Кәсіби мерекені белгілеудің өзіндік мәні бар. Бұл әр мамандықтың қоғамдағы орнын айқындап, мәртебесін арттыру үшін керек. Сонымен бірге, кәсіби мереке – өз саласында жемісті еңбек етіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген майталмандардың ісін үлгі етудің, көпшілікке насихаттаудың таптырмас мүмкіндігі. Салада табан аудармай жұмыс істеп, үздік көрсеткішімен көш бастаған мамандарды кәсіби мерекеде марапаттау да елімізде әдемі үрдіске айналған. Мұның өзі әр мамандық иесі үшін кәсіби мерекенің болуы маңызды екенін айғақтайды.
Осы тұрғыдан алғанда биылғы жыл судьялар мен сот қызметкерлері үшін ерекше болғалы тұр. Себебі биылдан бастап 24 маусым – судья және сот қызметкерлері күні болып бекітілді. Жалпы, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңның 4-бабында кәсіби және өзге де мерекелерді белгілеудің тәртібі нақтыланған. Мұндай мерекелік күндердің тізбесін ҚР Үкіметі белгілейді. Осылайша Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойған 2022 жылғы 31 наурыздағы тиісті қаулыда кәсіби мерекелер тізімі жаңа күнмен толығып отыр.
Ал бұл қаулыға қол қойылмай тұрып судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесін белгілеу мәселесі «Ашық НҚА» порталында талқылауға ұсынылған болатын. Талқылау биыл ғана көпшілік назарына шығарылғанымен, сот саласында еңбек етіп жүрген қауымның кәсіби мерекені белгілеуге қатысты пікір-ұсынысын айтып келе жатқанына біраз уақыт өтті. Шындығында мемлекет атынан үкім ету құзыреті берілген сот билігінде қаншама адам еңбек етіп жүр. Адам тағдыры таразыға салынатын сот алаңында төрелік жасау оңай шаруа емес. Сондықтан, судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесін белгілеу – сала мамандарына мемлекет тарапынан жасалған ілтипат, құрмет ретінде бағаланары анық.
Бұл мереке ең алдымен тәуелсіз сот құрылымының қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын ардагерлердің күні. Ардагер-судьялар сот саласындағы тәлімгерлік мектебінің негізін қалап, жас судьялардың тәжірибесін шыңдауға, біліктілігін арттыруға септігін тигізді. Жастарды қанатының астына алып, күрмеуі қиын сот жұмысының әліппесін үйретуде ұстаздық еткен, жол көрсеткен ағаларымызға алғысымыз шексіз. Мырзақұл Ертаев, Қамытбай Сыпабеков, Оралбай Құдайбергенов, Айтжан Бекназаров, Ділдабек Тойжанов, Айдар Жүсіпов секілді ардагер-судьялардың әрқайсысы бір-бір мектеп. Үлкен тәжірибемен, ізденіспен келген олардың үлгі-өнегесін ешбір мектеп алмастыра алмайды. 2001 жылы Мақтаарал аудандық сотына маман ретінде қабылданған кезде Мырзақұл Ертаев соттың төрағасы еді. Салаға жаңа келген менің білмегенімді үйретіп, тәжірибемнің шыңдалуына алғашқы төрағамның еңбегі көп болды. Жалпы өзімді тәлімгер ағадан жолы болған жан деп білемін. Өйткені, Мақтаарал аудандық сотына кейін төраға болған Қамытбай Сыпабеков те көргені көп, өмірден тоқығаны мол жан еді. Тау тұлғалы ағамыз қандай мәселені де сабырлы, байсалды қалпын бұзбай шешетін.
Ол кісінің «Сотқа келген әрбір адамның өз шындығы бар, біз ақиқатын анықтауымыз керек» деген тағылымды сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр. Сот саласындағы жұмысымда Оралбай Құдайбергенов ағамыздың тәрбиесін көріп, өнегесін үйрену бақыты бұйырды. Жастардың жанашыры болған ағаларымның мен үшін әрқайсысының орны бөлек. Сондықтан, кәсіби мерекеде аға буынның еңбегін дәріптеп, алғыс айту жазылмас қағидаға айналуы тиіс деп ойлаймын.
Сондай-ақ, бұл мереке арамыздағы үздіктерді анықтауға, өлшеусіз еңбегі сіңген жандарды марапаттауға таптырмас себеп. Еңбектің бағаланғаны дұрыс. Ұжым өнімді жұмыс істеп, өзгелерден алда болуы үшін саптың басында тұрған мамандарды ынталандырған абзал. Әсіресе, саналы ғұмырын бір ғана салаға арнап, сот жүйесін дамытуға бар күш-қайратын, ерік-жігерін жұмсап келе жатқан мамандардың табандылығы да айрықша мақтауға тұрарлық. Қаншама қиындық болса да, көптеген кедергі кездессе де саланы тастап кетпеген жандардың мамандыққа деген махаббаты бас иіп, өнеге етуге әбден лайық. Бүгінгідей тұрақтылық, адалдық деген қасиеттер ұмытыла бастаған қоғамда кәсібін сүйетіндерді үнемі насихаттап отыру артықтық етпейді.
Жалпы, үздіктерді әділ іріктеу – ұжымдағыларды қамшылаудың, белсенді болуға итермелеудің кепілі. Сондықтан, кәсіби мерекеде тек лайықты жандардың ғана мерейі үстем болуы тиіс. Кәсіби мереке – ұжымды бір мақсатқа біріктіруге, бір мүдденің айналасына топтастыруға көмектесетінін де ұмытпағанымыз жөн.
Арман Шындалиев,
Жетісай аудандық сотының төрағасы
Түркістан облысы