Аумақтан тыс соттылық қағидаты әкімшілік сот ісін жүргізуде әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Бұл институт соттың тәуелсіздігі мен бейтараптығын сақтауға, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде аумақтық соттылықты өзгерту мүмкіндігі көзделген. Аталған нормаға сәйкес, әкімшілік істі қарауға уәкілетті соттың аумағы белгілі бір жағдайларда өзгертілуі мүмкін. Мұндай жағдайларға, атап айтқанда, тараптардың бірінің істің әділ әрі объективті қаралатынына күмән келтіруі, іс бойынша барлық судьялардың шеттетілуі, сондай-ақ істің ерекше қоғамдық немесе құқықтық маңызға ие болуы жатады. Осындай негіздер болған кезде істі басқа өңірдің сотында қарау тиімді әрі орынды деп танылады. Аумақтық соттылықты өзгерту туралы шешім Жоғарғы Сот Төрағасының немесе заңда белгіленген уәкілетті органның құзыретіне жатады.
Аумақтан тыс соттылық дегеніміз — әкімшілік істі қарау құқығының дәстүрлі аумақтық юрисдикциядан тыс орналасқан сотқа берілу мүмкіндігі. Бұл қағидаттың қолданылуы сот төрелігінің шынайы бейтараптығын қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды. Яғни, кейбір жағдайларда істі әдеттегі аумақтық сотта емес, басқа аймақта қарау әділ шешім қабылдаудың кепілі ретінде қарастырылады. Мұның өзі азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің тәуелсіз әрі әділ сотқа жүгіну құқығын іске асыруға мүмкіндік береді.
Бұл институтты қолдану жоғары жауапкершілікті және кәсіби көзқарасты талап етеді. Әдетте аумақтан тыс соттылыққа жүгіну қажеттілігі соттың немесе судьяның бейтараптығына күмән туындағанда, әкімшілік даудың қоғамда кең резонансқа ие болуында, қауіпсіздікке қатысты тәуекелдер болғанда немесе тараптар нақты әрі негізделген өтініш жасаған кезде пайда болады. Мұндай жағдайда істі қарау жоғары тұрған сот органының шешімімен басқа аумақтағы сотқа беріледі.
Аумақтан тыс соттылық тек сот актілерінің заңдылығын қамтамасыз етумен шектелмейді, ол сонымен қатар қоғам алдындағы әділеттіліктің көрінісін қалыптастыруға қызмет етеді. Сот жүйесіне деген қоғамдық сенім көп жағдайда осындай теңгерімді әрі әділ шешімдердің қабылдануына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, бұл қағидат әкімшілік істер бойынша жария-құқықтық дауларды әділ, объективті және мүддесіз қарауға мүмкіндік беретін маңызды құқықтық құрал болып табылады.
Қазіргі әкімшілік әділет жүйесінде аумақтан тыс соттылықты орынды әрі тиімді пайдалану сот тәжірибесінің жетілуіне, судьялардың кәсіби деңгейінің артуына және әкімшілік рәсімдердің сапалы жүргізілуіне оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, бұл институт азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың пәрменді механизмі ретінде маңызға ие болып отыр.
Осылайша, аумақтан тыс соттылықты сот практикасына жүйелі түрде енгізу сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығын күшейтіп, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Бұл қағидатты дұрыс қолдану әкімшілік әділеттің шынайы жүзеге асуына, жария-құқықтық даулардың заң аясында шешілуіне және құқықтық мемлекет қағидаттарының нығаюына нақты үлес қосады.
Шымкент қаласының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының жетекші маманы Е.Зиядин


