Ата-ана құқықтарын шектеу – ең алдымен баланың мүддесін қорғауға бағытталған шара. Ал баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Елімізде ата-ана құқықтарын шектеу негіздері, шарттары Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің (әрі қарай –Кодекс) 79-бабымен көзделген.
Осы Кодекстің нормаларына сәйкес, сот баланың мүддесiн ескере отырып, баланы ата-аналардан оларды ата-ана құқықтарынан айырмай алу жолымен ата-ана құқықтарын шектеу туралы шешiм шығара алады.
Ал, ата-аналары немесе олардың біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған немесе шектелген баланы баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган орналастыратын болады.
Егер баланың ата-аналарымен қалуы:
— ата-аналарға байланысты емес мән-жайлар (психикасының бұзылуы немесе өзге де созылмалы ауруы, ауыр мән-жайларға душар болуы) бойынша;
— ата-аналардың мінез-құлқының салдарынан, бірақ бұл ретте ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру үшін жеткілікті негіздер анықталмай, ол үшін қауіпті болса, ата-ана құқықтарын шектеуге жол беріледі.
Егер ата-аналар өз мінез-құлқын өзгертпеген жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ата-ана құқықтарын шектеу туралы сот шешімі шыққаннан кейін алты ай өткен соң оларды ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап-арыз беруге міндетті болады. Мысалы, мұндай жағдайлар баланың ата-анасы спирттік ішімдіктерге немесе есiрткi заттарға салынып, дұрыс жолға түспеуі cалдарынан болып жатады.
Әрине, бала үшін ең қауіпсіз орта ең алдымен өз отбасында қалыптасуы тиіс. Алайда, кейбір жағдайларда ата-ананың өз міндеттерін тиісті, қажетті деңгейде орындамауы немесе отбасындағы жағдайлардың балаға кері әсер етуі оның құқықтары мен мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін. Міне, осындай жағдайда заңнамамен ата-ана құқықтарын шектеу шарасы көзделген.
Заң талаптарына сәйкес, ата-ана құқықтарын шектеу туралы талапты сотқа баланың жақын туыстары және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар, сонымен қатар прокурор беруге құқылы.
Ата-ана құқықтарын шектеу салдарынан, сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналар баланы жеке өзi тәрбиелеу құқығынан айрылатын болады. Алайда, ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерден босату деген сөз емес.
Сотпен ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстерді қарау барысында сот отырысына қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілі міндетті түрде қатысуға жатады. Ал, ата-аналарының екеуiнiң де ата-ана құқықтары шектелген жағдайда бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берiлетін болады.
Ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстер қаралған кезде сот ата-аналардан балаға алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешуге құқылы, яғни аталған мәселе соттың құзырына кіреді.
Әйткенде де, соншалықты бәрі жаман емес. Өйткені ата-ана құқықтарын заң талаптарына сәйкес қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін, егер ата-аналардың ата-ана құқықтары шектелген негіздер жойылса, сот ата-аналардың талабы бойынша баланы ата-аналарына қайтарып беруі мүмкін.
Қорытындылай келе, отбасы әр адамның өмірінде ерекше маңызды орын алады. Әр отбасының көркі, сәні балалар. Еліміздегі әр бала өз ата-анасының жанында жылулық пен махаббатқа толы отбасыда бақытты өмір сүрсе екен дейміз.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот әкімшісі басшысының орынбасары Самат Әбілдаев


