Ауыз сумен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде  

Ел Президенті барлық ауыл мен елді мекендерді ауыз сумен жүз пайызға қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын. Осы мақсатта республикамыздың барлық аумағындағы елді мекендерді орталықтандырылған су құбыры жүйелерімен жабдықтау, жер үсті және жер асты су көздерін пайдалану арқылы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылды.

Ауыз сумен толықтай қамту мақсатында жүргізілген ауқымды жұмыстар нəтижесі жыл басында өткен Үкімет отырысында жарияланды. Нақты айтсақ, Қазақстанның 90 қаласы мен 6087 ауылы ауыз судың орталықтандырылған жүйесіне қосылды. Яғни, осынша қала мен елдімекен тұрғындары таза ауыз су тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Бұл, əрине, үлкен жетістік. Дегенмен, осы ретте атқарылуы тиіс шаралар мұнымен тоқтап қалмайды. Өйткені, таза ауыз су əлемдік деңгейдегі мəселе, халық санының өсуі, соған орай жаңа құрылыс тардың көбеюі, т.б. мəселелер жүйелі жұмысты одан əрі жандандыруды талап етеді. Сондықтан, биыл осы салада он екі жобаны пайдалануға беру жоспарланып отырғанын Су ресурстары жəне ирригация министрлігі мəлімдеді. Аталған министрлік осы жобалар аясында 142 ауылдың халқын сапалы ауыз сумен қамту мақсатын алға қойып отыр. Жобалар ішінде басты нысан ретінде Түркістан облысындағы Шардара топтық су құбырын айтуға болады. Мысалы, оның құрылысын биылғы шілдеде аяқтау көзделуде. Аталған жобаның уақытында аяқталуы шардаралықтардың су тапшылығын көрмеуіне кепіл болады. Демек, бұл оның игілігін көрер күннің алыс еместігін білдіреді. Бұған қоса Қазақстанның үш облысында бес жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Соған сəйкес, еліміздің ірі топтық су құбырларының бас құрылысжайларын салу жоспары жасалуда. Су ресурстары жəне ирригация министрінің ақпараты бойынша өткен жылы сумен жабдықтау нысандарын салу жəне реконструкциялау жоспары артығымен орындалған. Мəселен, тоғыз өңірде сумен жабдықтау нысандарын салу мен жаңғыртудың отыз жобасы іске асырылып, жыл қорытындысында жоспарланған тоғыз нысан он беске артқан. Ел халқын таза ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз етуде оны үнемдеп, сапасын жақсарту үшін заманауи технологиялар енгізу қолға алынып жатқанын айтып өткен жөн болар. Ресми ақпаратқа жүгінсек, алдағы уақытта, яғни, 2028 жылға қарай 3,6 млн «ақылды» су есептеу құрылғылары қолданысқа беріледі. Тағы бір тоқталарлығы, биылғы жыл – цифрландыру жəне жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы жылдың аясында су саласын цифрландыру жұмыстары қолға алынуда. Соған орай ең бірінші кезекте жылдың соңына дейін жердің бетіндегі жəне оның астындағы су көздері туралы деректерді біріктіретін Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасы құрылады. Мамандардың айтуынша, бұл жоба өз кезегінде Ұлттық су балансының картасын қалыптастырып, гидрогеологиялық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаларды кешенді жоспарлау жəне бақылау үшін Техникалық оператор институты іске қосылды. Бұл институттың басты қызметіне табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау мен жобалау кезінде қазақстандық өнімге басымдық беру, техникалық-технологиялық шешімдерді сараптау мен мониторинг жүргізу кіреді. Осы тұрғыда Үкімет басшысы «Біздің алдымызда əлемдік озық тəжірибелерді қолдана отырып, қалалық су каналдарының өндірістік процестерін толық автоматтандыру жəне цифрландыру міндеті тұр» деп, бастапқы су көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін суды толық бақылау қажеттігін, сондай-ақ, барлық жұмыстың сапалы əрі уақытылы жүргізілуі тиістігін айтты. Басты мақсат, Үкімет су ресурстарын ұтымды пайдалану мəдениетін қалыптастыруға баса мəн беріп отыр. Мемлекет басшысы халыққа арнаған дəстүрлі жолдауында айтқандай «Суға жəне тұтастай алғанда, қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен жəне шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегіне айналуға тиіс». Өйткені, су – тіршілік көзі. «Судың да сұрауы бар» демекші, оны үнемдеу, жауапкершілікпен пайдалану мəдениетін қалыптастыру əрқашан да маңызды. Бұл ретте жас ұрпаққа аға буын үлгі болуы, яғни, балаларына дұрыс тəрбие беру арқылы табиғат байлығына жанашырлықпен қарауға баулуы тиіс. Сонымен қатар, оқу-ағарту, ғылым-білім саласына, ұстаздар қауымына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мысалы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына жер, табиғат байлықтарын, қоршаған ортаны күтіп ұстауға үндейтін тəрбиелік мəні бар əдістемелік құралдар енгізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бала – судың, т.б. өмірлік маңызы бар дүниелердің қадірін жастайынан біліп өседі, оларға қамқорлықпен қарауды үйренеді.

Түймегүл ИБАШЕВА, журналист

Қос дипломнан – жаңа белеске: Еуразия ұлттық университеті мен Наньнин педагогикалық университеті Қытайда бірлескен институт ашты

Қытай Халық Республикасындағы Наньнин педагогикалық университетінде Л.Н. Гумилев атындағы...

Профилактикалық тексеру

Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесінде...

Сот отырысын ұйымдастырудың маңызы мен тәртібі

Сот төрелігін жүзеге асыру – кез келген құқықтықмемлекет жағдайында...

INTEGRA CITY представляет AI-технологии для экосистемы цифрового управления городами на GITEX Africa 2026

Международная группа компаний INTEGRA CITY принимает участие в выставке...