12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

АУДАНДЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНА ҚАТЫСТЫ ТАЛАПТЫ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК ПЕ?

Аудандық сот төрағасы болуға қызығушылық аз. Мұның сыры неде? «Заң газетінің» сауалына жауап бергендердің уәжі әртүрлі. Бірі айлықтың аздығын, екіншісі ынталандыру тетіктерінің кемдігін алға тартуда. Сіз не дейсіз?

Ербол ЖАНҒАЗИН, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы:

– Сот төрағасы болу оңай емес. Төраға түгіл, қазір екінің бірі судья бола алмайды. Өйткені, іріктеу тәртібі қатаң, талап күшті. Аудандық сот төрағасы лауазымына қатысты мәселе аз көтеріліп жатқан жоқ. Бұл сот төрағаларының мәртебесі төмендеп кетті дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл аса үлкен жауапкершілікті талап ететін, абыройлы қызмет болған соң басты назарда тұрғанын көрсетеді. Бәлкім төраға болудан тартынатындар «осы жауапкершілік жүгін абыроймен атқара аламын ба?» деген ойдан қорқатын шығар. Сот төрағасы соттың негізгі жұмысынан бастап, шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру, ұжымды айрандай ұйыта білу, тағы басқа толып жатқан шаруалардың басы-қасында жүреді. Сәйкесінше, әр ісіне жауап береді. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмасаң, қызметің төмендеп, тәртіптік жауапкершілікке тартылуың мүмкін… Екіншіден, қазіргі сот кадрларына қатысты қатаң талапқа сай, аудандық сот төрағалары екі кезеңнен артық сайланбайды. Бұл болашағын алыстан көздейтіндер үшін қолайсыздау болып тұр.
Олар алыс ауданға сот төрағасы болғаннан, қаладағы «қою шаңның» арасында жүргенді жөн санайды. Бір
жағынан шалғай ауылдарда қарапайым тұрмыстық өмірге қолайлы жағдай жасалмаған. Тіпті, табиғаты тұнып
тұрған, таза ауа, таза суы бар деген ауыл-аймақтың өзіне қызметке баруға келісім беретіндер аз. Алайда, шалғай аудандарда сот төрағасы болудың артықшылығы да бар. Олардың әр істі жіті қарап, шығармашылықпен айналысып, білімін жетілдіруге, өзін жан-жақты дамытуға уақыттары да, мүмкіндіктері де көп. Бір жақсысы, қазір электрондық құжат айналымының арқасында төрағалар қағазбастылықтан құтылды.
Бұған дейін мен Павлодарда сот кадрлары мәселесімен айналысқанмын. Судьялар арасында төраға болуға
құлшыныс ерекше болатын. Шамасы келсе де, келмесе де төраға болсам деушілерді көп кездестірдім. Бірақ, сол кездің өзінде төрағалықтың жүгі жеңіл болған жоқ. Соған қарамастан, біз біраз судьяны дайындап, ақылымызды айтып шалғай аудандарға жібергенбіз. Мысалы, Ақтоғай аудандық сотына барғандар қазір жақсы жұмыс істеп жатыр. Басқа аудандарға кеткен жас әріптестерімнің жаман атын естіген жоқпын. Олардың өзін кезінде жіті тексеріп, талапқа сай, сай еместігін ескеріп ұсынған болатынбыз. Өйткені, кейбір азаматтар атқа қонған осы екен деп шалқайып кетеді. Қазы ондай әдеттерден ада болуы керек. Қаладан ауылға қызмет етуге кеткен жігіттердің бірі қазір барған жерін гүлдетіп отыр. Сот ғимаратының ауласын көгалдандырып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысып, істерін де тап-тұйнақтай қарап, БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып жатқандар да бар. Сондықтан, біз жастарға аудандық сотқа төраға болудың артықшылығын айтып, бағыт-бағдар беріп көмектесуіміз керек.

Советхан СӘКЕНОВ, Алматы қалалық сотының судьясы:
– Қазақта «Бай құт емес, би құт» деген аталы сөз бар. Білген адамға бұл мәтелдің астарында үлкен мән жатыр. Билердің дәуірі жүріп тұрған заманда халық әділдікті ханнан емес, биден күткен. Бұл бидің беделін көрсетеді. Ал, қазір бидің орнын басқан судьяларда сондай бедел бар ма?! Халықтың сотқа деген сенімін арттырамыз деп қанша тырысқанымызбен ойлаған нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Себебі, халық
жалпы қоғамда әділдік бар дегенге сенбейді. Мұндағы бірінші мәселе судья болсын, сот төрағасы болсын оның халық алдындағы беделі, мәртебесі болып тұр. Білдей бір аудандық соттың төрағасы деген ат жақсы, бірақ, соған сай жағдай жасалып жатыр ма? Жасыратыны жоқ, қазір сонау шалғайдағы аудандық соттың төрағасы болғаннан, қалалық соттың судьясы болған артық. Себебі, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының және экономикалық сот судьяларының жалақысы көбейді де, басқа өңірдегі соттардың айлығында өзгеріс жоқ. Сондықтан, елдің бәрінің аңсары Алматыға ауып тұрады. Қанша айтқанмен жүктемесі ауыр болса да айлығы жақсы, өркениеттің ортасы, болашақ бар дегендей… Ал, енді соларды шалғайдағы аудандардың біріне төрағалыққа ұсыныңызшы, ат-тонын алып қашады. Оларды да түсінуге болады. Жалақысы аз, жағдайы қарастырылмаған, баспана мәселесі мүлде бұлыңғыр. Сот та адам. Оның да болашағына алаңдап отырған бала-шағасы бар. Бес жыл аудандық сотта төраға болып, мерзімі біткеннен кейін ол қайда барады. Қалаға қарай жақындап, бір жайлы орын табылса жақсы, табылмаса қайтпек?
Қазір Алматыдағы аудандық сот төрағасының айлығы мен сонау Нарынқолдағы немесе Алакөл, Балқаштағы сот төрағасының жалақысында айырмашылық үлкен. Заң бойынша олардың статусы бір, бірақ, жасалып жатқан жағдай екі түрлі. Бұл қалай? Меніңше бәріне бірдей жағдай жасалуы керек. Қаладағы аудандық соттардың жүктемесі көп болғандықтан, жалақысы да көптеу шығар.
Бірақ, шалғайдағы соттардың да өзіндік қиындығы баршылық. Қажет болса, осыны ескеріп оларға ынталандыру есебінде қосымша ақы тағайындап, артықшылық жасалса, қазіргідей шалғайдағы аудандық соттар төрағасыз қалмас еді. Жалпы бұл мәселені жоғарыдағылар қаперге алып, қайта қарау керек.

Сауалнаманы дайындаған Камила ӘКІМБЕК, «Заң газеті»

[ratings]

Жұмыс режимін сақтау бойынша жиын өткізілді

2024 жылдың 10 желтоқсанында Мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимін...

КОДЕКС СУДЕЙСКОЙ ЭТИКИ

Судьи Республики Казахстан, основываясь на Конституции Республики Казахстан (далее...

Харассмент: за молчаливым барьером

Актуальность данной темы в современном обществе невозможно переоценить. За...

Полиция «Альфард» жүргізушілеріне түсіндірме жүргізді

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен жеке...

Жастардың құқықтық санасын, рухын оятып, мәдениетін дамыту керек

Сыбайласқан жемқорлық атты дерттен арылу және жойу жолын жастардың...