12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Пышақ жоғалған таң

Милиция капитаны Олжас Абаев кабинетіне кіргенде күн шуағы бөлме ішін әлдеқашан жайлап алыпты. Кабинет іші тым-тырыс. Еден жуылмаған, кешегі аяқ іздері әлі жатыр. Капитан «П» әрпімен қойылған үш үстелдің төрдегісіне отырды да, шылымын тұтатып алды. Еңсені басқан қапырыққа қарамастан, капитан терезені ашуға асыққан жоқ. Бар ойын осы кабинет ішіне жинағысы келгендей, темекі түтінінен көз алмай біраз отырды. 
«Тық тық!»
— Кір !
— Рұқсат па? — Әріптесі Коля.
— Кел Коля.
Коля есікті сығырайтып ашты да, алдымен өзі, сосын жап-жас екі бозбаланы кіргізді. Екеуі де аппақ көйлек, көк шалбар, қайыс белбеу таққан. Екеуі де шаштарын «тақыр» үлгіде алғызған. Тек бастарындағы тақиялары ғана әртүрлі. Алдымен адамның киіміне қарап танитын капитан бұлардың ерекшеліктерін бірден аңғарды.
— Міне, күәгер мен күдікті — деді Коля екеуін нұсқап. Капитан «қандай күдікті?» дегендей Коляға қайта қарап еді, Коля;
— Осыдан үш күн бұрын орын алған өлімге… Молданың өліміне! — деді нақтылай түсіп.
— А-а-а — деді капитан есіне әлдене түскендей.

Қыркүйек айының 3-ші күні сағат таңғы алты жарым шамасында қаладағы көпе көрнеу медрессенің бірінде өлім қылмысы орын алды. Құрбан болған азамат О.Х. 1970 жылғы. Сол медресседе он бес жыл бас ұстаз болып қызмет атқарған. Куәгерлердің айтуынша ұстаз таң тамазын шәкірттерімен бірге оқып, әдеті бойынша дұға етуге қалған. Таң намазын аяқтай сала, ұйықтауға асығатын шәкірттері ұстаздарының денесін сағат сегізде болатын таңғы асқа шақыруға барғанда ғана көріпті. Өкініштісі сол, үш жерден пышақ жарақатын алған ұстаз шабуыл кезінде еш қарсылық көрсетпеген. Екі қолын тізесіне қойып, отырған күйі қанына бөгіп қалған. Дәл бір дұғасын аяқтай алмай, қалғып кеткен сияқты…
— Атың кім ?- деді капитан бірінші тұрған  жасыл тақия киген куәгер шәкіртке.
— Атым З. – деді ол жүдеу. Бас сүйегіне кіріп кеткен құдықтай көздері шүңірейіп болар болмас сәуле шашады. Тергеуден әбден мезі болғаны көрініп тұр.
— Сенікі?
— Менің атым А — деді Қызыл тақия кигені батыл. Бұл сәл толықтау келген, шадыр көз, етінен ет кесіп алсаң да былқ етпейтін, тоңмойындау екен. Бірақ капитанды таң қалдырғаны бұл емес.
Осыдан екі жылдай бұрын «жоғалып кетті» деген жиырма жасар жігіт үш ай іздеуден кейін жертөледен табылған. Тірі. Өзіне төрт метр көр қазып алыпты. Жігіт ол әрекетін діни-сеніміне байланысты жасағанын айтқан болатын. Сонда оны жертөледен алып шыққанда, капитан қатты шошынған. Кісі емес әруақ. Терісі сүйегіне ілініп әрең тұр. Көздері ғана шоқтай жанып…
Күдікті сол жігітті есіне салды.
Капитан алдындағы «делоға» бір, екі шәкіртке бір қарады. Үстерінде қылы жоқ ақ шағала көйлек, пышақтың қырындай көк шалбар және сондай жаттанды түр. Екеуінде мына таза киімдер болмағанда  бір көрген адам көшеде жүрген бұзақылардың бірі деп ойлар еді. 
Күдікті кеудесін толтырып, терең тыныстады. Тергеуге емес, кездесуге келген сияқты бейтарап. Бұның жасындағы жасөспірімдер ақша автоматын тонайды, ұрлық жасайды, қоғамдық тәртіп бұзады. Бірақ кісі өлтіруі сирек. Өлтірсе де көбіне жағдай үстінде жазатайым өлтіреді.
Жаңа Коля «күдікті» дегенде де, капитанның таң қалып отырғаны осы.
Капитан өзінің ішкі даусына жұтылып бара жатқанын аңғарды да, есін жиып, орындыққа тіктеп отырды. Жұмысына келсе болды, осылай ішкі даусы сөйлей бастайды.
— Тергеу жасадыңдар ма ?-  деді капитан Коляға қарап.
— Иә, үш күн жасадық. Міне нәтижелері — Коля  «тергеу қағазын» капитанның алдына қойды. Осы уақытта ана екеуі есік алдында тұрып қалған екен;
— Отырыңдар — деді капитан диванды нұсқап. Екеуі де біріккен тәртіппен қолдарын тізесіне қойып, диванға жайғасып жатты.
— Терезені аша сал — деді Капитан қағаздарға үңіле беріп. Коля алып көк терезені ашты да, өзі үш үстелдің біреуіне келіп  жайғасты. Терезеден соққан салқын жел кабинет ішін жылдам жайлап, диванда отырған екі шәкірттің бетін қытықтап өтті.
Капитан қағазға басымен кіріп кеткен…

Куәгердің әңгімесі

Менің атым З. Жасым он сегізде. Үйде жалғыз баламын. Әкем қойшы. Өлгенде артымнан Құран бағыштасын деп әкем медрессеге он бес жасымнан берді. Міне, биыл үшінші деңгейлі шәкіртпін. Бірақ өзім әубаста медрессеге барғым келмеген. Тек әкемнің көңілін қимадым (кідіріс)
«Неге барғың келмеді?!» дейсіз бе? Неге екенін білмеймін. Маған тәртіп бойынша жүрген ұнамайды. Үнемі «жүр», «тұр», «іш», «же» деп біреу  төбеңізден төніп тұрса, сізге де ұнамасы анық. Ауылда емін-еркін ойнап, қалаған уақытыңда тамақ жеп, қалаған уақытыңда ұйықтап жүргенге не жетсін?! Таңғы бесте тұру, түнгі он бірде ұйықтау.Үш жыл өтсе де әлі үйрене алмай жүрмін. Тек сенбі күні ғана сыртқа шығарады. Оның өзінде бір туысқаның кепілдік болса ғана. Ал, менің әкем жыл он екі ай мал соңында. Жылына бір келсе келер, әйтпесе ол да жоқ. Сол себепті менің соңғы  үш жылым қытай қорғаны секілді осы ескі сарайда өтіп жатыр.
— Медрессені сипаттап беріңізш?
— Сипаттайтын несі бар? Соғыс кезінде азық-үлік сақтау үшін жасалған үш қабатты ескі ғимарат. Қабырғалары қалың, дарбазасы темір. Кіріп шығу тек рұқсатпен.
— Қанша шәкірт оқисыздар?
— Білмеймін. Шамамен екі жүздей.
— Жалғастыра беріңіз.
— Тысқа шығу қиынның қиыны. Тек  тамақ тасуға ұстаздармен бірге базарға ғана болмаса.
Базарда мен неше түрлі тамақпен қоса, неше түрлі адамдарды көрдім. Бәрі еркін. Тіпті күлген кезде де, түшкірген кезде де ешкімнен рұқсат сұрамайды. Бәрі бір-бірімен қалаған тілінде, қалаған жерінде сөйлесе береді. Әрине кейбіреулері жабайы, тым ерсі сөйлейді. Олар жаман сөйлегенде ұстаз бізге «құлақтарыңды басыңдар!» дейді. Сосын барып өтіп кеткеннен кейін, құлағымызды ашамыз. Ұстаз бізге «көрдіңдер ме, бұлар оқымаған!» деп олардан жиренуді үйретеді.Иә, олар жабайы шығар, бірақ ең бастысы олар еркін ғой. Шіркін, маған сондай еркіндік берілсе, мен оны дұрыс пайдаланар едім деп армандаймын іштей.
Мен ұстазды еркіндігімді шектемегені үшін жақсы көрдім. Қалай айтсам екен, ол үнемі мені аулаға ойнауға жіберіп тұратын. Кейде әжетхананы тазалап жатқанымда (әжетхананы тазалау маған міндеттелген)  ұйқым келгенін көріп, мені ұйықтауға ертерек жіберетін. Тамақ ішкенде де, тоймай қалсам, ешкімге көрсетпей, артығымен салып беретін. Сөйте тұра өзі «барлығыңды бірдей жақсы көремін» деп айтатын. Бірақ меніңше ол мені ерекше жақсы көрген сияқты.  Әйтпесе осындай қамқорлық жасамас еді ғой.
Бізде тәртіп қатал. Ұстаз сөзі заң.  Ережеге қанша бағынуға тырыссам да, қолымнан келмей қойды. Оған дәлел барлық құлшылықтарымды тек ұстаздан қорыққаннан ғана жасауым. Мен Құранды да, хадисті де жылдам жаттадым. Ұстаздан бір рет болсын ескерту естіген емеспін. Бірақ солай бола тұра, мен әлі күнге дейін ішімде бұғып жатқан өз еркіндігімді аңсаймын. Мен әлі күнге дейін медрессенің терезесінен басымды шығарып, сыртта музыка қойып билеп жүрген өзім қатарлы балалардың өміріне қызығамын. Олармен сөйлесіп, тілдескім келеді. Не ойлайды, не біледі соның бәрін білгім келеді. Және ең бастысы еркіндік дегеннің не екенін сезінгім келеді. Шектеулер мен қамаудан әбден мезі болдым.  Мезі болғаным соншалық, егер біреу маған медресседен қашуға көмектессе, мен тіпті соның жолына әкемді де қиып кетеруге дайын болған кездерім болды (кідіріс)
Жаңа ғана ұстазды жақсы көремін деп айттым ғой. Иә, мен оны жақсы көремін әрі сондай құрметтеймін. Оның қазасы маған өте ауыр тиді. Тіпті күтпедім десем де болады. Дәл сол таңда мен таң намазына оянбай қалдым. Өйткені жалықтым деп айттым ғой. Кезекші де мені оятпаған. Бірақ күнделікті әдет бойынша, ұстаздың азан шақырған даусынан оянып кеттім. Құлықсыз тұрып, дәрет алып, үшінші қабатқа шыққанша қалғандары намаздың бел ортасына келіп қойыпты. Енді екі рәкаттан кейін намаз аяқталады. Дәл осы сәтте, маған бір ой келді. Қашуға ұйғардым. Бәрі намаз оқып жатқанын пайдаланып, ақырын екінші қабатқа түсіп, асхана арқылы қашып кетуге болады. Бұл уақытта аспаздар да келмейді, күзетшілер де ұйқыда.
Осы жоспарымды іске асыруға бел байлап, екінші қабаттағы киім сөресіне бардым. Қатар-қатар тізелген сөрелерден өзімдікін тауып ап, лезде киініп алдым. Аяқ-киімдерімді бір қорапқа салып, терезеден лақтырып жібердім. Ісімде аяқтап, енді шыға бергенімде, сөрелер бөлмесіне тағы біреу кірді, ол да мен сияқты асығыс көрінді. Жалма-жан бір сөрені ақтарды да, әлденені умаждап, тығып жатты. Сөйтті де жан-жағына назар салмастан, есіктен шыға берді. Алаң-елеңде түр сұлбатын анық байқай алмадым. Бірақ тұлғасы мен жүрісін жазбай таныдым, бұл – анық А [күдікті]. А оң жақ аяғын сылтып басатын. Және оның оң иығынан сол иығы аласа. Міне, сол белгілері А-ны жазбай тануыма еш кедергісін туғызбады. Бұл анық А. Ұстаздың өліміне себепкер де осы. Әйтпесе таң атпай кім асхананың білектей пышағын өз сөресіне жасырады?
Мен А ның гардеробынан асхана пышағын тауып алғаннан кейін, оның әлдебір жымысқы ойы бар екенін бірден сезе қойдым. Сездім де, пышықты асығыс алып, өзімнің бос сөреме қоя салдым (себебі менің қашуым керек). Сөмкемді арқама іле сап, мысықтабандап, асханаға жақындадым. Ешкім жоқ. Тек темір ыдыстар ғана көзге болар болмас шырмауытады.
Асхананың қақ ортасынан өтіп, терезеге жеттім. Әрі қарай балкон. Балконға шықсам, түсу оңай. Бірақ маған осы сәтте тағы бір ой келді. Ой емес, күдік. Осы күдік мені кері қайтуға мәжбүрледі. Әйтпесе мен ұстаздың өлетінін алдын ала білді дейсіз бе. Бұл жерде менің екі қателігім бар; біріншісі пышықты көре тұрып, оның мақсатын ұқпағаным. Екінші қашуға мүмкіндік бола тұрып, қайтып келуім. Қайтып келгенімнің кесірінен мен бұл іске қатысты боп тұрмын. Себебі мені дәл сол сәтте бас аспаз көріп қалған еді.
— Ол онда не істеп жүр?
— Тамақ жасауға елген де. Бізде таңғы ас сегізде.
— Ол сізден ештеңе сұрамады ма?
— Не істеп жүрсің деді. Мен жай, қыдырып жүрмін дедім.
— Болды ма?
— Болды. Сосын ол мені «күдікті» еткісі келді. Бірақ айғағы жеткіліксіз болды.
— А мен қарым қатынастарыңыз қалай?
— Ол төртінші деңгейлі шәкірт. Бізден үлкен. Тек дәрісханаларда ғана кездесіп жүреміз. Былай жақын сөйлескен емеспін. Бізде бір-бірімізбен сөйлесуге рұқсат жоқ. 
— Сен еркімдігімді шектейді деп айтып қалдың. Әкеңе неге соны айтпадың?
— Мал соңындағы адам, бірдеңе түсінеді дейсіз бе? Оның үстіне менің осы уақытқа дейін діни білімнен басқа алған білімім жоқ. Ол жерден кетсем, барар жерім…
— Сіздің еркіндігіңізді шектеген кім, медрессе ме,  әкеңіз бе?
— Білмеймін. Бәлкім екеуі де. Бізге бұл жайлы «жан- тәннің тұтқыны» деп түсіндіретін.
— Пышақты сосын қашан көрдіңіз?
— Аспазбен сөйлескен соң, қайта өз сөреме бардым. Сол жерден көрдім. Бірақ бұл жолы ол қан боп тұрды. Менің алдымда ғана біреу қойған. Өйткені пышақтағы қан әлі жылы болатын. Мен пышақты алдым да, жүгіріп барып, асханадағы ыдыстардың арасына тастай салдым. Сосын қолымды жуып, өз төсегіме келдім. Көрпемді тас бүркеп, жатып қалдым. Мен оянғанда бәрі ұстазды «өлді !» деп шуласып жатты.
— Сіз соңғы рет барғанда бас аспаз сізді көрді ме?
— Білмеймін. Көрсе көрген шығар. Мен асығыс болдым.
— Жақсы, рақмет!


Күдіктінің мәлімдемесі

— Жақсы сіз сөйлемесеңіз мен сұрақ қояйын. Тек «иә», «жоқ» деп жауап берсеңіз болады. Таңғы сағат бес жарым шамасында гардеробта не істеп жүрдіңіз?
— Пышақ жасырдым.
— Оны қайдан алдыңыз?
— Асханадан.
— Дәл сол таңда алдыңыз ба?
— Жоқ. Түнде.
— Сонда пышақ сізбен түні бойы бірге болған ғой.
— Иә.
— Ұстазды да сіз өлтірдіңіз?
— Жоқ.
— Пышақты алған да сіз, жасырған да сіз, ендеше өлтірген де сіз емес пе?
— Жоқ.

Үзіліс.

— Айтыңызшы, медресседе сізді болмаса қатарластарыңызды қинаған жағдай болды ма?
— Жоқ.
— Мына жігітті танисыз ба? [суретте бағана капитан ойлаған жертөледен табылған жігіт].
— Жоқ.(түрі өзгеріп , тесіліп ұзақ қарады).
— Пышақты не үшін алдыңыз?
[жауап жоқ].
— Біздің дерек бойынша сіздің екі ағаңыз болған. Екеуі де осы медрессені тәмәмдаған. Бірақ аяқтаған соң, ұшты күйлі жоқ. Олар туралы мәлімет біздің базада жоқ. Сіз олардың қайда екенін білесіз бе?
— Жоқ.
— Сіз «Рандом» балалар үйінен келдіңіз, солай емес пе?
— Иә.
— Жақсы. Рақмет.

(Ескерту: Үш күн бойы, төрт сағаттан тергеу жасалды. Бар берген жауабы осы. Қалған уақыттары қаққан қазықтай орнында отырды. Және іштей әлдене сыбырлаумен болды.
Күдікті туралы мәлімет: бұрын істі болмаған. Тұйық. Жоғары білімі жоқ. Медресседе ең үздік шәкірттердің бірі саналған. Қайтыс болған азаматпен ешқандай араздығы болмаған. Тіпті танымайды. Оған дәлел: бірнеше суретті көрсеткен кезде марқұмды түстеп бере алмады. Басқа біреу өлтіріп, жала жауған болуы да мүмкін. Тексеруді талап етеді.
Тергеушінің қолы)


Капитан мәлімдемені оқып болған соң, алдындағы екі шәкіртке тура қарады. Куәгер  әлі көзі шүңірейіп, жағы суалып, қорқып отыр. Ал, күдікті болса өңменіңнен өтетін сұсты жанарларын капитанға қадап алыпты. Торғайға шапқалы тұрған жылан сияқты. Капитан енді аңғарды. Мынау күәгер әлгі жертөледен табылған жігіттен аумайды екен. Сол көздер, сол  сұсты қарас…
— Медрессеге қатысты қандай мәлімет бар? – деді капитан Коляға қарап.
— Заңды мекеме. Қайрымдылық қоры ретінде тіркелген. Салық төлейді, сақтандыруы бар. Соғыстан кейін еврейлер онда балаларға діни дәріс берген. Кейін қыздар жатақанасы, сосын пансионат болған. Қазір медрессе. 
Капитанның ойына тағы жертөледен табылған жігіт түсті. Ол да осындай тергеу кезінде ләм-мим деп жақ ашпаған. Дәл біреу мойнына жіп байлап, қуыршақ секілді төбеден басқарып отырғандай. «Бұлардың бәрі бір зауыттан» деді капитан іштей. Сосын даусын біреу естіп қоймады ма дегендей айналасына қарады.

— Пышақты таптыңыздар ма?
— Жоқ. Іздестіріп жатырмыз. Аспаз ешқандай қанға боялған пышық көрмегенін айтты. Жуылып кеткен ғой.
— Қылмыстық реквизит жоқ. Қалай қылмыскерді таппақсыздар?
— Енді куәгерлер…
Коля осылай деп ақтала беріп еді, жанындағы зіл батпан қара телефон шыр ете қалды. Коля тұтқаны оң құлағына апарды.
— Алло… Иә.. Мен… Қалай дейсіз?… Жоқ.. Мүмкін емес… Иә… Түсіндім… Рақмет…

Коля телефонды  құлықсыз қойды. Сұраулы жүзбен капитанға қарап:
— Қылмыскер табылды — деді.
— Кім?
— Аспаз.
Куәгер бүйіріне ине сұғып алғандай басын қалт көтерді. Көзінде таңдану мен тосырқау. Күдікті қалпын бұзбады, көздері жұмулы, еріндері әлденені күбірлеп отыр.
Капитан тағы бір шылым тұтатты. Ойлары жаңағы құдық көздерге батып бара жатқан сияқты… Шарасыз.

Үш айдан кейін

Капитан екі қызын сабаққа шығарып салды да, диванға жатып, қор ете түсті. Түс көріпті. Түсінде қанға бөгіп, сатыдан жоғары көтеріліп бара жатыр екен. Аққан қанына өзі тайғанайды.
Телефон даусынан оянып кетті. Телефон бетінде «Коля» деген жазу.
— Тыңдап тұрмын Коля!
— Капитанның көңіл күйі қалай?!- Коля саңқылдап тұр.
— Мәз емес.
— Не болды?
— Жайсыз түс көрдім.
— Онда менде де жайсыз түс бар. 
— Не болды?
— Осыдан үш ай бұрын біз «күдікті» деп тергеген екі шәкірт бар еді ғой.
— Иә.
— Солардың денесін бүгін сағат таңғы сегізде қаланың шетіндегі өзеннен таптық.
Капитанның құлағында атом бомбасы жарылғандай, шың ете қалды. Әлем түгіл өзін де естімейді.
— Соған экспертиза жасауға сенің көмегің керек. Жылдам кел.
Коля тұтқаны қоя салды. Капитан мең-зең. Әлі тұр…
Әлдебір уақыттан кейін жалма жан-күздік пальтосын ілді де, баспалдақтан жылдам түсіп, такси тоқтатты.
Күздің соңы болатын…

Жантас Еркінұлы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...