Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-бабына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай-ӘҚБтК) 3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға осы Кодекс бойынша жауаптылыққа жатады.
Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғасқан не аяқталған іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарға да қолданылады.
2023 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы осындай жасөспірімдер құқығын қорғау ісіне іргелі өзгеріс әкелген маңызды құжат қол қойды.
Аталған Заң ювеналдық соттардың құзыретін кеңейтеді және жасөсіпірімдердің құқығын қорғау үшін аса маңызды мән беріліп отырғанын көрсетеді.Осы уақытқа дейін ювеналдық соттар бірыңғай тәжірибе қалыптастырып, өздеріне жүктелген сенімінен шығып келеді. Ювеналдық соттардың жұмысын жүйелеумен бірге, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты заңдарды жаңғырту бойынша ауқымды мәселелер біртіндеп шешімін тапты.
Елімізде кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға айрықша көңіл бөлінген. Ішкі істер органдар саласында жасөспірімдер ісі бойынша барлық жауаптылық ювеналдық полицияға жүктелсе, республиканың әр аймағындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар жасөспірімдермен байланысты азаматтық, қылмыстық істерді таразы басына салып, тура төрелік жасауда өзіндік тәжірибе қалыптастырған. Аталған соттардың өз жұмысын бастауы елімізде ювеналдық әділет жүйесінің дамуындағы маңызды қадам.Ювеналдық соттардың құрылуы жасөспірімдер ісінің жан-жақты, әділ қаралуына ықпалын тигізеді, себебі жасөспірімдерге қатысты ісін қарау өте күрделі әрі айрықша нәзік.
ӘҚБтК-нің 684-бабының 2-тармағына сәйкес кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттары кәмелетке толмағандар жасаған, осы Кодекстiң 435, 436 (үшінші бөлiгiнде), 438 (үшінші бөлігінде), 440 (үшінші бөлігінде), 442 (үшінші бөлігінде), 448-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы; осы Кодекстің 127, 127-1, 128, 129, 130, 131, 133, 134, 135, 430 (екiншi бөлiгiнде), 663-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды.
Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
ӘҚБтК-нің 127-бабының 2-бөлігіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтiң немесе білім беру, денсаулық сақтау ұйымының немесе өзге ұйымның өзіне көрсетілген міндеттер жүктелген басқа да қызметкерінің кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуына не қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуына не оның қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген орындамауы жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
2023-2024 ж.ж. статистикалық мәліметтерге сәйкес кәмелетке толмағандар жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің саны көбейіп барады, оның ішінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болуына жол беруі, ата-аналардың балаларына қатысты тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы бойынша.Заң шеңберінде кәмелетке толмағандардың әрекеттері үшін ата-аналар мен заңды өкілдері жауапкершілікті алып жүреді.
Жасөсіпірімдердің қылмысқа барып, жазаға тартылуы тек оның өзі, туыстары үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін үлкен әлеуметтік мәселе.Өйткені ел болашағы болып саналатын жастардың жаңа өмір бастамай жатып, заң бұзушылыққа жол беруіне ата-анасы, білім ошағы мен өскен ортасы кінәлі.Сондықтан кәмелетке толмағандар тәрбиесін ешқашан назардан тыс қалдырмау керек.
Ақтөбе облысының
кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы М.Уразалина