Алтын Орда 1502 жылы ыдырады. Сол заманда Керей мен Жәнібек сұлтандар іштей ұғынысып, күншығысқа жылжығанда батырлар мен билер соңынан ілесті. Қалың әскерге ешкім тосқауыл қоя алмады. Қазақ сахарасына жетіп, тізгін тартқан қос арысты қазақтың қырық руының басшылары құрметтеп, үлкені Керейді ақ киізге отырғызып — Қазақ ханы деп көтереді. Керей хан өмірден өткенде еш талассыз Жәнібек сұлтан хан болады. Ақылмандық, сабырлылық, ынтымақтастық, түсіністіктен бастау алған қазақ хандығы жеті ғасырдан бері өмір сүріп келеді. Уақыт өте келе іргесін бекітті. Тілінің, дінінің қадірін арттырды.
Тарихнамада шежірешілер қытай, араб, парсы, шағатай, славян қаріптерімен қазақ хандығы туралы жазбаларын қалдырып отырған. Көне мұрағаттарда VII-VIII ғасырларда қазақ сахарасына мұсылман дінін алып келген арабтар жазған кітаптар көптеп табылады. Ескі араб қарпімен жазылған сол жазбаларды қазақ даласынан шығып, Мекке мен Мединеге, жалпы Біріккен Араб Әмірліктеріне ілім іздеп барған ғалымдар пайдаланғанын да бүгінгі жазбалар растайды. Тіпті ұлан байтақ дала картасы да түсірілуі әбден мүмкін.
Орынбор қаласы Алаш өкіметінің алғашқы астанасы болғаны төте жазумен де, кирилл қарпімен де жазылып, ауызша да айтылатынын жасыру мүмкін емес. Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысы туралы сөз қозғамас бұрын бүгінгі Ресейдегі Орынбор ,Астрахан, Түмен деп тізбеленетін тағы да басқа қалалардың бұрынғы атауы қазақ сөзі екенін ресейлік депутат неге білмейді ? Білгісі келмей ме? Өйткені, Қазақстандағы тың жерді игеруге келген осы «көсемдердің» ата-аналары еңбек етіп, тамақтарын асырап, тұрақтап қалғанын қалай жасырады?
Кешегі өмір – бүгінгі тарих. Ал бүгінгі өмір ертеңгі тарих болып қалатыны тағы анық. Осы тарихқа қиянат жасау – өзіңді өшіру, ұлт тағдырына күйе жағу болып саналады. Елім, жерім, тілім, дінім деген әр азамат солтүстік Қазақстандағы бес облысты ресейлік дума депутаттары В.Никонов және В.Федоровтың «Қазақстанға сыйға берілген аумақ» деген сөзіне тойтарыс беруі парыз. Бұл күндері зиялы қауым арасындағы талқылаулар ешқандай дабырасыз нақты дерекке дәйектеме келтіре ақиқатты ашып отырғаны факт. Ертең қарапайым халық бұл мәселені көтеретіні тағы анық. Сондықтан қоғамдық пікірді бүкпесіз жазып, арандатуларға жол бермей, ел аптығын басу азаматтық парызымыз болып табылады.
«Қазақтың түпкі бабалары болып саналатын тиграхауда Сақтары (б.д.д V-III ғ.ғ.) ұлы даланың билеушісі болғанының бір белгісі Алтын Адам ескерткіші туралы және Алтын Орда тарағанда орыс княздықтарымен қатар Қазақ хандығы құрылғанын профессор біле ме екен, әлде тарихи дерекке көз жұма қарай ма? В.Никоновтың Мемлекеттік Думада арандатпа сөз сөйлеуі қалай? Біз облыстық мәслихат депутаттары саяси сауаттылыққа, ешкімнің арына, намысына тимеуге баса назар аударамыз. Халықтың сөзін таразылап, заң шеңберінде тиісті орындар назарына ұсынамыз. Ал Ресейдің мемлекеттік Дума депутаттарының қазақ халқының арына, намысына тие сөйлеуі жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Сондықтан ол отандасы «Альпари» сараптамалық департаментінің директоры Александр Разуваевтың әлеуметтік желіде Түрік қағанаты туралы қойған сұрағына Ресейдің саяси және мемлекеттік қайраткері, Лев Гумилев атындағы Москва орталығының директоры Павел Зарифуллиннің берген жауабын оқып, тәлім алғаны дұрыс. Сонда кімнің кім екені нақты дерекке сүйене отырып айтылады. Бір ғана мысал Қазақстанның теңгесі кезінде Алтын Орданың ақшасы, нақтылай түссем теңгесі болғаны, яғни теңге деп аталғаны да анық айтылған», — дейді Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жандулла Абдимуратов.
Зиялы қауым өкілінің бұл пікірін азаматтық парызын өтеп, патриоттық сезімін білдіруі деп бағалаған дұрыс. Кез-келген жерде айтыла бермейтін әрі сұрағына жауабы болған құнды пікір мәдениеттілікті танытады. Екіншіден, көшпенділер деп кемсіткен қазақтардың Отаны – мықты Мемлекеті болғанын растайтын Алтын Адам мен теңге тарихи факт.
Сонымен қатар Интернет желісінде бұл мәселе қызу талқылануда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоғам белсендісі, мәденеттанушы, филология ғылымының кандидаты Мұрат Әуезов «жаңа Ресейлік Империя» құруға заманауи геосаяси жағдай жол бермейді» деген тақырыпта ҚазТАГ арқылы өз пікірін жеткізіп, онда дипломатиялық тілмен, асқан шеберлік таныта отырып арғы-бергі тарихты қопарып, нақты өмірден мысал келтіре ресейлік депутат сөзіне сараптама жасап «…мына жерде Ресейдің қайта билік етуіне мүмкіндік бермейтін Қытай ғана емес, тағы да басқа геостратегиялық күштер бар» деп нық айтты.
Әрбір азат жолында соны ой, тың дерек келтіре құнды пікірімен толтыра айтылған жазбаны мұқият оқудың өзі бір ғанибет! Өйткені көптің көкейіндегі сөздер дөп басылған. Оны тек оқу керек. Асылдың көзі нағыз асыл екендігін осынау құнды сөзімен тағы бір мәрте дәлелдей алған.
ҚР Парламенті Сенатының қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхамед Никоновтың пікірін талқылай келе мемдума депутатының айтқан сөзі «саяси жауапкершіліксіз және мұқату болып табылады» деп бағалаған. Бұл елді, жерді ойлайтын нағыз мемлекет қайраткерінің сөзі . Халық күткен сөзді керек кезінде, тура ұрымтал сәтінде айты.
Көпшіліктің талабымен ҚР Сыртқы істер министрлігі көрші елден депутат сөзіне арнайы түсінік беруді өтініш еткені мәлім. Бұл жерде Сыртқы істер министрлігінің әрекетін дипломатиялық қадам деп бағалаған дұрыс. Құзырлы орган өз саласы бойынша , миссиясын толық орындады.
Содан кейін ресейлік депутат В. Никонов «Teleqram-канал» арқылы жазбасында Қазақ ССР мен Қазақстан шекарасының толық сақталғандығы туралы әрі екі қайтара бауырлас Қазақстан халқына айтқан жылы сөзі интернет желісіне орналастырылған. Халықтың ашу-ызасын тудырған сөзді ол абайсызда аңдамай айтты ма, әлде теріс пиғылмен айтты ма оны уақыт көрсетеді. Ең бастысы қоғамдық пікір тудырды. Көздеген мақсаты қандай да бір пікір тудыру шығар? Енді кешірім сұраған болып, тыныш отыр ма? Жоқ, халық оны тыныш отырғызбайды. Ар, намыс, ақиқат қайда? Ғылым дамып, білім аршындап алға басқан заманда өмір сүріп отырғанын әркім, әсіресе «көсемдер» білумен шектелмей, дұрыс қорытынды шығаруы тиіс. Бізге оның өтірік көлгірсуінің, кешірім сұрауының еш қажеті жоқ.
Әрине, талқылауда біз арандатуға бұратын сөзден аулақпыз. Бірақ біздің басылым «Заң газеті» атына заты сай екендігін осы сәтте де білдіріп, қазақстандықтарға айтатын ой – заңды білу, сыйлау, құрметтеуден тұратын құқықтық мәдениетімізді көрсеткеніміз дұрыс.
Әрине, Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сүйене отырып БҰҰ-ның халықаралық сотына жүгіну, жүгінбеу тиісті мемлекеттік органдар құзырына кіреді.Ал ел патриоттары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ресейлік депутаттардың «сауатсыздығын» нақты фактілерге сүйене отырып, әлемге жариялай беру керек.Тасқа басылған құнды сөз ел рухын көтереді, мерейлендіреді. Сонда өресі жетпейтін тақырыпта әңгіме айтқандар өз қателігінен сабақ алар еді.
Негізі тарихта бір рет болған оқиға екінші рет қайталанбайды. Ол өмір заңы.Сондықтан «ұлы империя» құруды аңсаушылар Мұрат Әуезовтың жоғарыда айтқан «…мына жерде Ресейдің қайта билік етуіне мүмкіндік бермейтін Қытай ғана емес, тағы да басқа геостратегиялық күштер бар» деген сөзін ұқсын. Ұғына алмай екі ел арасындағы тыныштықты бұзуға тыраштанса «ұлы атасы болса, тура осылай айтатын еді» деген айғайшыл әріптесі секілді олар да саясаткерлердің құлына айналары анық.
Қорыта айтқанда, біздің көтеріп отырған мәселеміз – патриотизм. Қазақ деп қаны соққан алдыңғы буынның кейінгі буынға айтқанын ана тілімізде қаз-қалпында жеткізу.Ол дегеніміз, қасиетті Құран Кәрімде жазылған сабырлылықты сақтау.Ойланып сөйлеу, һәм жазу. Сонда ел тыныштығы сақталары хақ.
Нұрбол Әлдібаев, заңгер-журналист.