– Журналист деген кім? Оған жүктелген міндеттер қандай?
– Әр дәуірдің өзіндік даму ерекшелігі бар және кез келген мамандық соған бейімделеді. Мәселен, біз өткен ғасырдағы Алаш журналистикасының өкілдерін ең алдымен журналист ретінде емес, қоғам қайраткері, ағартушы ретінде қабылдаймыз. Ал, «XXI ғасырда журналист деген кім?» деген сұрақты жалпылай қойсақ, оған арнайы кәсіби журналистік білімі болмаса да, медианың немесе әлеуметтік желінің ақпарат тарату қызметіне атсалысып жүргендердің барлығы мен де журналиспін деп айтуы мүмкін. Десек те, кәсіби журналистің қалыптасқан қағидасы бойынша, нағыз журналист – ақпарат алу, жинақтау және оны кәсіби деңгейде тарату қызметімен айналысатын кәсіп иесі. Цифрлық қоғамда журналист міндеті мен жауапкершілігі өте үлкен. Осыған дейінгі дәстүрлі журналист үшін тек қолындағы қаламы негізгі қаруы болса, қазіргі журналист қаламмен жазуды ғана емес, жаңа технологияларды меңгерген, ақпараттық сауаттылықтың ережелері мен журналист этикасын білетін, ашық немесе жабық дереккөздердегі үлкен деректерді түсіне алатын және оны кәсіби тұрғыда қарапайым халыққа жеткізе алатын тұлға болуы керек. Себебі, цифрлық кезеңде журналистика саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамуда.
– Қазір журналистерді дайындайтын курстар бар. Университет қабырғасындағы білім мен курстан алған ілімді салыстыра аламыз ба? Жалпы, курстан алған білім арқылы бірден журналист болу қаншалықты орынды?
– Қазіргі кезде интернетке кез келгеннің қолжетімділігі бар, сондықтан болашақта сауатты, кәсіби біліктілігі жоғары маман боламын деген кез келген тұлғаға мүмкіндік шексіз. Білім беретін онлайн платформалардан әлемнің Стэнфорд немесе Гарвард университеті секілді жетекші оқу орындарындағы үздік ғалымдардың да курсын ақысыз оқуға болады. Сонымен қатар, қысқа мерзімде журналистерді белгілі бір тақырыпта немесе белгілі бір салада, мәселен, «Дата журналистика», «Фактілерді тексеруді меңгеру», «Медиа сауат», тағы басқа тақырыптарда өтетін курстарды таңдауына болады. Көп жағдайда бұл курстарды ұйымдастырушылар қандай да бір халықаралық қорлардан қаржыландырылатын халықаралық немесе отандық ұйымдар. Осы курстарды университеттегі біліммен салыстыра аламыз ба деген сұраққа жауап іздесек, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Университеттің немесе халықаралық ұйымның бұл курсты өткізудегі негізгі міндеті – болашақ журналистерді медиа нарықтың сұранысына сай дайындау. Басты ерекшелігі – университеттегі білім көп жағдайда теорияға, ал курстарда тәжірибеге басымдылық береді. Сондықтан, жастардың басым көпшілігі қысқа мерзімді курстарды таңдайды. Екінші жағынан, университет қабырғасында арнайы білім алмай-ақ, қысқа мерзімді курс арқылы толыққанды сапалы журналист болады дегенге сену қиын. Себебі, университет ол тек жаңа технология немесе бір ғана саланы оқытпайды. Университет – болашақ қоғам иесін қалыптастырушы академиялық орта. Кеше мектеп қабырғасынан шыққан он жеті немесе он сегіздегі жастар төрт жылдың ішінде тұлға ретінде қалыптасады, өз мақсаттарын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, университет қабырғасында сапалы білім алу тек журналистика үшін емес, барлық сала үшін маңызды. Ал курстарға келер болсақ, ол жастардың журналистік тәжірибесін арттыруға қосымша мүмкіндік деп бағалауға болады. Өкінішке қарай, ол курстардың барлығы сауатты немесе сапалы деп қорытынды жасау ертерек. Сондықтан, болашақта осы университет пен халықаралық ұйымдар арасында өзара тығыз байланыс орнауы керек деп ойлаймын.
– Журналистикадағы сіз байқаған кемшіліктер мен мәселелерге тоқталсаңыз?
– Қазақ журналистикасының басты кемшілігі ретінде үш нәрсені атауға болады. Біріншіден, бізде сауатты, талдамалы немесе аналитикалық материалдар жоқтың қасы. Осыдан келіп шығатын екінші кемшілік – журналистикадағы жаңашылдық дегенде жаңа технологияны пайдалануды үйрендік, алайда, оның мазмұнын сол цифрлық технологияның талабына сай жасауға бейімделу деңгейі төмен. Мәселен, COVID-19 кезінде НьюЙорк Таймс немесе ВВС, т.б. әлемнің үздік ақпарат құралдары деректерді әртүрлі форматта сөйлете білді. Сол арқылы аудитория қысқа және нұсқа берілген ақпараттарды үздіксіз қадағалап отырды. Яғни, олар ақпараттық технологияның көмегімен деректерді дұрыс форматта беруге бейімделді және дата журналистика алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан, үшінші кемшілігіміз – дата журналистиканы жедел және дұрыс меңгеруге назар аудармай отырмыз. Сонымен қатар, біз әлеуметтік желінің ақпарат таратудағы позитивті немесе негативті салдарын ескермей келеміз. Біз кез келген ақпаратты ең алдымен әлеуметтік желі арқылы алуға бейімделдік, алайда қоғамдағы медиасауаттылық деңгейі әлі төмен. Себебі, қазір жалған ақпараттың таралу жылдамдығы зымыраннан да тез. Сондықтан, кез келген кәсіби біліктілігі жоғары журналист ақпараттың растығын немесе жалғандығын тез айыра білуді меңгеруі тиіс.
– Талапкерлерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Мен осыдан 30 жыл бұрын талапкер болған екенмін, сонда біздің дәуірдегі журналист болғысы келетін жастар сонау мектеп қабырғасында жүріп әртүрлі газет-журналдарда шығарған материалдарын жинақтап, арнайы папкаға толтырып әкеліп, сол арқылы журналист болу арманы екенін дәлелдейтін. Бүгінгі таңда сол талап әлі жалғасып келеді. Ең алдымен, журналист боламын деген талапкер екі нәрсеге дайын болуы керек деп ойлаймын. Біріншіден, журналист – қарапайым халық пен билік арасында тұрған көпір. Яғни, қазірден бастап халықтың үнін естуге, қоғамдағы өзекті мәселе қандай деген сауалға үнемі жауап іздеуге және оны шынайы жазуға үйрену керек. Екіншіден, журналистиканың озық тәжірибелерімен танысу үшін шет тілдерін меңгеруге талпыну керек. Заман талабы – жеті жұрттың өнері мен білімін меңгерген маман болу. Себебі, ғаламдастыру әлемді бір сәтте бір шағын ғана ғаламға айналдырды және журналистиканың ондағы рөлі зор. Сондықтан талапкерлердің болашақта Жаңа Қазақстанды әлемге танытатын кәсіби біліктілігі жоғары журналист болуына тілектеспін.
– Қарлыға, танымдық, мазмұнды сұхбатыңызға рақмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Жібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА