүниенің түкпір-түкпірінен ағылып кеп жатады. Оның ішінде Еуропа мен Азияның ортасында орналасқан және үш бірдей империяның астанасы болған Стамбұлды және ондағы Еуропа мен Азияны жалғайтын Босфор көпірін көру үшін келетіндердің үлесі басым. Мәселен, 2019 жылда Түркия шетелдік туристердің саны жағынан әлемде 6-орын алды. Түркияның мәдениет және туризм министрлігіне қарасты мекемелердің есебіне қарағанда биыл мұнда 8 айдың ішінде 32 млн 590 мыңнан астам шетелдік турист келіпті. Бұл 2019 жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 5 пайызға кем. Дегенмен жыл соңына дейін шетелдік туристер саны 2019 жылғы 51,2 миллиондық межеге жетеді деген үміт бар. Түркітілдес журналистер қорының атынан барған қазақстандық және ұйымдастырушылар тарапынан шақырылған Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан журналистеріне жол көрсетушілердің сөзіне қарағанда, Түркиядағы 16 қалада қауіпсіз, тыныш деген мағынаны білдіретін «cittaslow» деген белгі бар. Соның бірі – Изник. Бұл қаланы атап өтуге себеп болған нәрсе 2020–2021 жылдары әлемді аяғынан тік тұрғызған коронавирус індеті кезінде халықтың тұрмыстық жағдайда әдеттегіден көбірек тұтынуы нәтижесінде суы азайған Ник көлінің жағалауынан әйгілі Никея шіркеуінің орны табылды. Үшінші ғасырда салынған бұл шіркеу мұндағы ең көне діни ғибадатхана болып табылады. Оны түрік археологтары көптен бері іздеп, таба алмай жүрген болатын.

Көпшілікті қызықтырған көне қала

Осы арада айта кететін бір жайт, 1331 жылы Орхан сұлтан Изникті жаулап алғанға дейін оның атауы Никея деп аталған. Оны Орхан сұлтан Осман империясының алғашқы астанасы болған Бұрсаны 1326 жылы бағындырған соң, арада 5 жыл өткенде, яғни 1331 жылы жаулап алған екен. Бүгінгі таңда қалада VІІ ғасырда салынып, ХІV ғасырдан бері мешіт ретінде жұмыс істеп тұрған тағы бір шіркеу бар. Түркиядағы кейбір көне мешіттер секілді ол да бірнеше мәрте өртеліп, кейін қалпына келтірілген соң өз жұмысын қайта жалғастырып отырған. 45 мың тұрғыны бар қаланың қазір орталық мешіті саналады. Изник қаласының негізі қашан қаланғаны әлі күнге дейін белгісіз. Ғалымдар оның біздің дәуірімізге дейінгі 316 жылы қайта қалпына келтіріліп, 301 жылдан бастап Никея аталғанын ғана анықтады.

Христиан дінінің дамуында үлкен рөл атқарған бұл қала 1078 жылы түрік-селжуктардың билігінде болып, 1097–1330 жылға дейін қайта византиялықтар иелігіне өткен еді. Сондай-ақ, 1204–1261 жылдары Никея империясының астанасы да болған. ХVІ – ХVІІ ғасырларда декаративтік керамика өндірісінің орталығы ретінде танылған бұл қалаға туристер қазіргі таңда византиялық қорған кабырғаларын көруге жиі келеді. Жалпы, 85 млн халқы бар Түркия бүгінгі таңда экономикалық қана емес, әскери қуаты жағынан да Еуразия құрлығында көшбасшы елдер қатарында тұр. Тілі, діні, мәдениеті жағынан да туыстас түркі халықтары үшін бұл мемлекет соңғы ширек ғасырда түркі әлемінің орталығына айнала бастады. Айналасын Қара, Жерорта, Эгей және Мәрмәр сияқты 4 теңіз қоршап жатқан Түркия 11 елмен шекаралас. Атап айтқанда құрлықта шығысында Грузия, Әзірбайжан, Иран, Армения мемлекеттерімен, батысында Болгария және Грекиямен, оңтүстігінде Ирак, Сириямен, ал солтүстігінде Қара теңіз арқылы Румыния, Украина, Ресеймен шектеседі. Жерінің 97 пайызы Азияда, 3 пайызы Еуропада орналасқан бұл елде туризм саласын дамытуға қажетті жағдайдың бәрі бар.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.

Астанада оқушылар түстен кейін онлайн оқитын болды

Бұл туралы қаланың білім басқармасы мәлімдеді.

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары лауазымына тағайындалды,