12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керектігін, сондай-ақ инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге, жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөліну қажеттігін ескертті.

«Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», – деді Президент. Аграрлы аймақтың ішінде бидайдың төрттен бір бөлігін өсіретін Ақмола облысы биыл 5,3 млн гектар жерге дәнді дақылдар егеді. Оның ішінде дәнді дақылдар 4,8 мың майлы дақылдар – 400 мың гектар. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың айтуынша, мұнан бөлек, мал азығын егу көлемін көбейтіп отыр. Өйткені, биылғы қыстың сыры мәлім болды. Жем-шөп қоры аз болғандықтан жүздеген жылқы өлді, көбісі көтерем күйде. Содан болар, облыстағы шаруашылықтар 300 мың гектарға мал азығы дақылдарын егеді.

Екіншіден, өңір Астана қаласын азық-түлікпен қамтитын белдеуде болғандықтан, 14 мың гектарға картоп, 2 мың гектар жерге көкөніс тұқымын себеді. Облыста тұқым тапшылығы әлі де бар. Шағын шаруашылықтардың бірі сапалы тұқым таппай жүрсе, енді бірінің қолында қаражат жоқ. Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір 536 мың тонна тұқым керек көрінеді.

– Егін себу кезеңінде тұқым мәселесі туындайтыны белгілі. Бізде егіс алқаптарына қажетті тұқым көлемі 536 мың тонна. Оның 508 мың тоннасы дайын. Қалған қажетті тұқымды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айының ортасына қарай тұқым мәселесін жүз пайыз шешу жоспарлануда. Ал, жанар-жағар майға келетін болсақ, облысымызға Үкімет тарапынан бір литрі 250 теңгеге жеңілдетілген 82,5 мың тонна дизель отыны беріліп, оған облысымыздан он жеті оператор қатысып жатыр. Осы уақытқа дейін келісімшарт бойынша ақысын төлеп, соның 39 мың тоннасын алып, шаруашылықтарға он екі мың тоннасын таратып үлгердік. Қаржысы дайын шаруашылықтар егіс науқаны басталғанға дейін жанар-жанар май алуды жалғастыра береді, – дейді басқарма басшысы. Басқарма басшысының сөзінше, Президенттің ауыл шаруашылығы техникаларының 10 пайызын жаңарту туралы тапсырмасы да өз күшінде. Өнімнің шығымдылығы мен сапасына бірден-бір себепкер болатын дүние – жаңа техника екенін ескеретін уақыт жетті. Жағдайы бар шаруашылықтар агротехникалық шараларды уақытылы атқарса, техникасы төмен серіктестіктер жерді тиімді пайдалана алмайды. Өйткені, олардың жүруінен тұрғаны көп. Демек, жеңілдікпен лизингке қол жеткізу арқылы бұл түйін де тарқайтын сияқты.

– Егін себу жұмыстарына 15 мыңнан астам трактор қатысады. Оның дайындығы – 95 пайыз. Қалған бес пайызы шағын шаруашылықтар мен жеке субъектілердікі. Олар да әрі кеткенде көктемгі дала жұмыстарына дейінгі қалған күндерде дайындайды деген ойдамыз. Егін себуге арналған 16 мың техника, соның ішінде заманауи үлгідегі 1,5 мың егін егу кешені бар. Бұл кешендер қыс бойы жөнделді, сондықтан, бүгінде жүз пайыз дайын деуге болады. Жұмысқа қатысатын техникалар паркі өткен жылы бес пайыз ғана жаңартылып, жетпіс миллиард теңгеге екі мың техника алынған болатын. Биыл бұл көрсеткішті алты пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2028 жылға дейін он пайызға жеткізу көзделуде. Әр жыл сайын жаңа техника сатып ала отырып, бұл межеге де жететін боламыз. Биыл төрт миллиард теңгеге 137 жаңа техника сатып алынды.

Бірақ былтырғы өнім көлемі аз әрі сапасыз болғандықтан көп шаруашылық бұл жағынан табысын үнемдеуге мәжбүр болып отыр, – дейді К.Әлімжанов. Мемлекет тарапынан облысқа қолдау жоқ емес. Субсидия ретінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына 45,6 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Қазір 31 миллиард теңгеге жуығы шаруаның қолына тиген. Қалған қаражат мүмкіндігінше ай сайын беріліп отырмақ.

– Бірақ, субсидия жетіспеушілігіне байланысты Үкіметке құжаттар жолдап, қосымша жетпіс миллиард теңге қаражат сұратудамыз. Сондай-ақ, Азық-түлік корпорациясы көктемгі егін науқанына жеті миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетсе, «Кеңдала» несиелік бағдарламасы бойынша шаруашылықтарға сегіз миллиард теңге бөлініп берілді. Бұл бағдарлама аясында барлығы 17 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Қаражаттың қалған бөлігін құжаттары дайын шаруашылықтар мен фермерлер алдағы уақытта алатын болады, – дейді басқарма басшысы. Айта кетейік, биыл облыс аумағында топырақ ылғалдылығы жаман емес. Күзгі мол жауын-шашын мен қыста жауған қардың соңы үлкен су тасқынына ұласқаны белгілі. Басшының сөзінше, суда қалған егіс алқаптары бар. Ал тұқым себу уақытында ылғал уақытылы сақталса, астықтың сапасын жақсартуға, өнімді көбейтуге ықпал етері анық.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Президент мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ жағдай туралы айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел...

Бишімбаев сотта соңғы сөзін айтты

Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін сотталушылар соңғы сөзін айтады.

Қазақстанда тұтас бір сызықты кесіп өткендер жүргізуші куәлігінен айырылады

Қазақстанда бірыңғай тұтас сызықты кесіп өту бойынша жауапкершілік күшейтілді.

Қазақстанда Жеңіс күніне орай ардагерлер қанша алды?

ҰОС ардагерлеріне 9 мамырға орай жергілікті бюджеттерден біржолғы әлеуметтік көмек төленді.