Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» деп аталатын жолдауын жасады. Бұл көптен күткен тарихи сәт еді. Жолдауда отандастарымыздың көкейіндегі тағдыршешті сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелердің нақты шешімі ұсынылды. Бұл ретте отыз жыл бойы елімізді кері тартып келген суперпрезиденттік жүйенің жаңа тұрпаттағы президенттік – парламенттік жүйеге ауысатыны, болашақ Президенттің шексіз құзыретке ие болмайтыны, оның туған-туыстарына мемлекеттік қызмет, квазимемлекеттік құрылымдарда қызмет етуге тыйым салынатыны белгілі болды.
Жоғарғы аудиторлық Палата құрылып, олардың Мәжіліс алдында жылына екі рет есеп беретіні де осы жолдаудың көпті қуантқан тың жаңалығы. Өз алдына дербес Абай, Ұлытау, Жетісу, Алматы облыстарының ашылатыны да тарихи шешім. Яғни, бұл жолдаудың мән-маңызы айрықша. Енді жекелеп тоқталайық.
Қаңтар оқиғасына кінәлілер толық жазасын алады
Мемлекет басшысы бұл жолдауында алдымен қаңтар дүрбелеңі жайлы мағлұмат беріп, Ұжымдық шарт ұйымынан әскер алдырудың себебін түсіндірді. Президенттің айтуынша, бұл қанды оқиға теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ ниетінен туған. Соңғы жылдары Қазақстанда елді түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға бағытталған реформалар қабылданып, түрлі салада ауқымды өзгерістердің басталуы кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыру үшін неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Бұл үшін халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Мұны шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Президентті биліктен кетіргісі келді. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында жоғары лауазым иелері, әскери және арнаулы органдар басшылары да бар. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Соның салдарынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұралды. Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа амал қалған жоқ. Енді кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады.
Реформаны атақ үшін жасаудың қажеті жоқ
Елдегі қолға алынған жүйелі өзгерістерге қаңтар оқиғасы кедергі келтіре алмайды. Керісінше, олар қоғамның барлық саласында тың сипатпен қарқын алады. Мемлекет басшысы осы ретте қанды қаңтардың орын алуына еліміздегі тоқыраудың салдары әсер еткенін мойындады. Оның айтуынша, бұл тығырықтан шығу мақсатында реформалық өзгерістер екі ай бұрын белгіленген. Алайда, сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер қаупінен соң кейінге қалдырылыпты. Мемлекет басшысы реформаны тек атақ үшін жасаудың қажеті жоқтығын, халыққа көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керектігін атап көрсетті. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жойып, оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнатудың өзектілігін мәлімдеді. Осыған орай бірнеше заң жобасы әзірленетін болды. Оның алғашқысы – суперпрезиденттікті жоюға бағытталмақ. «Қасіретті қаңтар» мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтетінін, олардың мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайтынын көрсетті.
Саяси үстемдікке шектеу қою қажет. Осы орайда Президенттің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екені заң жүзінде ресімделуге тиіс. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмарлығына шек қойылады. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық Кеңес төрағасы және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норма да заңнамаға енгізілмек. Әкімдер мен орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай шешім көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді деген үміт бар.
Парламент Мәжілісі – бақылаушы ұйым
Президент өкілеттігі қысқарғанымен, Парламенттің рөлі айтарлықтай артатын болды. Яғни, халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелмек. Осы орайда Мемлекет басшысы Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау қажеттігін атап көрсетті. Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азаяды. Қазақстан халқы Ассамблеясына Мәжілістен квота берілмейтін болды. Ол Сенатқа ауысып, 9-дан 5 депутатқа дейін кеміді. Жалпы Сенат әр өңірдің мүддесін қорғайтын палатаға айналуы тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Елімізде көптеген ауқымды жоба, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Тиісінше, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру ұсынылды. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі. Сондай-ақ, мәслихат ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізілетін болады.
Саяси жаңғыру өзегі – сайлау жүйесі
Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру болса, бұл сайлау үдерісі арқылы жүзеге аспақ. Партиялық тізіммен сайлау халықтың сайлауға деген қызығушылығын төмендетіп жіберді. Сайлауды керек қылмайтын адамдар қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ақиқатында қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайтты жою үшін аралас сайлау жүйесі енгізілмек. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Бұл сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Осылайша көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне жол ашылады. Сондай-ақ, аудан, қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшіріледі. Мемлекет басшысының айтуынша бұл жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.
Конституциялық сот құрылады
Мемлекет басшысы жолдауында ерекше тоқталған салалардың бірі – құқық қорғау жүйесі болды. Бұл орайда елімізде Конституциялық Сот құрылатыны жарияланды. Президент мұны әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам деді. Өйткені, Конституциялық Сот азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды құқы мен мүддесін қорғау деңгейін арттыратын болады. Қазіргі таңда еліміздегі заң актісі мен шешімнің Ата Заңға сәйкестігін анықтауда кедергі бар. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық Кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық Сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігін беруді ұсынды.
Өлім жазасы болмайды
Мемлекет басшысының азаматтар құқығын қорғау мәселесіне айрықша мән беріп келе жатқаны белгілі. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал былтыр Президент бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған арнайы жарлыққа қол қойды. Ендігі кезекте өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет. Сонымен қатар азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Жолдауда бұл құзыретті Бас прокуратураға беру ұсынылды. Бұл ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі.
Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау да бүгінгі таңда қоғам назарында тұр. Мемлекет басшысы бұған да тоқталып, отбасы-тұрмыстық қатынас саласындағы құқық бұзушылықтарға тиімді қарсы тұру маңыздылығын атап өтті. Бас прокуратураға қоғам белсенділері айтып жүрген әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту, мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың қаншалықты дұрыс екендігін анықтауды тапсырды. Бұл құзырлы орынға сонымен қатар Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заң дайындау да міндеттелді. Президенттің айтуынша, олар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет.
Сот билігі тәуелсіз болу керек
Президент сот жүйесіне қатысты да нақты тапсырмалар берді. Заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі соттардың шын мәніндегі тәуелсіз, ашық және кәсіби болуының маңыздылығын атап көрсетті. Кадр іріктеудің жаңа жүйесі мен сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуде Жоғары Сот Кеңесінің жұмысын жетілдіру қажеттігіне назар аудартты. Кеңестің қызметі қоғам үшін толық жариялы болуы үшін ұйымның конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасауды ұсынды. Сонымен қатар, мұндай конкурстардың қорытындысын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отыру қажет. Сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашатын Алқа билер сотының да одан әрі дамытылып, оларға берілетін істер санатының кеңейетіндігі белгілі болды.
Бәсекеге қабілетті БАҚ: ол қандай?
Қайта қаралатын заңдардың бірі Бұқаралық ақпарат құралдары туралы құжат болмақ. Өйткені, жолдауда журналистерге қатысты да нақты міндеттер айқындалды. Бұл орайда негізгі басымдық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға жасалды. Сонымен қатар, БАҚ-тың еркін болуы, бұл талаптың қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды екендігі айтылды. Президент атап өткендей отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Себебі, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралын құру заман талабы. Осыны айтқан Президент БАҚ билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтеруге міндетті екенін және мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керектігін мәлімдеді. Өйткені, тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары журналистика болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек.
Тарихи жерлерге облыс мәртебесі берілді
Жаңғырудың бір парасы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты айқындалды. Мемлекет басшысы бұл орайда қуатты ел болудың алғышарты өңірлерді дамытуға жол ашатын әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайландыру жөніндегі бастама екенін атап өтті. Қуаныштысы халықтың қалауына сай бірқатар облыстың құрылатындығы белгілі болды. Атап айтар болсақ, Семей қаласы жаңа облыстың орталығына айналды. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы бүгінде қиындап кеткені белгілі. Демек, бұл шешім тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға жол ашары сөзсіз. Сол секілді Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылып, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы мәртебесін иеленді. Мемлекет басшысы мұны экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім деп атап көрсетті. Өйткені, кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдырына қатысты ұлы жиындар өткен бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін де ұтымды пайдалану керек. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдерді шешу үшін де осы бағыт таңдалды. Себебі, бұл облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Осы жағы ескеріліп, Алматы облысын екіге бөлу ұсынылды. Енді бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналаспақ. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін берері анық. Жалпы, әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді.
Теңге тұрақтылығы – дағдарысқа ұрынбау кепілі
Жолдауда қамтылған негізгі мәселенің бірі геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстанда бұрын-соңды болмаған қаржылық-экономикалық қиындықтардан шығуға бағытталды. Мемлекет басшысының айтуынша жалпы әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршіп, өндірістік және сауда жүйелерінің күйреп жатқаны байбалам салуға негіз емес. Өйткені, елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдің бәрі бар. Тек Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыру керек. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету басымдыққа ие. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы. Сондықтан Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы бағытта шешуші шаралар қабылдауы керек.
Тоқетерін айтқанда, бұл жолдау еліміздің ұзақ мерзімді дамуын қамтыған стратегиялық маңызды құжат болды. Ондағы әрбір бастама ел мүддесі үшін Мемлекет басшысының өз мойнына алған жауапкершілігінің салмағын аңғартты. «Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!» деген толғанысқа толы сөзі ендігі жерде барлық шешімнің әділет тұрғысынан жасалатындығына сендірді. Лайым осы үміт алдамағай.
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»