Сот жұмысы ашық, қолжетімді болған сайын азаматтардың сотқа деген сенімі де нығаяды. Осыған орай соңғы жылдары сот жұмысына жаңа технология жетістіктері мейлінше кең қолданылуда.
Бүгінде азаматтық істерді талқылау барлық сот сатыларында ашық жүргізіледі. Сәйкесінше сот актілері жария түрде хабарланады. Тек заңды көзделген реттерде ғана істер жабық сот отырысында қаралуы мүмкін. Бірақ мұндай істердің қатары көп емес екені жалпақ жұртқа белгілі.
Соңғы жылдары сот отырыстарының ашық өткізілетініне халықтың да көзі үйреніп қалды. Әсіресе қоғамдық резонанс тудырған істер бойынша сот талқылауының жариялы түрде тікелей желіде көрсетілуі соттың материалдық, техникалық әлеуетін ғана емес, жаңа технология жетістіктерін қаншалықты жетік меңгергенін дәлелдесе керек.
Жаңа технология жетістіктерінің арқасында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де сот отырыстарына қатысуына мүмкіндік мол. Өтініш берген журналистер онлайн сот отырыстарына кедергісіз қатысып, қоғамға шынайы ақпарат тарата алады. Бұл сот ашықтығын ғана емес, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеудің де оңтайлы мүмкіндігі.
Бұқаралық ақпарат өкілдерінің ғана емес, ынталы азаматтардың да өздерін қызықтырға сот отырыстарына еш қиындықсыз қатысуы судьялар мен сот қызметкерлеріне белгілі бір жауаптылық жүктейді. Мұндай үрдіс судьяларды қоғамдық талқыға дайын болуға үйретеді. Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің назарында тұрып істі қарау шеберлігін меңгеруге дағдыландырады. Себебі, өздеріне қатысты іс қаралып жатқан тараптар судьяның сөзінде, әрекетінде кеткен кемшіліктерге мән бермеуі мүмкін. Ал сырт көз сыншы демекші, азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдері соттағы кез келген олқылықты назардан тыс қалдырмайды. Сондықтан судьяларға әр іске ыждағаттылықпен дайындалып қоймай, көпшілік көкейіндегі сауалдарды қойып, көпшілікті қызықтырған мәселелерді көтеретін журналистермен етене жұмыс істеуге, өз ойын тұжырымдап, саралап жеткізуге үйрену керек.
Сондай-ақ судьялар Әдеп кодексінде белгіленген нормаларды қатаң сақтап, әдейі ашуландырып, оғаш әрекет жасауға итермелейтін провакациялық әрекеттерден сақ болғаны абзал.
Сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылығы – құқықтық мемлекет қағидаттарының негізі. Сот отырыстарының ашық түрде өткізілуі қоғам тарапынан бақылау жасауға, азаматтардың сот процесіне деген сенімін еселеуге ықпал етеді.
Б.Даулетова,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы


