12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Айгүл ҚАПБАРОВА, Парламент Сенатының депутаты: «БАҚ-қа БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ БИЛІКТІҢ БАҚЫЛАУЫНДА»

–Айгүл Жарылқасынқызы, бүгінгі жаһанданған заманда ешнәрседе шекара қалмай бара жатқандай. Бұл үрдістен журналистиканы бөліп алу тіпті мүмкін емес. Осы орайда тапқанымыз көп пе, жоғалтқанымыз көп пе?

– Бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік деп босқа айтпайды ғой. Расында, қоғамның ең қозғаушы күші – журналистика. Жалпы, журналистикаға келген азаматтардың өзі ұлтжанды, патриот, яғни ерекше рухты болып келеді. Өзіміз журналистика факультетіне түскен кезімізде арамызда ақындар көп болатын. Бұл журналистика үшін үлкен артықшылық және мүмкіндік дер едім. Қазір ақпараттың жедел дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан журналистиканың рөлі күшеймесе төмендеген жоқ.

Озық технологиялар, блогерлердің пайда болуы, ақпарат алу көздерінің көбеюі дәстүрлі журналистикаға деген көзқарасты өзгертті. Бірақ қалай болғанда да бәрібір дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары керек. Жоғары оқу орнында журналистиканың жанрларын оқып, үйренген мамандардың кәсіби шеберлігі де, жауапкершілігі де жоғары болады. Әрине, қазіргі заманға сай журналистиканы жаңғырту керек деп ойлаймын. Бүгінде заманға сай телефонмен монтаждай беретін, әмбебап, ұтқыр журналистер көбейсе нұр үстіне нұр. Журналистика өзінің ұлттық негізінен ажырамауы қажет. Қазір кейбір жанрлар жоғалып кетті. Мүлде қысқа, нұсқа ақпарат беруге көштік. Қазақ журналистикасының басқа әлемдік журналистикадан ерекшелігі байыптылығы, мәселені тереңнен қаузап, шешен тілмен жеткізетіндігі. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазіргі кейбір түсініктерге біздің алдыңғы толқын ағалар қайран қалып, кейде тіпті шошып жатады. Олар, әсіресе, сұрақтардың төтесінен, өткір қойылатындығын қабылдай алмайды. Бұл өзіміздің ішкі этногендік мәдениетке байланысты шығар. Шығыстық тәрбиеге, менталитетке өрекпіп, бірден бас салатын журналистика жат. Қазақ журналистикасына мақтамен бауыздау тән. Алқын-жұлқын әдістер батыстан келген үрдіс. Біз айқайламай-ақ, көп мәселені мәмілемен шешіп келген, сөздің қадірін білетін елміз. Осы бастауымызға оралып, ұлттық журналистикаға мән беруге тиіспіз. Сонда халыққа жақын бола түсеміз.

– Қазіргі таңда бұл мамандықты қажетсіз деп санайтындар бар. Бұл пікірге не дейсіз?

– Жоғарыда айтқанымдай, бәрібір кәсіби білім алған журналистердің орны бөлек. Тик-ток, фейсбук секілді әлеуметтік желілер қанша жерден ақпараттар беруде жылдамдық танытып тұрса да, көзіқарақты қауым таза журналистік сайттарды, кәсіби ақпарат көздерін іздейді. Тик-токта айта береді, ютубтағы материалдар шындыққа сай емес, алып-қашпа сөз деп, ресми жаңалыққа сүйенеді. Жалпы, шын сөздің қадірін білетіндер, кәсібилікті бағалайтындар барда журналистика әрқашан сұраныста. Оның үстіне қазіргі таңда қазақ журналистикасы да уақыт ағымынан қалып жатқан жоқ. Бүгінде ақпараттық технологияның мүмкіндігін пайдаланып, елдің қай түкпірінен болсын жедел де сауатты ақпарат таратуда.

– Бүгінгі журналистикада шектеулер көп. Журналистер лауазымды адамдар туралы, олардың қызметтері мен статистикалар жайлы ақпараттарды алуда көп кедергілерге ұшырайды. Бұл мәселедегі сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Бұл мәселені шешу үшін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгеріс керек деп ойлаймын. Онда шенеуніктердің киім киісінен бастап, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзіне дейін екшейтін өлшемдер болу керек. Сонда біз олардан талап ете аламыз. Егер мемлекеттік қызметке келгеннен кейін шенеуніктердің әрекеті қоғамдық сипат алатын болса, кез келген сұраққа жауап беруі тиіс. Шетелдерде тұлғалардың жеке басына қатысты да мәліметтер ортаға салынып, отбасыларындағы кикілжіңге дейін талқыланады. Өйткені, оларда мемлекеттік қызметкер мінсіз болып, қоғамның барлық сұранысына жауап беруі керектігі заңмен айқындалған. Жалпы, дамыған елдерде мемлекеттік қызметкерге талап көп. Германияның канцлері көшеде жүріп, жұртпен дүкенге кіріп сауда жасаса таңғалып жатамыз. Оларда бұл әдеттегі жағдай. Бізде мемлекеттік қызметкердің дәрежесіне қарай жеке басына табынамыз. Партия құрылса да жетекшіге бас ұрып кетеміз. Негізінде біз оның өзіне емес, бағдарламасына қарауымыз керек. Дамыған елдерде министрдің кім екеніне емес, жүзеге асырып жатқан жоспарына, атқарып жатқан жұмысына назар аударады. Бірте-бірте біз де осыған келеміз. Мемлекет басшысы да ешқашан бір адамға шексіз билік бермеу қажеттігін көтеріп отыр. Қоғам осыған үйреніп келе жатыр. 70 жылға жуық кеңестік кезеңде бізде жеке басқа табынушылық көп болды. Қазақтың көрмегені жоқ. Бірақ біздің халықтың бойында еркіндік бар. «Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың» дегенді айтқан халықпыз. Дала парламенті болды «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, барлық елдік мәселелерді жиналып, мәжіліс құрып шешкен. Қазіргі таңда қолданылып жүрген мәслихат, ақ орда деген сөздер қазақ мемлекетінің болғандығын дәлелдейтін тарихи атаулар. Яғни, біз бұрыннан ел болып қалыптасқан, мемлекет болған елміз. Сондықтан бізге мұндай мәселелерді шешуде кедергі жоқ.

– «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Онда қазақ журналистикасының рөлін көтеру үшін қандай тетіктер жасалу керек деп ойлайсыз?

– Президент журналистиканы дамытуға ерекше мән беріп отыр. Қазір бұл салада мәселе көп. Мынандай бір парадокс бар. Негізі біз тәуелсіз журналистиканы дамыту үшін билікке бағынышты болмауымыз керек. Алайда, мұндай еркіндікке жету сөз бостандығының маңызын түсінетін сананың арқасында мүмкін болмақ. Оған билік дайын ба, мен сені асырап отырмын, сен неге менің кемшілігімді жазасың деп шөміштен қысса не істей аламыз? Осы сұрақтың оң жауабы көп мәселенің шешімі. Шын мәнінде БАҚ-қа бөлінетін қаржы биліктің қалтасынан шығып жатқан жоқ. Ол – халықтың салығы. Өкінішке қарай, осыны түсіну деңгейі төмен. Бәрібір де билік тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына ықпал болады. Мемлекеттік газет, мемлекеттік телеарна дейтін де ұғым жоқ, акционерлік қоғамдар бар. Олар белгілі бір топтардың мүддесіне қызмет етуі мүмкін. Сондықтан таразының екі басын тең ұстау қажет-ақ.

– Бұған қалай қол жеткізуге болады? Өзіңіз де журналистиканың қазанында қайнаған жанның бірісіз. Шетелдік тәжірибені де едәуір зерделегеніңіз байқалады.

– Мемлекеттен қаржыландырылса да журналистикаға еркіндік берілу керек. Қазір бұдан басқа шешім көріп тұрған жоқпын. Өзін өзі асырап, өзін өзі қаржылай қамтамасыз ететін бірде-бір бұқаралық ақпарат құралы жоқ. Мемлекеттің идеологиясы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүреді ғой, басқаша мүмкін емес. Сондықтан журналистер мемлекетті, билікті біздің сөзімізге цензура қоятын обьект деп қарамау керек. Билік те мен сені асырап отырмын, не айтсам соны жазасың деуге тиіс емес. Журналист те еркіндіктің жөні осы екен деп, не айтқысы келсе соны айтуға тиіспін деген ұстанымнан аулақ болғаны жөн. Тоқетерін айтқанда, билік те, бұқаралық ақпарат құралдары да кез келген мәселеге ұлттық мүдде, мемлекеттік саясат тұрғысынан қарау керек. Осындай көзқарас болғанда ғана дұрыс жұмыс жүреді. Дәл қазір үлкен медиа ұйымдарына өз күніңді өзің көр деу қауіпті. Олар егер мемлекеттен қолдау көрмей, инвесторлардың көмегіне ғана арқа сүйейтін болса, инвесторлардың талабына сай елге дұрыс ақпарат таратпай, халықтың бірлігіне, идеологияға қайшы келетін дүниелер жасауы мүмкін. Сондықтан ел мүддесі үшін БАҚ-қа мемлекет тарапынан қолдау қажет.

– Жалпы БАҚ пәрменділігін арттыру үшін заңнамаға қандай ұсыныс қосқан болар едіңіз?

– Мемлекет басшысының өзі БАҚ-тың жұмысын жандандырып, қоғамдағы рөлін арттыруға айрықша мән беріп отыр. Осы тұрғыда тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу қолға алынып жатыр. Меніңше бұл мәселе кәсіби ортада терең зерделеніп, кең көлемде талқылануы керек. Журналистер заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына кіруі тиіс. Өздеріңізге белгілі, пандемия уақыты кезінде дұрыс ақпараттың дер кезінде берілмеуі адамдар арасында әртүрлі қауесет тудырды. Бұған құзырлы орындардан ақпарат алудың қиындығы да себеп. Ақиқатын айту керек, журналист сұрауына сол сәтінде жауап ала алмады. Ол қандай жағдайда болмасын заңмен айқындалған белгілі уақытты күту керек. Егер асықпай, талдап жазатын мақалалар болса әңгіме басқа. Ал дер кезінде берілмесе өзектілігі жойылатын маңызды ақпараттар үшін мұндай ереже қисынсыз. Тіпті, журналистердің сұрауын күтпей-ақ қоғамда резонанс тудырған, халықтың назарында тұрған мәселе бойынша бірден брифинг өткізіп, ақпараттар беруге болады. Алайда, кейбір құзырлы орындар өрт сөндіруші секілді. Оларда қоғамды дүрліктірмей мәселенің алдын алу жоқ. Көп жағдайда «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» керін келтіріп жатады.

Қазір бір минутта миллион адам ақпарат көреді екен. Осы сұранысқа сай жұмыс жүру керек. Ал бұл мәселе құзырлы орындар тарапынан ынта болмаса шешілмейді. Сондықтан «БАҚ туралы» заңға арнайы тетік енгізіліп, мәліметтердің қолжетімділігі қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар журналистерге де картбланш берілу керек. Мысалы, құқық қорғау қызметкерлері, дәрігерлерге пандемия кезінде осындай мүмкіндік ұсынылды ғой. Шыны керек, журналистер үшін МАИ бекеттерінен өту, маңызды шараларға қатысу арнайы рұқсатсыз, алдын ала тіркелусіз мүмкін емес. Бұл қауіпсіздік үшін қарастырылған шаралар болса да, журналистерге осы тұрғыда еркіндік берілуі қажет сияқты. Бірқатар шетелдерде журналистер көлігін қалаған жерге қойып кете береді. Бізде журналистер үшін бұл кәдімгі проблема. Осыны да ойластыру керек. Сонымен қатар көшеаралық көліктерде тегін жүруге рұқсат берілу қажет деп ойлаймын. Оқыс оқиғалардан сақтандыру, дәрігерге қаралу, жиі тап болатын стрестік жағдайларда психологтың қызметін ұйымдастыру да ескерілуге тиіс мәселелер. Мұны, әсіресе, медиакомпания басшылары назарда ұстау керек. Қазір енді журналистер үшін баспана алу қиын деп ойламаймын. Себебі, қатысушыларға шек қойылмайтын жеңілдікті бағдарламалар бар. Журналистер соларға құжаттарын тапсырып, қалаған пәтерлерін алуға болады.

– Өзгенің жайын көп көтеретін журналистің өз мұңы да жеткілікті. Біразының айлығы шайлығына жетпейді…

– Бұл ретте БАҚ-тың басшысында жауапкершілік болу керек. Бюджеттен мемлекеттік саясатты насихаттау үшін бөлініп жатқан қаржы аз емес. Қаламақыны көтеру үшін дербес шешім қабылдауға болады. Түсінемін, қағаздың шығыны өте көп. Десе де, білікті журналистерді қаржылық тұрғыда қолдаудың тетіктері аз емес. Журналистердің ізденісін ынталандыру арқылы БАҚтың рейтингін де көтеруге болады. Мысалы, шетелдерде басылымның бір бағанын иелену журналист үшін үлкен мәртебе. Бұл оның танымалдығын, беделін арттырады. Сонымен қатар, табысын да көбейтеді. Сондықтан осыны ұстап тұру үшін олар беріліп жұмыс істейді. Оқырмандар көп жағдайда осы бағана үшін газетті сатып немесе жаздырып алуы мүмкін. Жалпы, кез келген істің өз сапасына сай құны болу керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында да бұл заңдылық қатаң сақталғаны жөн. Сонда сан да, сапа да артады, сәйкесінше табыс та көбейеді. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарына кәсіби саясаттанушылар, экономистер, құқықтанушылар тартылса, мәселелер сауатты көтерілер еді. Бізде журналистердің бұл тұрғыда білім деңгейлері ақсап жатады. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру үшін осы мәселелердің бәрі кешенді түрде қарастырылса құба-құп болар еді.

– Қазір біз адамдардың талғамын қалыптастыруға ұмтылмай, керісінше олардың ыңғайына жығылып бара жатқандаймыз. Соның бір айғағы – рейтинг. Рейтинг жиналмаса салмақты, танымдық, тәрбиелік сипаттағы хабарлар жабылып қалады да, керісінше көп көрілім жинаған жеңіл-желпі, еш берері жоқ бағдарламалар өмір сүре береді. Мысалы «Қалаулым» жабылып еді, орнына форматы дәл сондай басқа бағдарлама пайда болды.

– Мұндай хабарлар қазақ көрермендері үшін жаңалық та. Өйткені, бұрын отбасындағы мәселелерді ашық айтпайтын едік қой. Жалпы біз жабық халықпыз. Біріншіден, бұл бағдарлама таңғалу процесінен өтіп жатыр. Қазақ осылай ашық айта алатын болыпты ғой деген таңғалу. Қызығушылық деп айта алмаймын. Бұл – жаңалық. Тоқсаныншы жылдары сары басылымдар көбейіп кетіп еді ғой. Сол секілді бұл да шоу бағдарлама. Мұндай бағдарламаның болғаны негізінен жақсы. Бірақ ол үшін тілдік, ұлттық, әлеуметтік мәселелер шешіліп қою керек. Бұл хабарларға демалыс сәтінде көңіл көтеретін шоу деп қарағанымыз жөн. Ал біз оған тереңнен мән беріп кетеміз. Рейтинг үшін шығып жатқан мұндай бағдарламалар шетелде өте көп. Бірақ ол жерде басқа мәселелер шешіліп қойғандықтан олар алаңдамайды да, мәселе деп қарамайды да. Көретіні көреді, көрмейтіні көрмейді. Оларда мұндай хабарларды сыни көзқарасты дамыту үшін де жасайды. Жалпы, көрерменге сыни ойлай алу мүмкіндігін беру керек. Мынау дұрыс, мынау бұрыс деген өз пікірлері қалыптасқан жөн. Еркіндік берсе ғана сыни ойлау болады. Сондықтан қалыптан шығып отырған да дұрыс сияқты. Бізде әлеуметтік, жұмыссыздық, тілдік мәселелер бар. Пікірталас көп, басқа құндылықтардың орны бос тұрғаннан кейін мұндай хабарлардың шығуы ерсі көрінуі мүмкін. Сондықтан жоғарыда айтқанымдай, ұлттық журналистиканы дамыту керек. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары рейтингке еріккендіктен жүгініп отырған жоқ. Негізінде олар ұлттық тәрбиеге қарсы емес, бұл қадамға көбіне олар қаражат үшін барады. Себебі, мемлекеттік тапсырыс осы рейтинг негізінде беріледі. Сондықтан бізге оның берілу өлшемдерін өзгерту керек. Басқа мәселені түзеп алмай, бірден рейтинг деген параметрді қою дұрыс емес. Бұл тұрғыда алдымен елдік мүдде, мемлекеттің қауіпсіздігі, аумағымыздың тұтастығы мәселесі тұруға тиіс.

– Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты қандай пікірдесіз? Бізде шетелдік, оның ішінде ресейлік БАҚ-тар үстемдігі байқалатындай…

– Меніңше бұған шектеу қоюды құптамаймын. Себебі, біз ешкіммен жау емеспіз. Жалпы, белгілі бір арналарды көру, көрмеу әр адамның өз құқы. Ақпараттық технологияның дамыған заманында оған тыйым салу мүмкін емес. Мысалы мен өзім басқа елдерде хабарды қалай беріп жатыр, не болып жатыр деп көргім келеді. Негізінен, бұл мәселеде өзіміздің БАҚ контентін жақсартып қана басымдыққа ие бола алатынымызды ұмытпауымыз керек.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.