Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ата заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.
Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы – адам, оның құқығы мен бостандықтары. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады. Ата заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Конституциямызда бекітілгендей, тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары заманымызға сай идеологияға айналды.
Әрбір тәуелсіз, демократиялық мемлекеттің берік тұғыры мен тұрақты дамуының негізінде заң үстемдігі жатыр. Ал сол заңдылықтың бастауы – Ата заң, яғни Конституция. Қазақстан Республикасы үшін Ата заң – мемлекеттің негізін қалыптастыратын, қоғамдық өмірді реттейтін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатын тарихи және құқықтық маңызы зор құжат.
Ата заң – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, ол – ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің тірегі. Конституцияда көрсетілген нормалар мен қағидалар мемлекеттің басқару құрылымын жүйелеп, билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне жол ашты. Заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерінің арасындағы тепе-теңдік пен өзара бақылау механизмі еліміздің ішкі тұрақтылығы мен саяси бірлігін қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар, Конституция – әрбір азаматтың құқықтарын қорғаудың басты құралы. Онда адамның ар-намысы, еркіндігі, діні, тілі, мәдениеті мен сеніміне деген құрмет айқын көрініс тапқан. Білім алу, еңбек ету, кәсіппен айналысу, сөз бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық секілді негізгі құқықтар Ата заңмен қорғалған.
Қазақстанның Ата заңы ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, әлемдік құқықтық тәжірибені сәтті үйлестіре алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Конституция – ел дамуының саяси және құқықтық тұғыры». Бұл тұжырым – Ата заңның мемлекет өміріндегі шешуші рөлін айқын сипаттайды.
Қорытындылай келе, Ата заң – тек қағаз бетінде жазылған құқықтық нормалар жиынтығы емес, ол – елдің болашағына бағыт-бағдар беретін темірқазық. Конституцияны құрметтеу – елге деген құрметтің көрінісі. Сондықтан әрбір азамат Ата заңды білуге, оны қорғауға және оның талаптарын бұлжытпай орындауға міндетті. Себебі заң үстемдігі орнаған қоғамда ғана әділеттілік пен тұрақтылық салтанат құрады.
Мұғалжар аудандық сотының төрағасы А.Ш.Жамиев