12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЗАҢНАМА ЖУРНАЛИСТ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ КЕРЕК

Бүгін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Қазақ журналистикасы ұзақ жылдардан бері мемлекеттің өркениетті елдер қатарына қосылуына, азаматтық қоғамның іргетасының қаланып, құқық пен сөз бостандығының үстемдік құруына аянбай еңбек сіңіріп келеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі де әлі күнге өзінің өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, ауқымын, санын, сапасын, форматын кеңейтті. Жаңа заман талабына сай журналистерге қатысты заңдық, құқықтық нормалар да өзгеріп жатыр. Алдағы уақытта да қолданыстағы «БАҚ туралы» заң қайта толықтырылмақ.

Биыл еліміз үшін ерекше оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысы жыл басында «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауын халыққа арнады. Мемлекеттік қызмет ел мүддесіне шын мәнінде қызмет ететін биліктің бір тармағына айналу керектігі де осы үндеуде ашық айтылды. Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған журналистика мәселесі де Президент назарынан тыс қалған жоқ. Ол «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс», – деген еді. Бұл жолдауда БАҚ заңнамасын қайта қарау керектігін тиісті министрлікке табыстады. Бүгінде «БАҚ туралы» заңға қандай өзгерістер енгізілуі қажеттігі, журналистиканы тәуелсіз мінбер жасаудың жолдары әріптестер ортасында қызу талқыланып жатыр. Өз кезегінде біз де БАҚ өкілдерінен пікір сұрадық.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, «Шалқар» радиосының бас редакторы:

«Әріптестердің әлеуметтік мәселесі көтерілгені жөн» – Әрбір заң жобасын дайындаған сәтте, белгілі бір жұмысшы топ болады. Сол жұмысшы топ ішінде практик-журналистердің болғаны абзал деп ойлаймын. Себебі, ол мамандар қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанымы, қызметі тұрғысында, тәжірибе тұрғысынан көп дүниелерді біледі. Сондықтан практик-журналистер атсалысып, БАҚ заңнамасын дайындау барысында сол мамандардың ойларына, идеяларына, ұсыныстарына мән берген дұрыс. Ал тармақтарға келер болсақ, сөз бостандығынан кейін журналистердің әлеуметтік мәселелері заңнан көрініс тапса деймін. Яғни, әлеуметтік пакеті мен мәселелерін заң тұрғысында бекітіп, бұл заң тармақтары арасынан табылғанын қос қолдап құптар едім.

Думан СМАҚОВ. «FactCheck.KZ» сайтының бас редакторы:

«Жауаптылық басты орында тұрса деймін» – Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл заңнаманы қайта қарауды тапсырғанынан бар лығымыз хабардармыз. Қазіргі министрліктің заңды қайта қарайтыны немесе қолданыстағы заңға қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізетіні қазір белгісіз болып тұр. Сонымен қатар, алға тартатын жайт, меніңше елімізде БАҚ заңында, сөз бостандығы мен оған кепілдік беретін журналист жауапкершілігін ғана емес, мемлекетке де жауапкершілік жүктелсе. Мұнымен қоса, бұл заң жобасында барлық әлеуметтік желіге, басқа да платформаларға қатысты «Digital» құралдарына қатысы бар барлық дүниелер енгізілуін құптар едім. Ал қосымша тармақтар жайында мен еш нәрсе айта алмаймын, себебі, қазіргі сәтте заңды қабылдауға қатысты жұмыс тобының қатарында қызмет етіп жатырмын.

Бек БАЙТАС, «Orda.kz» ақпараттық-талдамалық порталы қазақ бөлімінің шеф-редакторы:

«Мемлекеттік және тәуелсіз деп бөлген дұрыс емес» – Президент Тоқаевтың БАҚ-қа деген назары ашық, нейтралды түрде болып жатқаны белгілі. Мәселен, «Қаңтар қырғыны» кезінде басылымдар тәуелсіз жұмыс жасады. Атыс болған жерден, адам шығыны болған жерлерден де ақпараттар тарады. Міне осындай дүниелер көбіне билікке ұнай бермейді. БАҚ туралы заңнама жасауды қолға алуға осындай жағдайлар түрткі болды деп ойлаймын. Ендігі мәселе, заңнаманы дайындау кезінде бізге ең алдымен тәуелсіз басылымдардың басшылары мен құрылтайшыларын тарту керек. Себебі, мемлекеттік БАҚ-тың қалай да болса белгілі бір шеңбердің ішінде жұмыс жасайтындығы белгілі. Ал бұл, қаншама жылдардан бері келе жатқан дүние. Алдыңғы аға буын осы күнге дейін айтып келді, жас мамандар бойына сіңіріп, керек дүниелерін алғанын жоққа шығармаймыз. Ал енді, заңнаманы жасау кезінде бізге депутаттар, депутат болып жүрген журналистер, «Егемен Қазақстан», «Қазақпарат», жалпы сайт-газеттердің басшыларын жинап және шетте жүрген ақиқатты ашып жазбаса да, белгілі мөлшерде жеткізіп отыратын журналистерсіз заң жобасын жасауды дұрыс деп ойламаймын. БАҚ өкілдеріне арналған заңнама болған соң, кемінде елдің құлағы һәм тілі болып жүрген газет-сайт адамдарын жинап, заң жобасын жасау керек. Заңға қатысты нақтылы мәселе ұсына алмаймын. Өйткені, қазірдің өзінде БАҚ туралы заңның әлеуеті мен күші біраз дүниеге жетіп тұрғаны анық. Бірақ, тағы да қосатын жағдай болса, тәуелсіз немесе мемлекеттік БАҚ деп бөліп-жармай, екеуін бір бұқаралық ақпарат құрал ретінде қараған жөн. Тәуелсіз ақпарат құралдары жазатын ақпаратты мемлекеттік басылымдар да айтуы керек. Ешқандай көзбояушылыққа бой алдырмай, негатив болсын, позитив болсын, нейтралды жазу керек. Осыдан кейін барып қазақ тілді сайттардан сауаттылықты талап ету туралы заң жобасын міндетті түрде қабылдаған жөн. Бұл тек сайт қана емес, жарнама мәтіндері және тағы басқа да дүниелерге қатысы болғаны құба құп. Себебі, сауатты оқырман сауатты болашақ екенін ұмытпаған абзал. Жалпылама айтқанда, БАҚтағы қазақ тіліне темірдей тәртіппен қараса екен деймін.

Алма КЕНЖЕБАЕВА, «Exclusive.kz» сайтының атқарушы редакторы:

«Блогерлерді БАҚ-пен теңестіру – бұрыс қадам» – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңадан заңнама ұсынып, оның ішінде БАҚқа тек журналистерді емес, сонымен қатар блогерлерді де қосып отырған жайы бар. Олардың айтуынша, ақпараттық алаңда онлайн платформада сол мамандардың да қызметі бар деп есептеледі. Ең алдымен осы жайтты жіті қарау керек, себебі мұның арты жақсылыққа апармауы мүмкін. Бұлай деуімнің себебі, біз яғни, журналистер өзіміздің жазғанымызға, әрбір сөзімізге заң аясында жауап береміз. Яғни, ақпарат ағымында балансты ұстап, нейтралды көзқараспен жұмыс жасаймыз. Ал, блогерлер болса тек «ыстық» ақпаратпен жұмыс жасап, соның аясында ой өрбітіп отырады. Осы тұрғыда ол мамандар көбінде жауапқа тартылмай жатады, себебі БАҚ заңнамасында блогер мамандарына арналған тармақтар жоқ. Осындай ақсаған тұстарды пайдаланып, шенеуніктер және басқа да адамдардың блогерлерді өздерінің жеке мақсаттарына пайдаланған тұстары болған. Осыған орай блогерлердің БАҚ қызметкерлерімен қатарласуына жол бермеу керек. Заңнамаларды жазу барысына аға буын атсалысса, мәселен Сағымбай Қозыбаев, Нұртөре Жүсіп, Сейітқазы Матаев, Бибігүл Жексенбай, Гүлнара Бажкенова, Тамара Калеева сынды нағыз мамандар заңнаманы құрайтын болса, құжаттың шикі тұстары болмайды деген ойды құптаймын. Журналистке ең әуелі еркін сұрақ қойып, еркін жазу тармағын меңгерген абзал.

Мият КӘШІБАЙ, тәуелсіз журналист, қоғам белсендісі:

«Саясаткерлер де бұл талқыдан шет қалмаса екен» – Президенттің БАҚ туралы заңды дайындау бойынша берген тапсырмасы орындалып жатыр. Менің бір білерім заңнаманы құру тобында ешқандай да тәуелсіз бұқаралық ақпарат өкілдері, журналистика алаңында жүрген маман, майталмандар бой көрсетпеді. Бір ғана мысал, брифингтерде шенеуніктерге ыңғайсыз сұрақтар қойып, қысымға ұшыраған, «Пегасус» тізімінде болған Серікжан Мәулетбай осы топқа өз кандидатурасын ұсынғанымен арнайы топ қатарына кіре алмағанын білемін. Ал арнайы құрылған топ меніңше Тоқаевтың заңды жетілдіру керек деген сөзіне сәйкес, ыңғайға көнетін құжат жасап, тәуелсіз журналистердің талабы орындалмай қалатындай. Ал бұл заңды кім дайындау керек деген сұраққа келер болсақ, ең бірінші кезекте тәуелсіз басылым журналистері қатысуы керек. Мұнымен қоса журналистердің құқығын қорғаумен айналысып жүрген «Әділ сөз» сынды ұйымдар да қатысулары керек. Және елдің ертеңіне алаңдап жүрген саясаткерлер де бұл істен тыс қалмауы тиіс деген ойдамын.

Ғани ЕРКІНҰЛЫ

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Шоқан ОРАЗАЛИН, Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы: «ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУГЕ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ»

Мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясаты саласындағы көңілге кірбің шалдыратын түйткілдерді шешу бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Әсіресе, елдің ертеңі болып табылатын балалардың бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру – ұрпақтар сабақтастығының аса өзекті тұсы. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, қазіргі таңда балабақшадан бастап, жалпы орта білім беретін мектептерде мемлекеттік тілдің деңгейін көтерудің аса маңызды екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қоғамда «теріскей облыстар орыстанып кеткен» деген қасаң көзқарас қалыптасып қалғаны рас.

ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Жолындағысын жайпап өткен ағын су Ақмола облысының да ондаған елді мекенін басып, кейбірін күні бүгінге дейін сыртқы әлеммен қатынассыз, жарықсыз әрі сусыз қалдырған. Өңірде осыған дейін Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланған еді.