Қазіргі таңда еліміздегі ассамблея орталықтарының атқарып отырған рөлі орасан зор. Олар ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтап қана қоймай, ұлт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, этносаралық саладағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша да қызметін орындап келеді. Солардың бірі – Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы.
Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Кейін Қоғамдық келісім кеңестері құрылған соң Аналар кеңесі арқылы қоғамдағы ажырасу, жастардың есірткіге әуестігі, салауатты өмір салтын ұстану, ұлттық құндылықтар, отбасындағы әке мен ана рөлі, өңірдегі қылмыстың алдын алу, жастар тәрбиесі секілді небір өзекті мәселелер ассамблея кеңестері арқылы жүзеге асатын болды. – Аналар кеңесі жобасының мақсаты: қоғамда әйел мен ананың рөлін, отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңыздылығын, сондай-ақ, жастар мен болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік пен патриоттық тәрбиелеудегі ата-аналардың рөлін арттыру. Міндеттеріне келетін болсақ, жас ұрпақтың қоғамдық санасын жаңғырту негізінде ұлттық мәдениет пен үздік дәстүрлерді және сабақтастықты сақтауға жағдай жасау, жастарды этносаралық келісімді, толерантты қарым-қатынастарды ілгерілетуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және нығайтуға тарту; қоғамдық, саяси, әлеуметтік, іскерлік және басқа да салаларда аналардың әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасау; аналар үшін қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдай жасауға көмектесу; аналарға, әйелдерге қатысты кемсітушілікке жол бермеу және олардың мүдделерін қорғау бойынша құқықтық мәселелерді түсіндіруге көмектесу. Күтілетін нәтижелерді атап айтсақ: жас ұрпақты тәрбиелеу арқылы қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды арттыру; үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу және қалыптастыру процесінде басты элементтер ретінде әйелдер мен аналардың зияткерлік және рухани дамуына ықпал ету; әйелдер мен аналардың қоғамдық, мәдени, саяси өмірге қатысуы шеңберін кеңейту; толерантты, жауапты тұлғаны тәрбиелеудегі ана рөлінің маңыздылығын арттыру. Осындай бағыттарда ары қарай жұмыс істеуді көздеп отырмыз, – деп хабарлады Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі. Қазіргі таңда Ақмола облыстық ҚХА арқылы айына сантүрлі шаралар өткізіледі. Мәселен, жақында Көкшетау қаласының Аналар кеңесінің төрайымы Найля Сейдалина №4 ЖББМ мектептің оқушыларына «Анаға құрмет» тақырыбында ашық алаң өткізді. Онда отбасындағы ана мен әке рөлінің ажырамастығын, бала тәрбиесіндегі ананың рөлі бөлек екені, Ана барлық отбасы үшін сарқылмас энергетикалық қуаныштың, сұлулықтың, жарықтың көзі екенін ұғындыру мақсатында түрлі бағытта шаралар өткізілді. Балаларға «Ана» деген ұғымды қалай түсінесіңдер? «Ана» сіздерге кім? «Отбасында қандай мерекелерді бірге атап өтесіздер?» деген сияқты, т.б. сауалдар қойылып, жауап алынды. – Халық «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді. Жас шыбық қалай иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бейім болатыны баршамызға аян. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Балаларымызды, жас ұрпақты жақсы әдетке ғана жетелейік. Мәселен, қазіргі таңда жастар арасында есірткі тасымалына қатысты қылмыстар өршіп кетті. Көп жағдайда жастар әрекетінің қаншалықты заң бұзушылыққа қатысы бар екенін сезінбейді. Ал тапсырыс берушілер тасада қалып, жеме-жемге келгенде жасөспірім сотталып кетіп жатыр. Қазіргі таңда құық қорғау органдарының өзі ғаламтор арқылы есірткі қылмысын басқарып отырғандарға тосқауыл қоя алмай отыр. Сондықтан жастарымыздың көзін ашып, қылмыс құрамы бар істерден сақтандырып отыру парызымыз. 2022 жылы 2 кәмелетке толмаған бала 6 жылдан бас бостандығынан айырылды. Өткен жылдың аяғында кәмелетке толмаған қыз бала синтетикалық есірткіні таратудың 6 эпизодында әшкереленіп, ұсталып, қамаққа алынды. Осындай қылмыстардың жасалу себептерін айта келгенде, жастардың оңай ақша табамыз деген мақсатпен қиыс жолға түскені белгілі болды. Көбіне сондай балалар тұрмыстары нашар отбасылардан шығады, – дейді Көкшетау қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Найля Сейдалина. Қорытындылай келе, ассамблея ұлттар достығына елеулі үлес қосып отырғанын көруге болады. Ұжым былтыр «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын толыққанды іске асырды. Жоба аясында көптеген бағыттар қамтылды. Олардың ішінде әкелер мен аналардың қатысуымен тәрбиелік сағат семинарлары, психолог мамандармен өткізілген ата-аналар жиналыстары, Ақмола облысында халықаралық орамал күніне орай «Аналар тартқан ақ орамал» атты челенджі, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанында құрылған Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ақ орамал – асыл аналардың аманаты» фестивалі, «Отбасы құндылықтары» тақырыбында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттерімен дөңгелек үстел, қазақ қызының бойына ұлттық болмыс пен заманауи талаптарды үйлестіруге бағытталған, қос бұрымы иығынан төгілген, ақылы мен көркі жарасқан қазақ қыздарын көпшілік арасында насихаттау мақсатында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжі жанындағы «Кербез» мәдени-интеллектуалды қыздар мектебінің ұйымдастыруымен «Бұрымды қыз» байқауы, Көкшетау қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектептегі «Сырғалым» қыздар клубының ашылуы басқа да шығармашылық, мәдени және танымдық ақпараттық іс-шаралар жүзеге асып, бүгінгі күнде жалғасын табуда.


