Кеше ғана біздің бабаларымыз жете алмай, сан жылдар армандап өткен еліміздің тәуелсіздігіне бүгінде біздің қолымыз жетіп отыр, бұл дегеніңіз тәуелсіздіктің құнын түсінген жанға жетерлік. Алты Алаш анттасып, өз таңбаларын тасқа басқан қазақ еліміз. Ал енді сол аманат, сол бірлік халқымызға бүгін де ауадай қажет.

Соттар әкімшісінің басшысы Зульфия Кабдуллина
Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының әр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Өйткені, тіл мәселесі өте маңызды мәселе, біріншіден, тіл – өзімізді ұлт ретінде сақтаудың қорғаны, екіншіден, барлық Қазақстандықтарды біріктіруші ортақ байлығымыз. Олай болса, мемлекеттік тілді білу – әр жанұяның, әр ұжымның негізгі мақсаты, біз тіл арқылы ғана ата-бабамыздан келе жатырған ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз.
Тіл – қатынастың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені, ана тілінің өмір сүру кеңістігін тілді сақтау, ал тілді сақтау ел тұтастығын сақтау.
Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр.
Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп туған тіліміз жайында ой түзеді. Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы, қадір-қасиетін президентімізді де аз ойландырып, толғандырып жүрген жоқ. Осы орайда ел президенті Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақ тіліне қатысты көптеген өзгерістерге бастама болып, оны бақылауда ұстауы дәлел бола алады.
Мен қазақ тілінің жанашыры ретінде қазіргі таңда мемлекеттік тілге толыққанды көшу үшін және қазақ тілінің беделін одан әрі нығайту үшін, ең алдымен, мемлекеттік тілді оқытудың мазмұны мен сапасына көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Өйткені, анамыздың сүтімен бойға даритын тілдің әр адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы орны ерекше. Бүгінгі қоғамның да алдымызға қойып отырған басты талаптарының бірі – өз ойы мен пікірін өз ана тілінде еркін жеткізе алатын, сол арқылы кез келген ортаға тез бейімделе білетін, сөйлеу тілі қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы атамыз. Сол тіл мәселесі, оның ішінде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің тағдыры жайында тіл жанашыры ретінде айтарым: Мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1- тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп нақты белгіленген. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып табылады.
Аталған Заңда қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп көрсетілген.
Ендеше қазақпын деген қаны бар азамат тілім Тәуелсіздік тірегі, Тілім болашағым, Тілім мақтанышым деген биік сезімді мұрат етуі шарт.
Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі. Тіл – ұлттың төлқұжаты, мемлекеттің тұғыры. Сол болашақтың берік іргетасын бүгін қалауымыз қажет.
Жалпы әлемдік құндылықтардың бастауы ұлттық және адами құндылықтар екенін ескерсек, ғаламдық даму үдерісінде сөйлеушілердің саны жағынан әлем тілдері ішіндегі алдыңғы 70 тілдің санатына енетін қазақ тілі мен мәдениетінің орны бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Бұл ретте, айтқым келгені тілдік тәрбие, тілдік насихат жөнінде болып отыр.
Қазақстанның әр азаматы өзінің өмірдегі мұратына жетуі үшін мемлекеттік тілді білуі керек екеніне, онсыз мансабының өспейтініне, қазақ тілінсіз өз елінің толыққанды азаматы болып саналмайтынына көзі жеткенде ғана серпіліс болады деп есептеймін.
Нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі, сот билігінің беделі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы артады.