Қазақстандағы келешегінен көп үміт күттіретін елеулі жобалардың бірі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Аты айтып тұрғандай, өңірлерді дамытуды көздеп қана қоймай, бірқатар салалардың ілгерілеуін қамтиды. Оның қатарында көші-қон, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік көмек істері де бар. Ең бастысы, бұл бағдарлама шалғайдағы ауылдарды да қатардан сызбай, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді.
КӨШІ-ҚОНДАҒЫ ТИІМДІ ТӘСІЛ
Көбіне біз Солтүстіктегі халықтың саны азайып жатқанын, жұмыс күші жетіспейтінін айтып жатамыз. Әйтсе де, аталған Ұлттық жоба бұл мәселенің басым бағдарының бірі ретінде қарастырып, шешу жолдарын ұсынған. Мәселен, жұмыс күші тапшы аймақтарға 8903 адам өз еркімен қоныс аударған, оның 2,5 мыңға жуығы – ата қонысын аңсап келген қандастар. Қоныс аударғандарға ұлттық жоба аясында материалдық көмек көрсетіледі. Онда, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде (шамамен 260 мың теңгеге жуық) біржолғы көмек түріндегі көшуге арналған субсидия, отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай бойы тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге көмек, қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жіберу, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, «Экономикалық ұтқырлық» сертификаттарын беру бар. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, бұдан басқа өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі. Былтыр барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды болған, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылса, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысуда, ал 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алған. Биыл Үкімет қандастарды қабылдау үшін 2 433 квота, солтүстік облыстарға қоныс аударатындар үшін 7 050 квота бөліпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 554 квотаға артық. Соның ішінде, Солтүстік Қазақстан облысына – 2 702, Павлодар облысы – 2 603, Қостанай облысы – 950, Шығыс Қазақстан облысына – 372, Абай облысына – 255, Ұлытау облысына – 132, Қарағанды облысына – 36 адам бармақ.
ЕЛ БЕСІГІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жолдауынан соң еліміздің әлеуметтік саласында үлкен өзгерістер болып жататынын жақсы білеміз. Мысалы, Президент 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан әрі қарай жалғастыруды тапсырған болатын. Бір жоба жайлы айтып отырып, екіншіге аттағанымыз емес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы да жоғарыда аталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір тармағы ретінде қарастырылады. Мұндағы сабақтастық пен байланыстың реті бар. Өйткені, өңірлердің дамуы үшін алдымен ондағы ауылдар ілгері басуға тиіс. Енді атқарылған жұмыстарға келейік. Сонымен, тапсырмаларды орындау мақсатында кейінгі 5 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру аясында тек республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 5400-ден астам жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – ауыл халқына жайлы болуы үшін инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарта түсу. Осы арқылы ауыл жұртшылығының амалсыздан қалаға кету үрдісін тоқтату. Егер ауылдарда кәсіпорын ашып, тұрғындар жеке ісін дөңгелете алса, бұл жоспардың оңтайлы іске асқаны болады. Ұлттық экономика министрлігіне тиесілі статистикалық деректерге қарасақ, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 256 ауыл бар екен. Әдістемеге сәйкес, даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл (1,2 мың тірек ауыл және 2,3 мың спутниктік ауыл) іріктеліп алынған, онда ауыл тұрғындарының 93 пайызы өмір сүреді. Биыл ауылдардағы әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды дамытуға республикалық бюджеттен 404,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 425 млрд теңге, басқа да көздерден 20 млрд теңге қарастырылған екен. Сонымен қатар қазір мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі негізінде ауылдардың цифрлық картасын әзірлеу бойынша, оның ішінде өңірлік стандарттар жүйесін және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Яғни, алға ілгерілеу, нәтижелі істер барын көріп отырмыз. Міне, «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты қарқында дамыту. Аз уақытқа жоспарланған ғұмыры қысқа жоба емес. Бұл жобаның шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттемелерді шешу көзделген. Мәселен, биыл Қызылорда облысының 39 ауылдық елді мекенінде 69 жобаны жүзеге асыруға 11 млрд теңге қаралып отыр. Олардың арасында білім, денсаулық, мәдениет, спорт, электрмен қамту, газдандыру, ауыз сумен қамту, көлік инфрақұрылымы, абаттандыру жобалары бар. Бүгінде 5,6 млрд теңге игеріліп, жоспар бойынша атқарылуы тиіс тағы 36 жоба биыл аяқталмақ. Қорыта айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аймақтардағы жұмыстарға қан жүгіртіп жатқан іспетті. Соның ішінде халықтың қалайтыны ауылдардың дамуы еді. Жобалар ел сұранысын шетке ысырмай, керісінше жұртшылықтың тіршілігіне көрік беруде. Біз тізген жұмыстар атқарылар істердің алғышарты ғана. Алдағы уақытта жұмыс ауқымы кеңейіп, ауылдағы ағайынның кәсібі өрге домалап жатса, одан артық қуаныш болмасына сенімдіміз.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


