12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Шетелдік инвестор Жоғарғы сот шешімін неге орындамайды?

«Астана әуежайын басқаратын шетелдік инвестор Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының шешімін неге елемейді?». Бүгін осындай тақырыппен баспасөз мәслихатын өткізген «Сервис-АСТ» ЖШС өкілдері жанайқайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіп, бассыздық әрекеттің тезірек шешім табуына үн қосуды сұрады.
Бұған дейін Астана қаласындағы Назарбаев әуежайына иелік еткен шетелдік инвестор Юсуф Альжафер кәсібін ың-шыңсыз жүргізіп келген ақша айырбастау пунктінің орнын тартып алып, басқаны жайғастырғаны туралы жазған едік. Яғни, халықаралық терминалдағы орынды ұзақ мерзімге жалға алып, ақшасын уақытылы төлеп келген «Сервис-АСТ» ЖШС-ні бұл кеңістіктен негізсіз шығарып, басқа бәсекелес компанияға берген-ді.
Алайда, әділеттілікті жақтап, өз құқығын қорғауға бел буып, сотқа жүгінген «Серис-АСТ» ЖШС барлық инстанциялардан жеңіп, соның ішінде ҚР Жоғарғы сотында да әуежай әкімшілігінің әрекеті заңсыз деп танылды. Сот жалдау шарты бойынша барлық құқықтарды «Сервис-АСТ» ЖШС-не қайтаруды бұйырды. Шешім 2024 жылдың қарашасында күшіне енді.
Екінші тарап бұл істе жеңіліс тапса да, ҚР Жоғарғы сотының шешімін елемей отыр. Ал шешімнің заңды түрде орындалуы тиіс екенін ескерсек, «Сервис-АСТ»-ге тиесілі орында басқа мекеме неге жұмысын заңсыз жалғастырып келеді? Әрі-беріден соң шетелдік инвестор осы орындағы әрекетін тоқтатпаған компаниядан жалға төленетін ақыны қабылдауды жалғастыруы сот шешімін ашық бұзу емес пе?


Бұл туралы «Сервис-АСТ» ЖШС директоры Айнұр Рахимова: «Былтыр сәуір айының 24-інен бастап сот процесі жүрді. Қызметкерлерге жыл бойы өтемақы төлеп келдік. Бүгінге дейін 150 млн теңге шығынға баттық. Қазақстанға келген инвестор осы елдің заңын бұзып, кәсіпкерлердің құқығын шектеді. Алайда, бір жылда үш рет соттасып, жеңіске жетсек те, шешімді орындауға құлық танытпайды. Дәл осы жағдай біздің елдің азаматтарының басында болса, басқаша көрініс табар еді. Өз елімізде өзімізді өзектен теуіп жатқандай күйді кештік. Шетелдік инвестор неге Қазақстан мемлекетінің заңын менсінбейді? Жоғарғы сот қабылдаған шешімді мойынсұнбаса енді қайда жүгінеміз? Бұдан артық шағымданатын заң органы жоқ. Ендігі үміт билікте ғана. Біз қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймай отырған себебіміз, бізге басқа жақтан орын беріп отыр. Біз не үшін олар ұсынған орынды алуымыз керек? Соттың шешімі бойынша, қазір онда жұмыс істеп жатқан компания біздің орнымызды босатып беруі керек. Өйткені, ол орынды біз Ұлттық банктің талабы бойынша дайындап, жасадық. Ал дайын дүниеге иелік етіп отырған компания да дәл сол Ұлттық банктің талабына сәйкес жасап алсын. Біздің талабымыз – өз орнымызды қайтарып берсін. Соттың шешімінде де солай жазылған. Бірақ ол талап орындалмай тұр», – деді кәсіпкер.


Ал «Сервис-АСТ» ЖШС коммерциялық директоры Дәурен Медьяевтің пікірінше, 2020 жылы Астана әуежайынан алғашқы ақша айырбастау пункті ашылды. «2022 жылы екінші касса іске қосылды. Былтырдан бері екеуінің де жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Соның салдарынан онға жуық адам жұмыссыз қалды» десе, заңгер Алмагүл Мусинаның айтуынша, «Сервис-АСТ» ЖШС 2024 жылдың 5 қарашасында өткен апелляциялық сотта жеңіп, шешім заңды күшіне енсе де, өзіне тиесілі орында жұмысын жалғастыра алмай отыр.
«Біз содан бері әуежайға соттың шешімін орындауы туралы ресми хат жолдап, келісім бойынша орынды қайтарып беруін сұрадық. Сот шешімінде әуежай мен басқа компания арасындағы 2024 жылдың 2 сәуіріндегі келісімшарты бұзылып, оның міндеттері мен құқықтары «Сервис-АСТ» ЖШС-ге берілсін» делінген. Бірақ олар осы шешімді орындағысы келмейді. Сөйтеді де, әлгі компания тағы да Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсіреді. Алайда, Жоғарғы сот алғашқы шешімді күшінде қалдырды. Соған қарамастан «Сервис-АСТ»-ге тиесілі орынды босатып беруге асығар емес. Ең қызығы, Астана әуежайы мен әлгі компания арасындағы келісімшарт бұзылса да, әрі қарай жұмысын жалғастырып, әуежайға жалға алу құнын заңсыз төлеп отыр. Біз бұдан кейін сот орындаушыға жүгіндік. Бірақ олардың да қолынан ештеңе келмеді. Себебі, әуежай басшылығы міз бақпай, сот талабы мен шешімін орындауға құлық танытқан жоқ. Енді біз өзімізге тиесілі орынды босатуын талап етіп, қайтадан сотқа беруге мәжбүр болдық. Әуежай орынды бізге беріп, келісімшартқа отыруы керек», – деді заңгер Алмагүл Мусина баспасөз мәслихатында.


Осы жағдайды тәуелсіз экономист маман ретінде саралаған Мақсат Халық бұл жерде бизнестің құқықтық ортасы бұзылғанын баса айтты.

«Бірінші кезекте жалға беруші жалға алушыға орынның басқа компанияға берілетіні жөнінде алдын ала ескертуі тиіс. Бұл жерде бәрі аяқасты болған. Орынды тартып алып, дәл сол қызметті басқа субъектінің атқаруына құзыреттілік беріп отырғаны – бұл олардың арасындағы сыбайластың бар екендігін көрсетеді. Мұның өзі заң бұзушылық. Экономиканың күретамыры болған кәсіпкерлік субъектілер осындай әділетсіздіктерге тап болса, халыққа тиімді жұмыс істеп жүрген компаниялардан айырылып қалуымыз мүмкін. Неге десеңіз, «Сервис-АСТ» ЖШС-нің Ұлттық банктен алған арнайы лицензиясы бар. Ұзақ жылдар бойы іскерлігін дәлелдеп келген және қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, салықтық есептемесін өз уақытында төлеп келген компания. Екінші, шетелдік инвестор осы елдің сот шешімін мүлтіксіз орындауы тиіс. Әйтпесе, заңның үстемдігі деген мәселе қайда қалады? Жоғарғы соттың шешімін не себеппен орындамайды? Сондықтан әділдікті талап еткен кәсіпкердің жанайқайына мемлекет құлақ асуы керек. Елде осындай заңсыздық көбейе берсе, мұның әлеуметтік-экономикалық салдары күрделі. Себебі, бұл іскерлік ортаға бірден әсер етеді. Еліміздің экономикалық әлеуетін дамытамыз десек, алдымен бизнестің құқықтық ортасы сақталуы қажет. Сол кезде кәсіпкер өз құқығын қорғау арқылы бәсекеге қабілетті бола алады. Әділдік принципі орындалған кезде мемлекетке деген сенім пайда болады. Ал сенім индексі – экономиканың өсуінің негізгі көрсеткіші», – деген пікірін жеткізді.


«Сервис-АСТ» ЖШС сот шешімінің орындалуын енді қанша уақыт күтеді? Әуежай басшылығы мен орынбасарларына жолдаған ресми өтініштер неге жауапсыз қалды? Шетелдік инвестор Юсуф Альжафер Қазақстан сот билігінің үкіміне неге құрметсіздік танытады, әлде оған ешкімнің тісі батпай ма? Осы тұрғыда «Сервис-АСТ» ЖШС Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігі қалыптасқан жағдайға араласып, Жоғарғы соттың шешімін мәжбүрлі түрде орындауды қамтамасыз етуін, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әуежайдың әрекетін саралап, жағдайды теріс мақсатқа пайдалану ретінде бағалауын, ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан еліміздің сот жүйесінің ашықтығын қадағалап, мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде жағдайды жеке бақылауға алуын сұрады.

Өндірістік тәжірибе — болашақ маманның алғашқы қадамы

2025 жылдың көктем айларында «Alikhan Bokeikhan University» білім беру...

В столичном учреждении №3 отметили Всемирный день здоровья

Всемирный день здоровья — день здоровья отмечается в мире...

Дүниежүзілік денсаулық күні

Денсаулық күні әлемде 1950 жылдан бастап жыл сайын 7...

ӘЛЕМДІ ТАНУШЫ-ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ

Әлеуметтанушы дегенде есімізге кімді түсіріп, не істейтінін білмей қалып...