12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

КЕМТАР ЖАНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАРДЫ ҚОЛДАУ КЕРЕК

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі мемлекет назарынан тыс қалған емес. Бүгінгі таңда Қазақстанда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сай мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсітушілікті жоюға, еңбек, денсаулық сақтау, білім алу құқығын қамтамасыз етуге, сот төрелігіне қол жеткізуге, жеке басына қол сұғылмаушылыққа бағытталған нормаларды имплементациялау процесі жалғасуда. Алайда, жедел шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер де бар.

Мәселен, Алматы қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға стигматизациясыз қолжетімді ортаны қалыптастыру үшін қандай құралдар қолданылуда? Алматы қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, құқық қорғаушы Вениамин Алаевтың айтуынша, қалада 50 мыңға жуық мүгедек адам тұрады. – Әдетте мүгедектігі бар адамдардың жоғары білімі жоқ, сәйкесінше, лайықты жұмысы да жоқ. Сонымен қатар, денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтындары бар. Олардың мүгедектік бойынша алатын 60 мың теңге жәрдемақысының күнкөріске жетпейтіні анық, – деген кеңесші бірталай мәселенің шетін шығарды. Расында, мүгедектігі бар жандардың қала ішінде өздігінен жүріп-тұруы оңай емес. Көп жағдайда құқықтары бұзылып жатады. Әсіресе, шалғайдағы өңірлерде мүгедектігі бар адамдар өз құқықтары және олардың бұзылып жатқаны туралы біле бермейді. Мысалы, қоғамдық көліктердегі жауапты адамдар өз міндеттеріне салғырт қарап, пандусты түсіруге асықпайды немесе дыбыстық хабарламаларды қоспайды. Еліміздегі ірі мегаполистердің бірі болып табылатын Алматыда жағдай басқа қалаларға қарағанда әлдеқайда жақсы. Дейтұрғанмен, мұнда да қалалық инфрақұрылым әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Егер Алматының өзінде қолжетімділік деңгейі небәрі 10%-ды құраса, басқа өңірлер туралы не айтуға болады? Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін «Тең қоғам» орталықтары пайда болуы көңіл қуантады. Бұл жерде мүгедектігі бар адамдар әртүрлі мәселелер бойынша, атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың мазмұны бойынша кеңес ала алады. Игілікті істер мұнымен тоқталмақ емес. – Алматы қаласына жаңа әкім келген соң, қазіргі уақытта 2025–2030 жылдарға дейінгі мақсаттар көрсетілген қаланы дамыту жоспары әзірленуде. Дайындық жұмыстарына мүгедектігі бар адамдар арасынан сарапшылардың, азаматтық қоғам белсенділерінің де тартылғаны қуантады. Өйткені, олардың басындағы өзекті мәселелерді өздерінен артық ешкім білмейді. Сонымен қатар, қала тұрғындарының әлеуметтік желілер арқылы жолдаған сұраныстары да ескерілуде. Енді бұл жоспарға енген мәселелердің бәрі шешіліп, толық жүзеге асуы үшін күш салуымыз қажет. Бұл мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың, сондай-ақ, белсенді азаматтардың бірлескен жұмысы болмақ, – дейді Вениамин Алаев. Қазіргідей қиын кезеңде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа тарту бағытында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мақсатындағы әлеуметтік кәсіпкерлік бастамалардың маңызы зор. Олар қызмет көрсетуден немесе қарапайым нарық үшін өндіріс орындарын ашудан басқа, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қызмет көрсетеді. Мысалы, «Кеңес» әлеуметтік бейімдеу және еңбекпен оңалту орталығын айтуға болады. Ол 1992 жылдан бері денсаулығында кінәраты бар балалардың құқықтарын қорғаумен және қимыл-қозғалыс, сөйлеу, ақыл-ой және психикалық бұзылулар секілді күрделі ақауы бар балаларға медициналық-әлеуметтік, мамандандырылған психологиялық және педагогикалық көмек көрсетумен айналысып келе жатыр. Сондай-ақ, бұл ұйым «ересектерге арналған Жұмыспен қамту орталығы» моделін әзірлеп, сәтті жүзеге асыруда. Онда даму ерекшеліктері бар жастар тұлғааралық қарым-қатынас, өзіне-өзі қызмет көрсету және қолдарынан келетін қолөнер дағдыларын игереді. Мұндай әріптестіктің тағы бір жарқын мысалы – «Green TAL» әлеуметтік шеберханасының жетекшісі және әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы – Эмин Аскеров. Ол 2015 жылы ағаш ұстасы, тігін, киіз цехтары, кафе, автокөлік жуу, т.б. – барлығы тоғыз түрлі бағытты қамтитын «Green TAL» әлеуметтік шеберханасын құрды. Қазір ол әлеуметтік жағдайы төмен әлжуаз топтағыларды жұмыспен қамту мәселелерін шешуде айтарлықтай үлесін қосып келеді. В.Алаев бұл мысалдардың мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін ескере отырып, еңбек және жұмысқа орналастыру нарығын қалыптастыруға үлгі-өнеге болып табылары сөзсіз деп есептейді. Оның ойынша, денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істей алатын еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдар ашық еңбек нарығында жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, ол денсаулығында ерекшеліктері бар адамдарды өз еркімен және өз бастамасымен жұмысқа қабылдайтын қарапайым кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілу қажет деген пікірде. – Әрине, мемлекет азаматтардың осы санатының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін олардың білімі мен кәсіптік оқуына көбірек инвестиция салуы керек. Шетелдік тәжірибені қалай қабылдайтынымыздың тамаша мысалдары бар. Алматыдағы КИМЭП және бірқатар университеттерде мүгедектігі бар студенттердің оқуына жағдай жасалған, ақпараттар ыңғайлы форматта беріледі, бейнежазбалар немесе сурдоаудармалар қолданылады, мүгедектер арбасындағы студенттердің аудиторияларға емін-еркін кіріп-шығуына қолайлы пандустар жасалған, арнайы дәретханалар жабдықталған. Мұндай білім алуға қолжетімділік деңгейі осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастырудың іргетасы болады деп есептеймін, сол себепті мүмкіндігі шектеулі студенттерді қолдау орталықтарын дамыту қажет.

Осы орайда сапалы білім алуға, денсаулық сақтауға қолжетімділік – жұмысқа орналастыру – ашық инклюзивті және кедергісіз қоғамдағы өмір тізбегінің үзілмеуін қамтамасыз етудің маңызы зор. Сонымен қатар, құқық қорғаушы алдағы жұмыс жоспарларымен де ықыластана бөліскен еді: – Алматыны дамыту бағдарламасының мақсаттарының бірі – қолжетімді және сапалы әлеуметтік инфрақұрылымы бар қалада өмір сүру үшін әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылықты орнату. Қазіргі таңда адамдардың барлығына қолжетімді орта қалыптастыру үшін Даму жоспарының 11 тармағы дайын тұр. Осы міндет аясында біздің алдымызда тұрған ең басты міндет – қалалық инфрақұрылымның (ауруханалар және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар) қолжетімділік деңгейін 10%-дан 75%-ға дейін көтеру. Екіншіден, 2030 жылға дейін инклюзивті білім беруге байланысты мәселелерді шешу көзделуде, яғни, қала мектептерінің 100%нда инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру қажет. Осы жоспарды жүзеге асыру үшін біз мүгедектігі бар оқушылармен тікелей қарым-қатынас жасайтын мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысуымыз керек. Өйткені мұғалімдер қандай да бір мүгедектігі бар оқушылар үшін қолайлы және ыңғайлы ақпарат беру форматын игеруі тиіс. Бұл әртүрлі елдерде қолданылады. Біз университеттерде мүгедектерді қолдау орталықтары бар АҚШ пен Еуропа елдерінің тәжірибесімен таныстық. Мысалы, Миннесота штатының университетінде мүгедектігі бар студенттермен тікелей жұмыс істейтін жүзден астам қызметкер бар. Біздің қаламызда да білім алуға қолжетімділік деңгейі болғанын қалаймыз. Бірақ, әрине, бұл жұмыстар мектептегі білімнен бастау алуы керек.

Оқушылардың өзімен қатарлас мүгедектігі бар балалармен кішкентай кезінен араласып, дос болуы және оны дәл сол күйінде қабылдай білуі үшін мұғалімнің оларға тиісті ақпарат беріп, бірлесе жұмыс істеуінің маңызы зор. Бала құқықтары туралы конвенцияға, Мүгедек адамдардың құқықтары туралы конвенцияға, «Білім туралы» заңға сәйкес, бұл білім мен дағдыларды біз кейіннен халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін мұғалімдерге бергіміз келеді. Сондай-ақ, Вениамин Алаев үшінші маңызды мәселенің де шетін шығарды. Ол мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырумен байланысты. Жыл сайын мүгедектігі бар азаматтар іске асыратын 50 әлеуметтік кәсіпкер мен стартаптарға қолдау көрсету қажет, сонда жұмысқа орналастыру жағдайы одан да жақсара түспек. Жалпы, Алматы қаласын дамыту жоспары аясында денсаулығы ерекше адамдарды өзіне қабылдайтын жұмыс берушілерге қолдау көрсету қарастырылған. Әдетте, мүгедектігі бар адамдар өз туыстарында немесе арнайы мамандандырылған ұйымдарда жұмыс істейді. Қазір мүгедектігі бар адамдарды өз компанияларына қабылдауға және олармен жұмыс істеуге дайын бизнес өкілдерін қолдау маңызды.

Айгүл АХМЕТОВА, «Заң газеті»

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.

Алматыдағы атышулы автобус апаты: сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатына қатысты жарыссөз жалғасып жатыр. Бүгін сотталушыға сөз берілді.

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.