23 C
Алматы
Вторник, 21 июня, 2022

АРЫЗДАР АЯҚ АСТЫНДА ЖАТЫР

Ержан Байбатчаев деген азаматтың республикалық «Заң газетінен» көмек сұрап жүрегеніне үшінші жылға аяқ басты. Алматы және Алматы облысының полиция басқармасына арыз жазған Е.Байбатчаевтың бармаған жері, баспаған тауы жоқ.

Сеніміне қиянат жасап, адал малын қайтармай отырған күдіктілердің аты-жөні, тұрғылықты жері белгілі болғанына қарамастан, Алматы облысы Талғар ауданының полицейлері қылмыстық істі ашуға асығар емес. 2019 жылдан бері сергелдеңде жүрген Ержан Бегілдаұлының арызын БАҚ ретінде құзырлы орындарға жеткізуге тырысқанымыздан да ештеңе шықпады. Аудандық, облыстық ішкі істер басқармаларынан нәтиже болмаған соң Ішкі істер министрлігіне, Бас Прокуратураға хат жолдаған едік. Бәрінікі жаттанды жауап. Қол қойған адам басқа демесеңіз, келетін хаттың мәтіні бір. Жоғарыға жөнелткен хатымызға айналып келіп аудандық полиция бөлімі жауап береді. «Еститін Үкімет» және «Жаңа Қазақстан» деген осы ма? Шағымның жай-жапсары «Заң газетінің» 19 қараша, 2021 ж. № 92 санында «Генерал есеп білмей ме?» деген мақалада толық жазылған. Бұл жерде бірнеше заңсыздық анықталды: 1. Алматы облысы Талғар АПБ анықтаушысы Б.Жүніс істі әу бастан дұрыс дәрежелемеген. Арыз иесі Е.Байбатчаевтың 16 бас ірі қарасын сатып берем деп сенімге қиянат жасап алып кеткен М.Қамыспаевтың үстінен алаяқтық бойынша емес, ұрлық бойынша іс қозғаған. Онымен қоймай, анықтаушы Б.Жүніс істі соңына дейін жеткізбеген. Арызданушының сөзін тыңдамайды, дұрыс жауап бермейді. Екі жылдан бері «қылмыстық құрам жоқ» деп арызданушының телефонына СМС хабарлама жазудан шаршамай келеді. Осы істі Талғар ауданының прокуроры 7 рет бұзған, бірақ ешқандай тиісті бақылау жоқ. Ал полициядан әрекет жоқ. Аудандық полиция мен прокуратура хат жазып, жаттанды жауап беруден аспаған соң Алматы облыстық ПД бастығының атына сауал жолдаған едік. Онда: «Шағым қаралды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында М.Қамысбаев сізге тиесілі ірі қара малдың жартысын сатып, 1 230 000 теңгені қолхатпен қайтарған. Ал сатылмай қалған 5 бас мал М.Қамысбаевтан алынып, оған қолхатпен қалдырылды. Аталған малдың Сізге тиесілі екендігі анықталған соң, оларды алып кетуге болады» деген жауап келді. Қамысбаевтың сатып берем деп алып кеткені 16 бас. Оның бесеуінің ақшасын анықтаушының көмегімен ғана қайтарған. Ал қалған малдың ақысын әлі бермеген. Сонда «Ал сатылмай қалған 5 бас мал М.Қамысбаевтан алынып, оған қолхатпен қайтарылды. Аталған малдың Сізге тиесілі екендігі анықталған соң, оларды алып кетуге болады» дегенді қалай түсінуге болады? Бұл шындыққа мүлдем жанаспайды. Осы жауап хаттың өзі полиция қызметкерлерінің хаттарды толық оқымайтынын, арызға мән бермейтінін, өз қызметтеріне салғырттықпен немқұрайлы қарайтынын және жаттанды жауап беруді әдетке айналдырғанын көрсетпей ме? Шын мәнісінде жағдайдың қалай болғаны туралы Е.Байбатчаевтың Талғар аудандық полициясына 10.09.2021 жылы жазған қосымша арызында түсінікті етіп толық көрсеткен, яғни сатылмаған 11 бас малды М.Қамысбаев оған ескертпей, сыбайласы Біржан Ақпаевқа алдын ала сөз байласумен бірігіп пайда табамыз деп апарып берген. Ол болса малдарды өзіне иемденіп алып талан-таражға салған. Бұл жерде Е. Байбатчаев пен Б. Ақпаевтың арасында мал туралы ешқандай әңгіме де, келісім де мүлдем болмаған.

Сондықтан дау азаматтық-құқықтық сипатқа жатады деген жауап негізсіз. М.Қамысбаев пен Б.Ақпаевтың алаяқтық іс әрекеттері тайға таңба басқандай анық көрінеді. Бірақ бұл қосымша арыз полицияда тіркелгенімен, әлі жауапсыз жатыр. Оның үстіне, Е.Байбатчаевтың қолды болған малының үш жыл ішінде қаншаға көбейетінін есептеу қиын болмас.

2. Талғар ауданы прокуратурасымен 28.042017 жылғы №171962031001865 Е.Байбатчаевтың арызы бойынша тергеп-тексеру мерзімі үзілген қылмыстық іс сан рет бұзылып, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін аудандық полицияға жолданған. Төрт жылдан асса да әлі еш нәтиже жоқ. Осы ұрлық жөнінде ауыл тұрғыны Н.Тлеубаевтың да малдарын дәл сондай әдіспен ұрлағаны туралы 15.11.2021 жылы бірігіп жазған арызы Талғар аудандық полициясында тіркелген, бірақ ол да әлі күнге дейін еш нәтижесіз.

3. Бұдан бөлек Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында Е.Байбатчаевтың арызы бойынша М.Абыкешовке алаяқтық жасағаны үшін 24.04.2019 жылы №1975-3179 қозғалған қылмыстық істен де күні бүгінге дейін ешқандайда нәтиже де, жауап та жоқ.

4. Бұл аздай, Амиржанова Сажида Темирбайқызы Ержан Байбатчаевтан малыңды бағып береміз деген желеумен алдын ала жалақы ретінде 50 мың теңгесін алып, қашып кеткен. Бұл әйелдің де жеке басын анықтайтын деректер толық бар. Бірақ, қанша арызданса да Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция бөліміндегілер қылмыскерді іздегісі келмейді. Міне екі жылдан асты, алаяқ әйелді әлі таппаған. Ал ол әйелдің осы уақатқа дейін талай адамды алдап, алаяқтық жасап зар қақсатып жүрмегеніне кім кепіл? Е.Байбатчаев осы көрсетілген фактілер бойынша арыздардың қатаң бақылауға алынып, тиісті қызметтік тексерулер мен сотқа дейінгі тиісті тергеп-тексеру амалдары әлі де дұрыс жүргізілер деп үміттеніп отыр. Сонымен қатар, талай жыл сарсаңға түскен азамат құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірнеше заңсыз лас іс қимылына куә болғанын айтып, мәліметті өзіндік қауіпсіздік қызмеркерлерімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

А. САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости