12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті. Мұның сыртында әрбір бесінші қазақстандықтың құмар ойынына қатысты бары анықталып отыр. Ал, құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық жасөспірім басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, ойнайды екен.

Бұлар тек сандар ғана емес, тәлкек болған тағдырлар, шайқалған шаңырақтар. Осы сәрсенбіде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында солардың біразы жайлы нақты дерек келтірілді. Дәстүрлі жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралған болатын. Мәжілістегі барлық фракция өкілдерінің бастамашылығымен дайындалған бұл құжат бойынша депутат Елнұр Бейсенбаев баяндама жасаған болатын. Елнұр Бейсенбаев құмар ойынына салынушылықтың отбасы институтына тигізіп жатқан кері әсерін айрықша атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені де құмар ойынға шалдыққандар. Сонымен қатар, лудомания өзіне-өзі қол салушылықтың да бір себебі болуда. Мәселен, 2022 жылы елімізде суицид жасаған 3 мың 676 адамның әрбір бесіншісі құмар ойынына салынғандар екен. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Осыдан бір жыл бұрын қайтыс болған курсанттың өз-өзіне қол жұмсауына – ойынқұмарлық себеп болыпты. Ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жетіпті. Бұл лудоманияның айналасында лоббистер жүргенінің айғағы. Мұның бәрі Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын көрсетеді. Мұны Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді. Заң жобасында лудоманияны барынша ауыздықтап, шара қолданудың барлық мүмкіндігі қамтылған. Солардың негізгілеріне тоқталып өтетін болсақ, мәселен құжат бойынша жеке тұлғалардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу жасы 21-ден 25 жасқа көтерілмек. Сонымен қатар алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтардың, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салынады. Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ. Сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылар құмар ойындар мен бәс тігудің тәуекелдері мен зияны туралы хабарлауға міндеттеледі. Мұндай ақпарат ойын мекемелерінде, ғимараттарда, билет кассаларында және букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың электронды кассаларында, казино кассалары мен ойын автоматтары залдарында, сондай-ақ өздерінің интернет-ресурстарында орналастырылуы тиіс. Талаптарды орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тағы бір жаңалық электронды казино мен онлайн казино қызметін ұйымдастырған заңды тұлғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Оларға 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не мүлкін тәркілеп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр. Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің ақпараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттелмек. Осылайша, мемлекет олардың барлық қаржылық операциясын көре алады.

Сонымен қатар, Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен казиноларды ғимараттардың, құрылыстардың қоршауларында және көлік құралдарының сыртқы жарнамасында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, мерзімді басылымдарда, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салынады. Дегенмен, букмекерлік кеңсенің және тотализатордың орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спорттық бағыттағы теле, радиоарналар мен интернет-ресурстарда жарнамалауға рұқсат етіледі. Лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен лотереялардың интернет-ресурстарына да тыйым салынады. Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жасалады. Бұл ретте, банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына операциялар жүргізуге рұқсат берілмейді. Тағы бір жаңалық Ұлттық банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады. Сонымен қатар, заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттілігі, ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карточкаларына төлем қабылдауына шектеу қою, мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі. Өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Бұл шектеу қайтып қалпына келтірілмейді.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Президент мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ жағдай туралы айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел...

Бишімбаев сотта соңғы сөзін айтты

Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін сотталушылар соңғы сөзін айтады.

Қазақстанда тұтас бір сызықты кесіп өткендер жүргізуші куәлігінен айырылады

Қазақстанда бірыңғай тұтас сызықты кесіп өту бойынша жауапкершілік күшейтілді.

Қазақстанда Жеңіс күніне орай ардагерлер қанша алды?

ҰОС ардагерлеріне 9 мамырға орай жергілікті бюджеттерден біржолғы әлеуметтік көмек төленді.