Ел халқының жартысына жуығы тұратын ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеу үшін тәуелсіздік жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Алайда олардың тиімділігі аса жоғары болмады. Ондағы межеленген көрсеткіштерге толық қолжеткізе алмауымыздың басты себептерінің бірі ретінде сарапшылар атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігінің шектеулігі болды дегенді айтты. Ол негізсіз емес екенін Мемлекет басшысы да жасырған жоқ. Өйткені ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң сонау 2013 жылдың маусым айында күшіне енген болатын.
Сол кезде ауыл әкімдерін сайлауға жол ашылғандай көрінгенмен, бастама аяқсыз қалды. Сол себепті ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы жолдауында: «Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» деп дамудың жаңа бағытын айқындап берді. Ал 2021 жылғы жолдауында: «Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы – азаматтық мәдениетті дамыту» дегенді айтты. Шынында да, ауыл әкімдері сайланады деген кезде оған біреулер енді бізде таңдау болады деп үмітпен қараса, енді біреулер «қанына тартпағанның қары сынсын» деген түсінікпен бұл рушылдық пен жершілдікті қоздыруы мүмкін деп күдік білдірген болатын. Бүгінде бұл күдік біртіндеп сейіле бастады. Оны Мемлекет басшысы да былтырғы жолдауында ашық айтты. – Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз, – деп бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік барын нақты цифрлармен көрсетіп берді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, биыл ауыл, ауылдық округ қана емес, бірқатар қала әкімдерінің сайлауы жоспарланып отыр. Олардың ең көбі Қарағанды (47), ең азы Ұлытау (4) облысында болады. Ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 17 өңірде түгел өткенімен, аудан әкімі тек Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ғана сайланады. Ал аудандық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы Қарағанды облысының Мамлютка мен Қарқаралы, Түркістан облысының Сарыағаш, Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка, Алматы облысының Есік, Ақтөбе облысының Қандыағаш, Шалқар және Темір қалаларында жоспарланған. 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiкаумақтық құрылысы туралы» заң бойынша еліміздің әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының жүйесiне мынадай әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер кiредi: ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс. Республикалық әкімшілік-аумақтық құрылыстың негізгі буындары ретінде облыс, аудан және ауылдық округ өңірлер болып табылады. Облыс облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардан тұрады. Аудан халқының жалпы саны 300 мың адамнан аспайтын аудандық маңызы бар қалалардан, ауылдардан, кенттерден, ауылдық округтерден тұрады. Ауылдық округ халқының жалпы саны кемінде 500 адам болатын екі және одан да көп ауылдық елді мекендерден тұрады. Елдi мекен – халық саны кемiнде 50 адам болатын, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметi нәтижесiнде қалыптасқан, Қазақстан заңдарында белгiленген тәртiппен есепке алынған және тiркелген әрі жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басқаратын бiр бөлiгi. Халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Ал ауылдар – халқының саны кемінде 50 адам болатын елді мекендер. Қазіргі таңда еліміздегі 17 облыста 175 аудан бар. Олар 2468 ауылдық округтен тұрады. ҚР Президенті 2021 жылы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңесте партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударған. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізетінін ерекше атап өткен еді. Өкінішке қарай ауыл әкімдерін сайлауда әлі де саяси партиялар тарапынан айтарлықтай белсенділік байқалып отырған жоқ. Мәселен, 2023 жылы ауыл әкімдерінің 656 сайлауы өткізіліп, 655 әкім сайланды. 656 округ бойынша 2411 кандидат ұсынылды. Оның 1954-і өзін-өзі ұсынса, 456- сы бес саяси партиядан болды. Атап айтқанда «AMANAT» партиясы – 416, «Ақ жол» ҚДП – 19, ҚКП – 13, «Ауыл» ХДПП – 7, ЖСДП – 1. Сайлауға 1897 үміткер қатысты немесе орташа бәсекелестік бір орынға 2,9 адамды құрады. Сайлау қорытындылары. Орташа келу 59,73% құрады. Әкімдер корпусын жаңарту 70,7 пайызды құрады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


