12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ASTER.LTD — ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ МА?

Газет редакциясына «Аster.LTD» деген аты дардай компанияның инвестициялық қызметінен зардап шеккен бір топ адам шағым жолдады. Олар бұл компанияны қаржылық пирамида деп есептейді. Алаяқтарға алданғандардың қатарында тек Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Қызылорда қалаларының ғана емес, басқа өңірлердің тұрғындары да бар. Жәбірленушілер жергілікті полиция органдарына компанияның қызметін тоқтату, сайтты жабу және шығынды өтеу туралы өтініш берді.

Ең алдымен, қаржы пирамидасы – бұл жоғары кірісті инвестициялық (қаржылық деп оқыңыз) жобаларды сылтауратып, азаматтардың ақшасын алуды мақсат еткендер кеңсесі. Олар неліктен «пирамида» деп аталады? Шындығында, пирамиданы екі-үш адам құрады, оның ең басында өздері орналасады. Енді осы пирамиданың негізін қалау үшін, әрине, ақшасы бар адамдарды көптеп тауып, қатарларына тарту керек. Ал іс жүзінде кеңсе ешқандай инвестициялық қызметпен айналыспайды. Себебі, сырттан қаржы тарту үшін мемлекеттік лицензия болуы қажет. Ал ол бұларда жоқ. Алдымен сенімділік үшін қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар жаңа қатысушылардың қаражатын тарту арқылы ақшалай төлемдер жасайды. Бір-екі төлемнен кейін бұл арна жабылып қалады, содан кейін ғана салымшылар өздерінің алданып қалғанын түсіне бастайды. Алайда, алаяқтар қазір алдаудың басқа амалын тапқан. Ақшаның орнына олар тауарлар мен қызметтерді ұсынады. Олардың да өзіндік құны бар екені белгілі. Ақша тікелей кеңсенің кассасына түспейді, ол сізге пирамида ұсынған шетелдік круизге жолдама немесе ас үй ыдыстарының жиынтығы, биологиялық белсенді қоспалар сияқты тауарлар мен қызметтер арқылы келеді. Тағы бір айта кететін айла – егер сіз жобаға қатысушы ретінде өзіңізбен бірге екі-үш клиентті алып келсеңіз, онда бұл үшін бонустар аласыз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылдың маңыздылығын атап өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдарды алдын ала анықтауға, жедел ден қоюға, азаматтарды қаржылық алаяқтардың белгілері туралы хабардар етуді күшейтуге бағытталған шараларды ескеру қажет деп санаймын», – деген болатын. Қ.Тоқаев келтірген статистика көрсеткендей, 2022 жылдың алғашқы бес айында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар 27 млрд теңгеден астам сомаға 17 мыңнан астам салымшының мүлкін иемденіп кеткен. Бұл – алаяқтардың қалтасына түскен өте көп қаржы. Алайда, Бас прокуратураның Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесе отырып, әлеуетті қаржы пирамидаларын ерте анықтау тетігін енгізгеніне қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы клиенттерді жаңа жобаларымен қызықтыратын, мол пайдаға кенелтуге уәде беретін арамзалар аз емес.

ПИРАМИДАНЫ ҚАНДАЙ БЕЛГІЛЕРІ БОЙЫНША АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?

Алайда, осы жылдың ақпан айында ғана тіркеліп, сайттарын ашқан Aster компаниясына оралайық. Олар өзін денсаулық (табиғи тағамдық қоспалар) саласында да, сұлулық тұрғысынан да (косметикалық құралдар) қарқынды дамып келе жатқан халықаралық супер компания деп барынша жарнамалап жүр. Заман талабына сай IT (маркетплейс) қарқынды жүргізуде. Аster.LTD өзі туралы «өндірістің, азық-түлік қауіпсіздігінің барлық халықаралық стандарттарына сәйкес келеді» деп жазады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қаржы пирамидасын алаяқтыққа ұқсас деп атайды. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларының белгілері бар субъектілерді алдын ала анықтау мақсатында Агенттік қаржы пирамидаларының 39 белгісінің тізбесін әзірледі. Оның бәрін тізімдеп айтудың қажеті болмас, дегенмен мұндай пирамиданың негізгі белгілерін немесе қырларын ғана береміз. Алғашқы белгісі – қаржылық реттеуші лицензиясының болмауы. Жоғарыда айтылғандай, қаржы пирамидалары қаржы ұйымдарына жатпайды және депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың шоттарын ашуға лицензиясы жоқ. Екінші белгісі – әкелген клиенттеріне өте мол пайдаға кенелесің деп кепілдік беруі және сыйақы беруге уәде етуі. Қаржы пирамидасының үшінші белгісі – құпиялылығы, компанияның құрылтайшылары мен басшылары туралы нақты ақпараттың болмауы, т.б. Қаржы пирамидасының басқа да белгілері – интернетте және әлеуметтік желілерде қарқынды жарнамалау, атауларда, жарнамаларда оларды танымал компанияларға немесе брендтерге ұқсататын сөздерді қолдану. Кеңсенің болмауы, заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның номиналды тіркеу орнының болуы. Сондай-ақ, нарықтық деңгейден әлдеқайда жоғары кепілдендірілген кірісті төлеуге уәде бере отырып, жоқ активтерге немесе жобаларға инвестициялар тарту. Қаржы пирамидасымен байланысудың негізгі белгілері осындай.

«ЖҰЛДЫЗДЫҢ» АТЫН ЖАМЫЛЫП… (Күріштің арқасында күрмек су ішер)

Ендігі біздің міндетіміз – шағымданушылар хабарлаған және әлеуметтік желілерде жарнамасы жер жарып тұрған aster.market сайтының, Аster.LTD компаниясының қызметі осы белгілерге жататын-жатпайтынын анықтау. Аster.LTD компаниясы, біз анықтағандай, қаржы ұйымы болмай шықса, онда оның халықтан ақша тартуға рұқсат беретін мемлекеттік лицензиясы жоқ. Сонда бұл пирамида болғаны ма? Ендеше, мол пайда табуға шақыратын екінші белгі бойынша зерттеп көрейік. Аster.LTD және aster.market сайттарынан алынған компанияның маркетинг жоспарына сүйенсек (скриншоттар қоса беріледі), инвестициялық жоба авторлары 10-нан 50 пайызға дейін старт-бонустар түрінде қаржы төлеуге уәде береді. Мысалы, «қола» пакет үшін қалтасынан 15 мың теңге төлейді. Ал «платина» үшін 366 мың теңге көлемінде ақша шығаруға тура келеді. Егер сіз өзіңізбен бірге адамдар алып келсеңіз, онда сізге артықшылыққа ие клиент ретінде асқан «жомарттықпен» Аster.LTD кеңсесінің кассасына түсетін соманың 10-50 пайызы бонусқа беріледі. Енді компанияның өзі, қарқынды жарнамасы, құрылтайшылары және күмәнді жобаларына тоқталайық. Бұл пирамиданың үшінші белгісіне сәйкес келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Aster.LTD жақында ғана тіркелген. Компанияның басшылары Берік Өскембаев (президент) және Алтынкүл Қожасаева (директор) болып есептеледі. Айтпақшы, Өскембаев және басқа да ұйымдастырушылар тек Tik-Tok, Facebook-те ғана емес, басқа да телеграмм-арналарда белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Алданған шағымданушылар санының көп болуына қарағанда, жұмыстары жаман жүріп жатпаған сияқты. Шағымданушылардың айтуынша, Aster компаниясының негізін қалаушы боп табылатын Әлия Рахмановаға да аз-кем тоқтала кетсек. Оның бір басында заңға қайшы әрекеттер жетіп-артылады. 2021 жылдың 12 наурызында Рахманова басты рөлді ойнаған «Unnnity corporation» қаржы пирамидасын құру және оған жәрдемдесу бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бір жарым жылдың ішінде бұл компанияның айналымы 7 млрд 685 млн теңгені құраған. Сол кезеңде қаржы пирамидасының 10 көшбасшысы, ішінде А. Рахманова да бар, қаржы пирамидасын құруға және басшылыққа көмектескені үшін айыпталды (ҚР ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы). А.Рахманова «Unnnity corporation» компаниясында жұмыс істеген кезінде бонус ретінде 17 млн теңге алған. 2021 жылы Ақтөбе қаласының №2 соты оны соттап, жазасын кейін өтеу туралы үкім шығарды. Оның мойнында әлі 72,5 млн теңге қарызы бар. Алайда Әлия Рахмановаға бұл сабақ болмады, ол түзелудің орнына бұрынғы әдетіне қайта басты. Сөйтіп, Aster.LTD компаниясының көшбасшысы болды. Төрт айдың ішінде ол Royal мәртебесіне қол жеткізе алды. Енді ол компанияның жетекші акционері болып есептеледі және ақылға сыймайтын сомадағы мол табысқа ие (деректер ашық көздерден алынған). «Aster» (жұлдыз) атауына келетін болсақ, бұл – кордицепс пен лингжи дәрілік саңырауқұлақтарындағы препараттардың ресми дистрибьюторы болып табылатын ASTER (АСТЕР) халықаралық компаниясының танымал бренді.

ҚОСПАЛАРДЫ ҚОЛДАН ЖАСАУШЫЛАР

Пирамида кеңсесінің ұйымдастырушылары биологиялық белсенді қоспаларды сатудың жаңа арнасын ашуға шешім қабылдады. Аса бас қатыратын мәселе емес, бұл препараттарды елге әкелуге тыйым салынбаған. Оның үстіне Қазақстанда медициналық препараттар мен олардың айналымын бақылау да онша қатаң емес. Сертификаттар қажет дейді, оларды кез келген кеңседен басып шығаруға болады, әйтеуір, пирамида емес қой. Шағымданушылардың айтуынша, алты түрлі биологиялық белсенді қоспаға өнімнің сәйкестігін дәлелдейтін тек бір ғана азық-түлік декларациясы беріледі, бұлай істеуге қатаң түрде жол берілмейді. Несі бар, бұл дәріхана емес қой, сондықтан дәрі-дәрмектер айналымына құзырлы орган тарапынан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жасалмайды. Жәбірленушілер Aster.LTD биологиялық белсенді қоспалар сатудан бөлек, оларды шығаратын зауыт ашқаны, онда аталған қоспаларды өздері жасап шығарып жатқаны туралы хабарлаған кезде, мен шошып кеттім. Бізде биологиялық белсенді қоспаларды ешқандай ғылыми тәжірибесіз, ас үйде жүріпақ жасай алатын ақылдылар пайда болған ба? Айтпақшы, маркетинг жоспарларында олардың қолдан жасалған биологиялық белсенді қоспалары қандай да бір клиникалық сынақтардан өткені көрсетілген. Қандай сынақтан өтті екен? Неге екені белгісіз, осы «жаңалықтардың» барлығы қандай да бір себептермен Денсаулық сақтау министрлігінің, Дәрі-дәрмектерді қадағалау комитетінің назарынан тыс қалыпты. Биологиялық белсенді қоспаларды өндіру саласындағы сарапшы (фамилиясын көрсетпеуді сұрады) әлеуметтік желілерде бұл өнімдерді сату фактісін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, биологиялық белсенді қоспалардың әрқайсысының мемлекеттік тіркелуі туралы сертификаты болған жағдайда, оларды тек дәріханаларда және мамандандырылған дүкендерде сатуға болады. Бірақ биологиялық белсенді препараттарды шығаратын зауыт немесе цех ашу өте қиын. Бұл базарда кептірілген шөптерді сату емес. Мұнда заңнамамен және қауіпсіздіктің техникалық талаптарымен реттелетін медициналық препараттарды өндіруге ғана емес, сонымен қатар жабдықтарға, технологияларға және мамандарға да ерекше талаптар қойылады. Құдай сақтасын, егер осы қолдан жасалған қоспаларда адамның ақыл-ой қызметіне әсер ететін саңырауқұлақ зеңдері болса ше? Ас үйдегі «данышпандар» ғылыми зертханаларда арнайы медициналық зерттеулер жүргізді деп ойламаймын. Бірақ олардың қолдарында барлық зерттеу қорытындылары бар. Шындығына келгенде, бұл уәкілетті органдар назарын аударатын өзекті мәселе. Шеберхананың қайда екенін ешкім білмейді. Бірақ Aster.LTD компаниясы кеңсесінің мекенжайы сайтта көрсетілген: Бостандық ауданы, Абай даңғылы, 150 үй, Н.П. 824. Басқа ешқандай байланысу тетіктері де, телефон нөмірлері де жоқ. Жатқан бір жұмбақ. Бұл – аталған кеңсенің көңілге ешқандай сенімділік ұялатпайтынының тағы бір көрінісі.

ҚАРЖЫ ҚАДАҒАЛАУ АГЕНТТІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Көріп отырғаныңыздай, Aster.LTD компаниясы барлық белгілер бойынша қаржы пирамидасына ұқсайды. Алайда шынымен солай ма әлде жоқ па, оның анығын тек Қаржы мониторингі агенттігі немесе ІІМ, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті сияқты құзыретті органдар ғана нақты айта алады. Айтпақшы, Қылмыстық кодекске қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 271-1- бап енгізілді және олардың құзыретіне сотқа дейінгі істерді тергеу кіреді. Өткен жылы газетімізде («ЮГ», 11 қараша 2022 ж.) қаржы пирамидалары туралы жазылды. «Қаржы пирамидаларына қашан тыйым салынады?» мақаласында Қазақстан Республикасында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Дмитрий Акмаев: «Адамдар қаржы пирамидаларына ақша салуды тоқтатпайынша, олар қызметін тоқтатпайды. Қаржы пирамидалары кетеді, жасырынып қалады, бірақ олардың орнына басқалары келеді. Егер қаржы пирамидасының «халықаралық» деген анықтамасы болса, онда оған жолаудың қажеті жоқ, өйткені ол шетелде тіркелген және сізді одан ешкім қорғамайды. Біз компанияларды, сайттарды қалағанымызша жауып, оған қатысы бар адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарта аламыз, бірақ азаматтар ақшаны өз бетінше беруін тоқтатпайынша, қаржы пирамидалары да жұмысын тоқтатпайды. Алаяқтардың айла-шарғысына алданып қалмау үшін, қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз. Егер сіз қаржы пирамидасына тап болсаңыз, «Fingramota Online» мобильді қосымшасының көмегімен немесе қалалық телефоннан «1459» нөмірі бойынша сall-орталыққа қоңырау шалу арқылы қаржы реттеушісіне хабарласа аласыз. «БАҚ туралы» заңның (18-1-бап), ҚІЖК (183-бап) талаптарына сәйкес, бұл жарияланым Aster.LTD компаниясының заңсыз қызметіне қатысты Қаржы мониторингі агенттігіне ресми сұрау салу болып саналсын. Өткен аптада ғана ҚМА төрағасы Жанат Элиманов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа өз ведомствосының жұмыс нәтижелері және азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алу үшін 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны, салымшылардың 1,9 млрд теңге көлеміндегі шығыны өтелгенін, 5,3 мыңнан астам сайттар мен аккаунттардың бұғатталғаны туралы баяндады. Әрине, мақтауға тұрарлық жайт. Алайда, ҚМА қызметкерлері біз сипаттаған қаржы пирамидасы және Aster.LTD компаниясының заңсыз әрекеттерінің жолын кесу туралы не айтар екен? Оны уақыттың еншісіне қалдырайық.

((Материал құжаттардың, шағымдардың, Aster.LTD, aster.market сайттарынан алынған скриншоттардың негізінде дайындалды).

Олег ДОМАЕВ

Современные инструменты обмана 

Сегодня в социальных сетях и мессенджерах все чаще можно...

НА СЛУЖБЕ У НАРОДА

Депутаты нижней палаты Парламента РК в ходе рабочей поездки...

Не верить лживым обещаниям

В борьбе с правонарушениями определяющую роль играет профилактика преступности,...

Сенсация сезона престижных олимпиад 

СТАРТОВАЛИ САМЫЕ ПРЕСТИЖНЫЕ ПРЕДМЕТНЫЕ ОЛИМПИАДЫ ПЛАНЕТЫ СРЕДИ ШКОЛЬНИКОВ: ICHO,...

Ата Заң – әділдік пен тұрақтылық кепілі

Қазақ елінің ең маңызды заңды құжаты, мемлекеттің даму бағыттарын...